Іс-шараларда бірінші әкімге емес, ақсақалдарға сөз беретін болдық – Нұрдәулет Қилыбай

Жарбол Кентұлы 05 окт. 2024 13:07 2756

Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай белгілі журналист Мейіржан Әлібекұлына сұхбат беріп, көкейде жүрген ой-пайымын ортаға салыпты. Осы ретте сол сұхбатты Dalanews.kz агенттігінің оқырмандарына қаз қалыпныда ұсынғанда жөн санадық.

 

Тілші Мейіржан Әлібекұлы (әрі қарай – тілші):

Нұрдәулет Игілікұлы, сіз мемлекет басшысының жарлығымен 17 мамыр күні Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалдыңыз. Содан бері 100 күннен аса уақыт өтіпті. Бұл кәсіби қабілетті көрсету үшін аз мерзім бе?

 

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай (әрі қарай Әкім):

- Аз мерзім деп айта алмаймын. Жүз күн емес 1 күннің өзі аз уақыт емес қазір. Заман зулап жатыр. Президентіміз тапсырма берді. Халық күтіп отыр нәтиже. Сондықтан ондай ой мүлде кіріп шыққан жоқ. Көп екен әлі уақыт бар деген түсінік мүлдем жоқ.

 

Тілші:

Босаңсуға болмайды дейсіз ғой?

 

Әкім:

Жоқ, әрине.

 

Тілші:

Жұмыс уақытыңыз нешеде басталады?

 

Әкім:

Мен күнделікті көлікті сағат 7:30 шақырып қоямын. Кейде 7:40, кейде 8:00 де үйден шығып кетемін. 8-де жұмыста боламыз. Ресми түрде жұмыс 9:00-да басталады. 8-де келіп, таңертең жұмыстастарымызбен бір ақылдасып, солай басталады жұмыс барысы.

 

Тілші:

21 мамыр күні Тоқаев сізді Ақордада қабылдады. Қобалжыдыңыз ба?

 

Әкім:

Майк Тайсон деген боксшыны білесіз ғой. Соның әйгілі Кас Д’Амато бапкері болды, тренері. Өмірден өтті. Сол кісінің мынадай сөзі бар. «Рингке шыққан боксшы, егер қобалжымадым десе не ол өтірікші, не есалаң» - деген. Сондықтан, әрине қобалжу болады. Ол өмірдегі мен үшін жаңа бастама. Ондай форматта кездесу алғашқы рет болып тұр. Алғашқы рет болмай күнде болса да қобалжу болатын сияқты. Себебі мен президентке кірдім.

 

Тілші:

Арада Ақорда да сол кезде бейресми диалог орнады ма?

 

Әкім:

Бейресми диалог болған жоқ. Барлығы жарты сағаттан астам уақыт па әлде 40 минут па қазір есімде жоқ. Мүмкін одан да көп те шығар. Бірақ барлығы сол Маңғыстау халқының өркендеуі, дамуы туралы, Маңғыстау жеріне инвестиция тарту, туризм бағыты, экономиканың қай саласы бойынша да тоқтап- тоқтап нақты тапсырмаларын берді. Бағытын берді. Сосын әрине сенім артқаннан кейін болу керек батасын да берді.

 

Тілші:

Осы уақыт ішінде команда жинап үлгердіңіз бе?

 

Әкім:

Енді команда деген не? Біз топ етіп аспаннан әкім болып түсе қалған жоқпыз. Әртүрлі жерде жұмыс жасадық. Әр жерде жұмыс жасап жүрген кезде өзім іріктеліп, іріктеліп қосылатын адамдар жаныңа қосыла береді. Ал ұятқа қалдырған, жерге қаратқан азаматтар олар жайлап шеңберден шығып кетеді. Ол факт.

 

Тілші:

Қандай қабілетіне қарап таңдайсыз, жалпы?

 

Әкім:

Әрине, іскерлік қабілеті.

 

Тілші:

Нұрдәулет Игілікұлы, Сізді «Асқар Маминнің күйеубаласы, лауазымыңыз сол кісінің арқасында өсті» деген ел аузында әңгіме жүріп жатыр. Соған қатысты бір нүктесін қойсаңыз? Солай ма шынымен әлде қате әңгіме ме?

 

Әкім:

Күйеубаласы деген әңгіме қайдан шықты? Теміржолда жұмыс істеп жүрген кезде Көлік министрі Әбілғазы Қалиақпарұлы деген ағамыз бар Құсайынов. Сол кісінің қабылдау бөлмесінде «сағат 3-те сізді министр күтіп отыр» деді. Барып едім, жаңа комитеттің төрағасы қызметін ұсынды. Содан әрине мен келістім. Содан процедуралардан өтесің, мемлекеттік қызметкерлер тапсыратын. Тест, экзамендерден өтесің дегендей. Кірісіп кеттім. Сол жақта жасап жүр едім. Өзімнің туған Бейнеуімнен бір таныс адам телефон соғады. Жаңа садақадан шықтық дейді. «Қабыл болсын дегенімде», «айтайын дегенім садақа емес, сол садақада ақсақалдар сені талқылады» дейді. «Бұл Игіліктің баласы қалай бастық болып кетті? Мүмкін емес. Яғни оның артында бір тіреуі бар. Кім екен деп қазбалап іздеп кетті?», деді.

Ол кезде Асқар Мамин деген әңгіме жоқ. Ол кезде Президент әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин деген кісі. Әрине біз ол кісіні танымаймыз. Тек телевизордан көргеніміз болмаса. Қазбалап, қазбалап келіп «мына Игіліктің туыстарының, айналасының бәрі ауылда, оларды білеміз дейді» де. «Мұның нағашысы кім еді?» деп қазбалап кетеді. Менің нағашыларым Ақтөбенің әлімдері. Сөйтіп алып келеді де «оның нағашысы Мусин болды. Сол көтеріп отырған деген» тұжырымға келеді ауыл ақсақалдары. Тағы да айта кетейін біз ол кісіні тек теледидардан көргеніміз болмаса, Ақтөбе деген өте үлкен ғой. Сөйтіп ақсақалдар солай шешеді. Сөйткенде мен Ұлттық комитеттен Маңғыстау теміржолына бастық болып келемін 2011 жылы. 2012 жылы баяғы комитетке қайта шақырып, екінші рет төраға болып келемін. Бірақ ол кезде Аслан Мусин деген азамат жоқ жұмыста. Кетіп қалған.  Есімде жоқ, мән де беріп жүрген жоқпын. Жаңағы ағам бір күні қайта соқты. Күліп отыр. «Не болды?» десем «қайта сені талқылап отыр» дейді. Мен айтамын «басқа шаруаларың жоқ па сендердің?» деп. «Жоқ Асылан Мусин кетіп қалды, мынау комитетке қайтадан төраға болып барды. Бұл сонда кім болғаны көтеріп отырған?». Нағашы жұртым жаңағыдай болды. Содан қайынжұртымды қазбалап кетеді. Біреу айтады «орта жүздің қызы болу керек» дейді. «Орта жүзден болса, теміржолдың бастығы – Асқар Ұзақбайұлы Мамин, ол да орта жүз. Яғни сол қайынағасы болып шықты. Сол көтерген» деген әңгіме шығып кетті. Сарыарқаның басында. Мен ол кісіні алғашқы рет сол жүзбе жүз «Қазақстан Теміржолы» ғимаратында кездескенбіз. Әрине. жұмыс барысында ол кісі басшымыз болды. Бірге жұмыс жасадық. Оған енді сөз жоқ. А бірақ күйеубала деген…

 

Тілші:

Қорытындылағанда ешқандай туыстық қарым-қатынас жоқ.

 

Әкім:

Қазақта 3 қайнаса сорпасы қосылмайтын дейді ғой. Солай.

 

Тілші:

Жүріңізші, сіз енді теміржолшысыз ғой. Бастаған ең алғашқы қызметіңізді айтып жатсыз. Мынау енді ел аумағы бойынша теміржол сізге таныс па?

 

Әкім:

Мен барлық станция, разъездерге бардым деп айта алмаймын. Себебі, теміржол 20 мың шақырымға жуық ұзындығы бар жол. Бірақ енді басым көпшілігіне теміржолда жүрген кезде барып өттік.

 

Тілші:

Жолсерік болып істедіңіз бе?

 

Әкім:

Жолсерік болып жасаған жоқпын. Мына жүк тасымалдау жағынан бастадым. Бірақ поезда көп жүрдім. Каникул кезінде Алматыдан Маңғыстауға дейін көп жүрдік біздер. 3 жарым тәулік. Ол кезде тіке пойыз болған жоқ. Естеріңізде шығар Ақтөбе қаласына дейін барады. Ақтөбеде вагондарды ағытып тастайды да келесі Ақтөбе - Маңғышлақ деген пойыз кетеді. Таңертең барады да ол пойыз кешке дейін Ақтөбеде жүретінбіз.

 

Тілші:

Ал енді теміржол саласына қазірде көңіліңіз тола ма?

 

Әкім:

«Су ішкен құдығыңа түкірме», дейді қазақ. Ол азаматтар да қолдарынан келгенін жасап жатқан болу керек. Бірақ енді кімнен жасырасың, вагондардың жағдайын білесіз. Енді жалпы жолдың жағдайына келетін болсақ, бізде Маңғыстау облысы 97%-ға қанағаттандырарлықтай. Автожолдың бізде жақсы жағдайы. Кейбір участоктер бар әлі де бітпей жатқан. Бәрін керемет деп тұрғаным жоқ. Бірақ автожолдың жағдайы жақсы. Енді теміржол өздеріңіз көріп жүрген теміржол. Қарапайым халық теміржолға жолаушылар тасымалына қарап береді ғой. Вагондардың ескілігі болмаса.

 

Тілші:

Жалпы сыйлық алғанды ұнатасыз ба?

 

Әкім:

Сыйлық алғанды ұнатпаймын біріншіден, екіншіден туған күніммен келіп құттықтағанды ұнатпаймын. Мақтап, асыра сілтеп ондайдан мен қашып жүремін. Сосын мына қазір әкімсің деп әкім болғаныңа қарап іс-шараларда алғашқы қылып сөз береді ғой. Ол практиканы мүлде алып тастадым. Қанша жерден әкім болсам да бірінші ақсақалдарды сөйлетемін. Себебі менің түсінігімде ол саған беріп жатқан алғысөз саған беріп жатқан жоқ, сенің атың аталғанмен бірінші сенің креслоңа беріп жатыр.

 

Тілші:

Мысалы Асхат Шахаров, Асайын Байханов, Серік Шапкенов сіздің үзеңгілестеріңіз, құрдастарыңыз десек те болады. Кеше жолдауда Шахаров екеуіңіз қатар отырдыңыздар. Жалпы бір-бірлеріңізбен ақылдасасыздар ма? Ақыл сұрайсыздар ма?

 

Әкім:

Ақыл сұраймыз. Кейде тәуліктің мерзіміне қарамай ақыл сұраймыз. Түнде соғып жатамыз бір-бірімізге. «Ана жерін сен қалай жасадың» дейміз, одан кішірейіп қалмаймыз. Болмаса олар соғып жатады «қалай жасадың?» деп.

 

 

Тілші:

Мысалы, дәл қазір хабарласа аласыз ба әкімдердің біреуіне?

 

Әкім:

Кімге соғайын?

 

Тілші:

Мәселен, Асхат Шахаровқа?

 

Әкім:

Жиналыс, бір нәрсесі болып қалмаса.

- Асеке, ассалаумағалейкүм.

-  Шүкір, шүкір. Сол азаматтар келіп, менен сұхбат алып жатыр. Ішінде бір сұрақ «әріптестеріңізбен араласып тұрасыз ба?» деген.

 

Тілші:

Асхат Берлешұлы, мен ғой Мейіржан Әлібекұлы. Сіздер құрдассыздар, жолдау кезінде де қатар отырдыңыздар. «Бір-біріңізбен жалпы ақылдасасыздар ма? Әкімдер арасында бақталастық бар ма?» деген сұрақ қоюым да.

Ақтөбе қаласының әкімі Шахаров Асхат Берлешұлы:

Әртүрлі жағдай болады. Әрине, әр өңірдің ерекшелігі бар. Бірақ дегенмен істеп жатқан жұмысымыз бір.  Сондықтан әрине біреуіміздің жетістігіміз болады. Біреуімізде керісінше кемшілігіміз шығып қалады. Соны қалай жасаймыз. Сондықтан бір- бірімізді толтырып, ақылдасқан жөн ғой.

 

Тілші:

Рақмет шынайы жауабыңызға.

 

Тілші:

Саясаткердің бойында қандай қасиеттер болу керек деп ойлайсыз?

 

Әкім:

Елге деген махаббат бірінші. Қалай болғанда да еліне, жеріне деген махаббаты болу керек. Қалғаны өзінен өзі шыға беретін дүниелер деп ойлаймын. Халыққа деген махаббаты.

 

Тілші:

Өмірде жалпы сізді не алаңдатады? Не толғандырады?

 

Әкім:

Мына әлеуметтік желі деген кейбір кісілерге өте жақсы инструмент болды. Кейбір кісілер бар жеке басының шаруасы болған кезде жекеме шығады. «Бауырым, Нұреке» дейді. Атымды айтады жасы үлкен болса. Ал тырнақтың астынан сәл кір көріп қалса әлеуметтік желіден жарқ етіп шыға келеді пост жазып. Олардың көбісі мына ер азаматтар.

 

Тілші:

Енді мына аудан әкімдерін тағайындайсыз ғой. Сол кезде Адайдың ақсақалдары араласып, шаруа сала ма? Мынаны қой, мынаны қойма деген сияқты.

 

Әкім:

Ел болғаннан кейін ақсақалы болады. Ақсақал болғаннан кейін оның да бір танысы болады. Болады, ұсыныс жасайды. Осы баланы қойып жіберсең дұрыс болатын еді деп. Тыңдау парызымыз, бірақ ол шешім қабылдана ма, қабылданбай ма ол екіталай нәрсе.

 

Тілші:

Енді жұмыс болған соң кемшіліктер болып тұрады. Жалпы сынды қалай қабылдай аласыз?

 

Әкім:

Сын болу керек егер әділ болса. Жақсы қабылдаймын сынды. Мысалы қазір мындай практика ұсыныс жасағанмын және сол іске асып келе жатыр. Бізде апараттық әртүрлі жиналыстар болады ғой. Әртүрлі саланың мәселелері бойынша талқылаулар болады. Баяндамашы баяндамасын жасайды. Бірақ өкінішке орай практикада қалай? Баяндамашы баяндаманы жасайды. «Сұрақ бар ма?» дейсің аудиторияға, әрине сұрақ көп болмайды да. Себебі әріптестер сол ұжым. Жақсы дейміз де хаттамаға қол қоямыз. Сомен жиналыс мәселесі талқыланды. Шешілген сияқты болып, қағаз жүзінде әдемі болып тұрады. Ол дұрыс емес. Қазіргі ұсынысым қай мәселе талқыланса қоғамда жүрген сол мәселенің критиктерін бе, болмаса жанашырларын ба, сол аудиторияға шақыру керек. Сосын тыңдаймыз оларды. Мысалы спорт мәселесі бойынша, бірінші рет солай өтті. Үлкен талқы болды. Тренерлерге емін-еркін сөйлеуге өтініш жасадық. Үлкен сынның астында қалды. Өте дұрыс сынның астында қалды. Параолимпиада да жүрген спортсмендердің тренерлері сөйледі. Былай спортсмендердің тренерлері сөйледі. Сын дұрыс егер әділ болса.

 

Тілші:

Жалпы енді пендеміз ғой. Ішкі шектеу бола ма?

 

Әкім:

Ағайындарымыз бар, туыстарымыз бар, таныстармыз бар. Той, садақаға шақырады. Біреудің қуанышы болып жатады. Бірақ өкінішке орай 95 пайызға деген бармаймыз. Себебі «мына жақта суың шешілмей жатса, мына жақта жолың шешілмей жатса тойда жүрген қалай болып кетеді?» деген оймен шектейміз. Болашақта зейнетке шығып жатсақ, ол қызықтарды көре жатармыз. Әзірге біз осы жұмыспен өмір сүріп жатырмыз. Өзіміздің жеке басымызға келгенде шектеу бар. Ағайынға, туысқа, отбасыға келген кезде шектеу көп. Көңіл бөлмейміз. Жасыратыны жоқ.

 

Тілші:

Маңғыстаудың мұнайы мен газының мынау ел экономикасына қосып жатқан үлесі қаншалықты?

 

Әкім:

Бірнеше мұнай мекемелері бар. Бұл «МаңғыстауМұнайГаз», «Қаражанбас», «Өзенмұнайгаз». Жалпы жылына 17 млн тонна мұнай шығарып отырмыз. Оның бір бөлігі ішкі нарыққа бензин, дизель деген бір бөлігі сыртқы экспортқа кетеді.

 

Тілші:

Мұнай кен-орындары қаншаға жетеді осындай бір болжам бар ма? Сарқылса не істейміз?

 

Әкім:

Оны Мейіржан дәл осы күні, осы жылы бітеді деп ешкім айта алмайды. Дей тұрғанмен расында да кейбір кен орындары ескірді. Бірақ ол жерде бір нәрсені ескеру керек. Ертелі-кеш, біз бұл мұнайдан кетеміз. Мысалы қазір интернетті алса, үлкен сым болатын еді. Қазір оны айтсақ жастар түсінбейді де. Қазір анау талшықтық оптикалық байланыс линиясы дейді. Соны саламыз. Бірақ болашақта ол да керек болмай қалады. Өйткені көптеген жаңа технологиялар шығып жатыр. Мұнайдан да дәл солай кететін шығармыз десек, кетеміз бұдан да. Себебі қазір Маңғыстауда басқа да отын түрлері шығып жатыр. Германияның инвестициялық компаниясы жасыл сутегі өндіретін зауыттың құрылысына кірісейін деп отыр. Ол үлкен әлемде 9 жерде жасалып жатқан болу керек. Мына біздің Маңғыстаудың табиғаты соған қолайлы екен. Жел бар, күн бар. Сол жобаға кірсек ертең болашақта кешегі АЭС деп жатыр ғой, оны да бекерден - бекер ғалымдар айтпаған шығар. Әлем соған кетіп жатыр. Біз әрине мұнайға тәуелді болып отыра бере алмаймыз. Қазір оны жасамасақ, ертең келесі ұрпақ, арғы ұрпақ бізгі нағілет, болмаса қарғыс айтатын шығар. Себебі кезінде соны жасамай кеттіңіздер деп. Мұнайдың бітетінін біле тұра, дайындалмадыңдар деп. Сол себептен қазірден бастап, дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ол бірінші өзіміз елдің бәріне көкірегімізді ұрып айтамыз Маңғыстау аспан астындағы мұражай дейміз. Теңіз мынау. Табиғат анау. Сұлу-сұлу жерлер бар. Бірақ біздер соны пайдаланбай отырмыз. Менің айтып тұрғаным туризм бағыты.

Туризм міндетті түрде Каспий теңізінің жағалауы емес, басқа да мысалы Араб елдеріне барсаңыздар біздің Бозжыра, Шерқала сияқты шатқалдар көп. Бірақ оның бәрін бизнеске айналдырып жіберген. Туристер ағылып келеді соған. Осы жылы да Димаш Құдайбергенов деген біздің әйгілі бауырымыз осында келді. Димаш қалай жасады? Бозжыраға барды, біздің әдемі жерлерге барды да сол жерлердің суреттерін инстаграм парақшасына жариялады. Енді оның концертіне әлемдік фанаттар келеді. Бір ғана мысал оның концертіне Канададан келейін деп жатқан билеттерін әуелі Ақтауға алып, Ақтаудан Бозжыраға соғып, Димаштың барып-жүрген жеріне содан кейін барып Астанаға ұшқан. Турист келді деген сөз әрбірі 500 доллардан қалдырып кетсе, әрбіреуі солай жиналады ғой. Димаштың Маңғыстауға тигізген пайдасы сол.

Маңғыстауда өздеріңіз білесіздер табиғи ауыз су жоқ. Біздер суға тәуелдіміз. Ата-бабамыз бұрын құдық қазып отырған. Жер астында тұщы сулар бар. Бірақ ол заманда адам саны басқа, қазір басқа. Мына өндірістік суды тұтынатын мекемелер жоқ. Сондықтан тоқтың суымен қанағаттандық қой. «ҚазМұнайГаз» Жаңаөзеннің аржағында Тоқмақ деген жер бар. Сол жерде 50 мың кубтық зауыт салып жатыр. Ол қазір үлкен қарқынмен жүруде, содан кейін барып, мына МАЭК-тің ішінде де 24 мың қосымша құрылғылар қоюымыз керек. Енді ол адам шоғырланған қалалық жер, қаланың айналасындағы елдімекендерді айтып жатырмыз. Ал мына Ақтаудан алыстау жатқан аудандар, ауылдар бар. Ол жерде су мәселесі әлі шешілмеген бүгінгі таңға дейін. Әлі сол жер астындағы құдықтан алып отыр. Ол ішуге енді жалпы келеді. Бірақ толық тап-таза деп айта алмаймыз. Себебі онда құрамында аздап тұз бар. Соны тұшыту керек.

 

Тілші:

Иә, Шаһар әдемі екен. Енді келесі жылы Ақтау қаласы - Түркі әлемінің астанасы болып бекітілді. Осыған байланысты қандай жоспарларыңыз бар?

 

Әкім:

Жұмыс жасалып жатыр, үлкен қарқынмен. Бұл жерде басты мәселе қазақтың дәстүрі паш ету. Біздің бағымызға орай осы Ақтау қаласы сайланды, таңдалды. Ол жерде жерде әртүрлі бағытта болады, спорт, ақындар айтысы, әртүрлі қолөнер шеберлері деген сияқты. Қай-қай бағытта да біз паш етуіміз керек өзімізді.

 

Тілші:

Енді Ақтау қаласы ірі мегаполиске айналуы үшін не істелуі керек?

 

Әкім:

Біріншіден, туризм. Өзі сұранып тұр міне, көріп тұрсыздар. Мысалы басқа мемлекеттерде дамыған мемлекеттерде мынадай болып тұрмайды. Ол жерлерде қайнап жатады тіршілік. Бізде өкінішке орай енді-енді тәй-тәй басып келе жатқан сала. Туризмді дамыту керек, сосын инфрақұрылыммен, сумен, газбен, тоқпен қамтамасыз ету керек. Қалған бизнес өздері алып кетеді.

 

Тілші:

Курортты қалаға айналдыру үшін не жетіспейді?

 

Әкім:

Курортты қалға айналдыру үшін жобамен жарты жылдан кейін кездесейік. Мен сізге айтып беремін не істегендерімізді. Қазір жобалар жасақталып жатыр. Жағдай жасау керек болды. Бұл жерде Мейіржан былай, бір ғана формула инвесторға мүмкіндік жасау керек, кедергі келтірмеу керек болды.

 

Тілші:

Маңғыстаудың шұбатына қызығатындар көп. Оны қалай татымды қылуға болады? Қалай дамытуға болады?

 

Әкім:

Қазақстанның ішінде көп деп айта алмаймын, бірақ шетелдіктерден көп. Олар шұбаттай ішпейді витамин жасайды, басқа бағытта қолданады. Денсаулық бағытында. Енді біз Қытаймен жұмыс бастап кеттік. Екі жобамыз әзірленіп жатыр Шетпе деген жерде. Жүріп кетсе енді біріншісі, Наурызға дейін бір жағына шығарамыз деген үміттемін. Шет елге шығару керек экспорттан.

 

Тілші:

Каспий теңізінің жағасында ірі туристік орталықтар салуға мүмкіндік бар ма?

 

Әкім:

Бар. Көзіңіз жетсе «Риксос» тұр. Мысалы, тек қана қонақүйлерден бізге 11 миллиард салық түседі. Ол әлі аз. Одан еселеп көп болу керек.

 

Тілші:

Нұрдәулет Игілікұлы Маңғыстау өңірі демографиялық көрсеткіші бойынша жоғары екен иә қазір. Халық саны қанша? 

 

Әкім:

800 мыңға барды.

 

Тілші:

«Таза Қазақстан» акциясы қалай жүріп жатыр?

 

Әкім:

Бұл президентіміздің инициативасы. Тек қаланың іші емес, теңіз жағалауын да қамтуға тырысып жатырмыз. Жақсы. Халықтың да құштарлығы жақсы. Әрине өз үйінің таза болғанын кім жаман көреді. Сондықтан біз мезгіл-мезгілмен қалаға, жағалауға шығып тұрмыз. Өткенде тіптен өзім таң қалғаным тіпті сүңгуірлер да кірісіп кетті су астын тазалауға. Сол жері әрине қуантады. Жаңаөзенде жақсы өтіп жатыр, Ақтауда жақсы өтіп жатыр. Аудандарда жақсы өтіп жатып.

 

Тілші:

Соңғы сауалым болашақта Маңғыстауды қалай елестетесіз?

 

Әкім:

Әр әкімнің, әр тұрғынның арманы шығар Маңғыстау облысы Қазақстанның ең бірінші, жоғарғы деңгейіне, жастары бәсекелестікке сай, технологиясы дамыған өңір ретінде елестетемін. Бұл менің арманым.


Рекомендовать
Последние новости