“Қоқан-лоқыға қарамадым”. Базарбек генерал Новиковтың жерін мемлекетке қалай қайтарғанын айтты

Қаракөз Амантай 13 июн. 2025 17:20

Алматы маңындағы 848 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұған қатысты нақты шешімді кеше Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы шығарды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты әрі жер қатынастары жөніндегі маман Бақытжан Базарбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, бұл жерлер генерал-майор, Алматының экс-әкімінің көмекшісі Павел Новиковтың иелігінде болған.

“Атақты генерал Новиковтың Алматыдағы тау бөктеріндегі жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Кеше Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы бірінші инстанция сотының шешімін өзгеріссіз қалдырып, Алматы қаласы прокуратурасының талап-арызын толық көлемде қанағаттандырды.

2023 жылы Парламент Мәжілісінің мінберінен мен Алматы қаласы, Бостандық ауданында, таудың бөктерінде, Іле Алатау ұлттық саябағының қорғау аймағында заңсыз түрде 2004 жылы жекеменшікке өтіп кеткен 848 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы талап қойып, Бас прокуратура мен Алматы қаласының прокуратурасына депутаттық сауал жолдаған едім. Осыған сәйкес Бас прокуратура сауалды Алматы қаласының прокуратурасына жолдады. Нәтижесінде 2023–2024 жылдар аралығында тиісті жұмыстар жүргізіліп, Жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесіп, прокурорлық тексеру ұйымдастырылды”, — дейді ол.

Айтуынша, Новиков жер телімдерін 2004 жылы “Халықаралық клубтар қауымдастығы” ЖШС арқылы иеленген.

“Тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды. Жер кодексі мен Су кодексінің баптары қатаң түрде бұзылған. Нақтырақ айтқанда, 2004 жылдың 17 маусымында Қарасай ауданы әкімдігінің №6957 қаулысы негізінде және 2004 жылдың 1 шілдесіндегі №37009 сатып алу-сату шарты бойынша аталған тау бөктеріндегі 848 гектар жер “Халықаралық клубтар қауымдастығы” ЖШС-нің жеке меншігіне өткен. Бұл жердің нысаналы мақсаты – ауыл шаруашылығы мақсатындағы тауарлы өндіріс болған”, — дейді ол.

Базарбектің сөзінше, уақыт өте бұл жерлер бірнеше бөлікке бөлініп, ортақ кадастрлық нөмірмен тіркелген.

“2014 жылы бұл жер Алматы қаласының шекарасына өтті. Кейін бұл 822 гектар жерге 20313061080 деген ортақ кадастрлық нөмір беріліп, одан әрі 16 бөлікке бөлінген. Яғни, 20313060156 кадастрлық нөмірден бастап 171-ші нөмірге дейін 16 жеке учаскеге айналған.

Прокуратураның басты талап-арызы — бұл жерлер су қорының аумағына жатады және Жер кодексі мен Су кодексінің талаптарына сәйкес мұндай жерлер жеке меншікке берілмеуі тиіс. Себебі олар тек мемлекет меншігінде болуы керек. Ал бұл учаскеде Кереңқұлақ және Берқара секілді өзендер ағып жатыр. Бұл өзендердің жеке меншікке өтіп кетуі — заңнама нормаларының өрескел бұзылуы”, — деп қосты ол.

Сот шешімі күшіне енген соң, Іле Алатауы бөктеріндегі көлемді аумақ қайтадан мемлекеттік меншікке өтті.

“Алматы қаласы прокуратурасы осы негізде талап-арыз беріп, бірінші инстанция соты бұл талапты толығымен қанағаттандырды. Күні кеше қалалық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы да бұл шешімді күшінде қалдырды. Яғни, Новиковтың иелігіндегі 848 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Мен бұл жердің заңсыз екенін генерал Новиковтің өзіне кезінде ескерткен едім. Оны тексеретінімізді де айттым. Осыған байланысты түрлі қоқан-лоқыға ұшырадым. Алайда бүгінде әлеуметтік әділет салтанат құрды”, — деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бүгін Алматы іргесінде Ахметжан Есімовтің экс-көмекшісіне тиесілі жерлер мемлекетке қайтарылғаны туралы жазған едік.

Генерал-майор, отставкадағы әскери және Алматы әкімі Ахметжан Есімовтің бұрынғы көмекшісі Павел Новиков Алматының тауға жақын аймағынан ірі жер телімдеріне иелік еткен.

Бұл учаскелерді ол өзіне қарасты «Халықаралық клубтар қауымдастығы» ЖШС арқылы иеленген. Енді сот шешімімен бұл жерлер мемлекеттік меншікке қайтарылды.

Әңгіме 2004 жылы 25 миллион теңгеге жекеменшікке рәсімделген 840 гектар жер туралы болып отыр. Алайда прокуратура аталған учаскелер су қорына жататынын және олардың жекешелендірілуі заңсыз жүргізілгенін анықтады.

Бүгінде бұл жерлердің нарықтық құны – 54 миллиард теңге.

Аталған аумақтың бір бөлігі (шамамен 100 гектар) алма мен алмұрт өсіруге пайдаланылған, ал қалған бөлігі бос жатқан.

Компания бұл істі бірнеше мәрте даулауға және тіпті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінуге тырысқанымен, сот прокуратураның талабын қолдады.


Рекомендовать
Последние новости