"Ескі Қазақстанның" Дубайдағы мүлкі: ҚМА тергеуді қашан бастайды?

Көркем Алдабергенова 12 июн. 2025 17:21

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов БАӘ-де қазақстандық элита өкілдерінің қымбат мүліктерінің шығу тегін тексеру мәселесі қандай жағдайда қолға алынатынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астанада өткен ғылыми конференцияда журналистердің сауалдарына жауап берген Жеңіс Елемесов аталған мүліктердің заңсыз жолмен алынғаны туралы құзырлы органдар ресми қорытынды берсе, агенттік бұл істі қолға алуға дайын екенін жеткізді.

"Иә, әрине, біз бұл мәселеге қызығушылық танытамыз. Егер осы активтердің қылмыстық жолмен алынғаны туралы нақты деректеріңіз болса, бізге ұсынуға болады. Алайда біз қандай да бір тексеріс жүргізетін орган емеспіз. Бұл – арнайы уәкілетті органдардың құзырындағы іс. Олар тексеріс жүргізіп, тиісті қорытынды немесе актілер әзірлейді, кейін бұл құжаттарды құқық қорғау органдарына жолдайды.

Егер бізге осындай қорытынды немесе актілер келіп түссе, біз міндетті түрде құқықтық баға беріп, процессуалдық шешім қабылдаймыз", – деді ол.

Жеңіс Елемесовтің айтуынша, екінші бір жол – қаржылық мониторинг субъектілері арқылы жұмыс істеу. Оның сөзінше, күн сайын жүргізілетін барлық транзакциялар бақылауда, егер олар шекті сомадан асып кетсе немесе күмәнді сипатқа ие болса, бұл ақпарат агенттікке беріледі. Агенттік осы мәліметтерді терең талдаудан өткізеді.

Еске салайық, бұған дейін журналистер #DubaiUnlocked жаһандық зерттеуінің нәтижелерін жариялаған болатын. Онда Қазақстанның бірқатар бұрынғы шенеуніктері мен жоғары лауазымды тұлғалары Дубайда қымбат жылжымайтын мүлікке ие екені көрсетілген. Кейбір пәтерлер олардың балаларының атына тіркелген.

Аталған зерттеуде Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші әйелі Асель Құрманбаева, Қайрат Сатыбалды, бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ұлы, бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің ұлы және тағы басқа тұлғалар аталған.


Рекомендовать
Последние новости