Философ: "Айтыс – артта қалған өнер"

Dalanews 10 февр. 2017 09:16 1135

Философ Қанағат Жүкешев «Жұлдыздар отбасы» журналына әдебиет, өнер туралы ойларымен бөлісіпті. Әр мақаласы қоғамды бей-жай қалдырмайтын тұлғаның сұхбатын қысқартып ұсынғанды жөн көрдік.

 – Қанағат мырза, сіз бір мақалаңызда «60-шы жылдардағы қазақ жазушылары кеңестік идеологияға қызмет етті» деген пікірді айтасыз. Ал қазіргі әдеби процесті бақылап отырасыз ба?

[caption id="attachment_23625" align="alignright" width="183"] Қанағат Жүкешев[/caption]

Әрине, қазіргі әдебиеттің жайын, қай бағытқа маңып бара жатқанын бақылап отырамын. Тақырыптық бағдарлары мен көтеріп жүрген идеяларына көңіл аударамын. Жалпы, бізде өткен ғасырдың 60-70 жылдары бағдарға алынған нысаналар, идеялар сақталып отыр. Кеңес кезіндегі «алпысыншыжылдықтардың» көркем әдебиет арқылы халықтың санасына сіңірмек идеясы – қазақтарды әлеуметтік артта қалған ортадан – ауылдан шығармау, қалаға жібермеу бағытын таңдауымен, әдебиетке ғана емес, жалпы мәдениетке, ұлттың саяси-әлеуметтік прогресіне тосқауыл қойды. Жазғандарының бәрінде негізгі желі ретінде қаланың көлеңкелі жақтарының фонында ауылды идеалдауды ұстану, жастарды ауылдан кетпеуге, қалаға қоныс аудармауға үгіттеу, шығармаларын өркениеттен қашу идеясын қазақ атаулының санасына сіңіруге бағыштау әлі жойылып кеткен жоқ. Дегенмен, жаңашылдық та бар екеніне көзжұмбайлықпен қарауға болмайды.

Қазіргі қазақтардың алдынан көлденеңдеген бар қырсықтың төркіні біреу-ақ. Бәрі халықтың өркениет дамуының аграрлы басқышында қалып қоюынан болып отыр. Индустриялы қоғамға бейімделе алмаған ауыл адамы түктің жөнін білмей, басын тауға да, тасқа да ұрып, адасып жүр. Істеп жүргенінің бәрі қате.

Қазір қазақтардың тең жартысы қалаға келді. Алайда, ол адамдар қалаға келе салып дүниетанымдары өзгере қалмады. Жаңа ортаға бейімделе алмау дертіне ұшырады. Егер адам ауылда туып-өссе, мектепті сонда бітірсе, ол ешқашанда қалалық бола алмайды. Ауылдың менталитетін өзімен бірге алып келеді, сонымен өмір сүре береді. Бұл – кінәлау емес, әлеуметтік-психологиялық қағида. Педагогикада сензитивтік жас деген бар. Ол адамның 12 жасқа дейін алған тәрбиесі мен білімінің одан кейінгі дүниетанымының кеңеюіне старттық жағдай жасайтынын білдіреді. Бастауыш мектептен кейін адамдардың көпшілігі дүниетанымдық бағытын өзгерте алмайды. «Мен қайда кетіп барамын? Мектептен қандай білім, отбасынан қандай тәрбие алдым? Менің дүниетанымым мен мына өмір шынайылығының арасындағы алшақтық неде?» деген сұрақтарды өзіне қоя алатын, өзінің бейімделе алмау дертін көре білетін, осыны ескере отырып, өзгере алатын адамдар ондаған мыңның арасынан бірнешеу ғана ұшырасуы мүмкін.

Мен француз тарихшысы Л. Феврдің «зиялы адам барлық формацияның адамы бола білуі керек» дегенін жиі еске түсіремін. Міне, мәселе қайда жатыр. Біз кеңестік ауылда тудық, сонда өстік, кеңестік білім алдық. Ал қазір тәуелсіз елдің мегаполисінде тұрамыз. Енді мемлекеттің қожасы екенімізді сезу керек-қой. Мынау қала, өндіріс, зауыт-фабрика, банктер кімдікі, олардың түсімін кім, қайда талап әкетіп жатыр? Биліктің ындыны нені көздейді? Ондайлармен ісіміз жоқ. Сол ауылға қашу, туыстар туралы ән салу, әлдекімді сағынып зар илеу, той мен хатым,.. қалаға келіп алған қазақтар да санасын билеген осы ұғымдардың жетегінен шыға алар емес.

Аграрлық санамен, менталитетпен индустриялы қоғамның проблемасын шешу мүмкін емес. Қазақтардың билікке қарап, алақан жайып, зарлап, еңіреп жүріп, бәрін сұрап алғысы келетінінің себебі осында жатыр.

– Ұлт ретіндегі қазіргі қазақтың алдында тұрған басты мәселе неде деп ойлайсыз?

Аграрлы қоғамнан индустриялы қоғамға өтуде. Дамыған елдердің бәрі индустриялы даму басқышына өтіп кетті. Кейбір жоғары дамыған елдер постиндустриялы қоғамда өмір сүріп жатыр. Ал біз бір аяғымыз аграрлы қоғамда, екінші аяғымызбен индустриялы қоғамның табалдырығын ғана аттағалы тұрмыз. Демек, индустриялы басқыштағы азаматтық қоғамға бейімделу керек. Сонда халық өзінің тағдырын өзінің қолына алатын болады. Халықтың ұлт ретінде қалыптасуы тауар-ақша қатынастары орныққан, дамудың индустриялы басқышына өткен елдерде, азаматтық және құқықтық қоғам орнату үдерісінде жүзеге асатыны белгілі.

– «Ауылым – алтын бесігім» деген пафосты тастап, жазармандар қандай тақырыпқа қалам тербеу керек?

Қала адамының менталитеті, өмірі, мақсаттары мен армандары көркем әдебиеттен сипат алуы керек. Бұл тақырып ауыл адамының қалаға қарсы, жеккөрінішті көзімен емес, қала адамының шынайы жан әлеміне үңіле білу деңгейінде ашылуы керек.

Кеңес кезінде қазақ жазушыларының алдына өндіріс тақырыбына шығарма жазу міндеті үнемі қойылып отырды. Бірақ, қаламгерлер ол міндетті орындай алмады. Оның екі себебі болды. Біріншісі – қала өнеркәсібі, өндіріс, технология, ғылым – қазақ жазушыларының төл стихиясы емес еді. Екіншіден, бұл бастысы, қазақ тілінде индустриялы қоғам адамының лингвемасы қалыптаспаған болатын.

Қазір де солай, осы екі себепті ескере отырып, былай қорытынды жасауға болады. Қазақ тілі индустриялы қоғамның әдеби тілі ретінде орнықпайынша, бұл тілде индустриялы басқыштағы азаматтық қоғам өкілінің бейнесі жасалмайды. Демек, таяудағы онжылдықтарда қазақ әдебиеті мен өнері тоқыраудан сытылып шыға алмайды.

Иә, қазіргі адамдардың жан әлемінде қайшылық көп. Қала адамының менталитетінде жалпылдап сырласа кетпейтін тұйықтық, индвидуализм, прагматизм басым болады. Осылардың бәрі ауылдан келген жазушыға ұнамайды. Бірақ, ондай «кемшіліктердің» алдыңғы қатарлы қоғам адамдарының бәріне тән екендігін естен шығармау керек. Түптеп келгенде, қазақ жазушысы осындай «жағымсыз» деп санайтын қасиеттердің астарынан қалалықтардың адами сапалық қасиеттерін, отаншылдығын көре білуі керек. Бала кезден құлағымызға құйып тасталған «ауылда ет бар, қаймақ бар, қалалықтар нанды сатып жейді» деген кінәлаудың құйрығынан ұстап алып, қайткенде қазақты өркениетке қостырмауды көздеген шығармалар жазудан кескін бас тарту керек.

Осы идеяны мен 1984 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Қалаға неге қырын қараймыз?» деген алғашқы мақаламда көтерген едім. Сол идеям үшін жазушы біткен жабылып мені жерден алып, жерге салып, жыл бойы сілікпемді шығарған болатын. Бұдан кейін де тоқтап қалмай, осы тақырыпты жалғастырып, бір талай материал жаздым. Олар «Жұлдызда», «Қазақ альманахында», т. б. басылымдарда жарияланды. Жыл өткен сайын менің қалашыл идеяма қарсылық азая берді. Қазір мен қазақ жазушыларының небәрі 30 жылдың ішінде қазақты ауылдан шығармау, қалаға келтірмеу бағытының теріс екенін, ұлттық прогресті қаладан іздеу керек екенін түсініп алған алғырлығына риза екенімді бідіре кеткім келеді.

Ал қазір шетел жазушылары не жазып жатыр? Оларды оқисыз ба?

Шет ел көп. Олардың жазушылары одан да көп. Бәрінің шығармаларын оқып тауысу мүмкін емес, керек те емес. Ал олардың арасынан жалпы адамзаттық мәселелерді көтерген, аса маңыздыларын, біз үшін де рухани пайдалыларын қадағалап отыру қажет. Нағыз философ адамға, жалпы дамуға, маңызды қоғамдық құбылыстарға қатысты сөз болғанда, «менің ол түйеде жүгім жоқ» деп айта алмайды.

Жыл сайын бірер апта демалуға барғанда оқымасқа болмайды деген, кең танымал авторлардың шығармаларын көтергенімше ала кететін әдетім бар. Шетелдіктер де түптеп келгенде адамды, қоғамды жазады, қазіргі заманның өзекті мәселелерін қозғайды. Рэй Брэдбери, Герман Гессе, Джордж Оруэлл – бұларды қазіргі дүниежүзі әдебиетінің классиктері деуге болады.

Ағылшын Олдос Хаксли «О дивный новый мир» атты шығармасында алдағы ғасырлардағы мүмкін болар «идеал қоғамды» сипаттаған. Ол шығармада әйелдер бала көтермейді, баланы тірідей таппайды. Гендік инженерияның жетістігіне сүйеніп, технологиямен дүниеге келген ұрпақ касталарға бөлініп тасталады. Осындай адамды пробиркада өсіруге көшкенде өркениеттің жағдайы не болмақ? Біз қайда кетіп бара жатырмыз? Адамға тән сезімдер қайда қалады? Махаббат, арман, адамгершілік дегендер қайда қалмақ? Міне, автор осындай сұрақтарға жауап іздейді. Мұның адамзаттың моральдық абрисін жаман жаққа өзгертіп жіберу мүмкіндігіне алаңдайды.

П. Коэльо «Алхимик» романында қарапайым идея арқылы үлкен философиялық ой туындатады. Онда бір бейшара адам сипатталады. Ол қолымнан еш нәрсе келмейді деп ойлайды. Бірде базарға бір нәрсені сатуға алып барады. Одан мардымсыз болса да пайда көреді. Содан кейін ол тіршілігін жандандыра бастайды. Ақыры бір кәсіпке жармасады. Екінші, үшінші кәсіптің көзін табады. Арада ондаған жыл өткенде бәрін білетін және өзінде бәрі бар адам болып шығады. Сонда автордың ұсынып отырған идеясы «сен баста» дейді. Кедеймін, бақытсызбын деп отыра берме. Қолыңнан келетін кез келген іспен айналыс. Алдыңа мақсат қой да, оған жету үшін әрекет ет. Әрекетті бастасаң. бүкіл әлем саған көмектеседі.

Адамның дүниетанымын өзгертіп, нақты әрекетке жетелейтін осындай идеяны басқа түскенін зарлап айтып, омалып отыра бергенді ғана білетін біздің қазақтардың санасына сіңіру керек-ақ. Ал біздің адамдар «бізден не шығады?», «менің дауыс бергеніме не қарап тұр?», «біздің сөзімізге құлақ асып жатқан кім бар?» деп отыра береді. Алақан жайып сұрауды ғана біледі. Өз бастарына қара аспанды төндіріп, әрекетсіз отыра береді.

Батыс әдебиетінде адамдарды алға жетелейтін, ой салатын шығармалар көп. Кітап оқылмай жатыр деген – қате түсінік. Кітап оқылып жатыр. Керемет тамаша кітаптар да жазылуда. Олардың арасында кең таралып, қолдан-қолға өтіп жатқан шығарамалар аз емес.

Біздің қаламгерлер от басының, ошақ қасының оқиғаларын тізіп, бақташының кейпін сомдап болды-ғой. Енді индустриалды қоғам адамының бейнесін сипаттайтын кез келді. Бірақ, қазақ тілінің тоқырауына байланысты қазақ ойы мен идеясының тоқырау шағына тап болып отырмыз. Қазір әдебиет толық тығырыққа тірелді.

– О. Сүлейменов: «XX ғасырда біз ұлы оқырман қалыптастырдық» дейді. Менімше, қазір сол оқырмандар айтыстың көрерменіне айналып кеткен сияқты. Сіздің ше осы айтысты өзіңіз жиі айтатын классикалық өнерге жатқызуға бола ма?

О. Сүлейменов: «XX ғасырда біз ұлы оқырман қалыптастырдық» деуімен қоса, «сол ұлы оқырманды жоғалтып алдық» деп те қынжылған болатын.

Шынайылығында, мен оқырман жоғалған жоқ, оған ұсынатын татымды кітап жоғалды дер едім. Жазушы оқырманға заманауи өмір шындығын бейнелеп бере алатын шығарма ұсына алмағанда, оқырманның табылған ермекке ауысып кетуі заңды. Қазақ зиялы қауымы бұқараға айтыстан басқа не ұсынып отыр?

Айтыс – кеңістікте таралуы тұйықталған (тек ауылда), уақыт шеңберінде кезеңдік (тек аграрлы басқышта) таралатын, өміршеңдігі жағынан заманауи адамның рухани талабын қанағаттандыра алмайтын, сүйретіліп келе жатқан өнерге айналды. Айтысты тамашалау үшін уақыт керек. Қаладағы қарбалас өмір күні бойы айтыскерлердің сайысын тыңдауға мұрша бермейді. «Айтыс қалада да өтіп жатыр ғой» деген уәж табылары анық. Бірақ шаһарларда айтысқа баратындар – кеше ғана ауылдан келген ағайындар.

Мен айтыстың дамуына қарсы емеспін, егер ол индустриалды өмірдің шындығын аша алатын болса. Ең бастысы, ол келер ұрпақтың санасына жететін болса. Жарайды, айтысты сен тыңдайсың, мен тыңдаймын. Ал балаларымыз бен немерелеріміз оны қабылдамаса, одан не қайыр?

Аграрлы қоғамдағы өнер индустриалды қоғамда өмір сүру үшін, жаңа жағдайға бейімделуі, дәуір адамын өзіне тартатындай, оның жан әлемін баурап алатындай болуы керек. Айтыс жаңа заманға бейімделе алмай отыр.

Сұхбаттасқан Қанат ТІЛЕУХАН,


                                                                     «Жұлдыздар отбасы» журналы


Рекомендовать
Последние новости