Freedom Finance сауда платформасының жұмысындағы техникалық ақау дүйсенбіде Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық көлеміне айтарлықтай әсер етті. Сауда алаңының деректеріне сәйкес, акциялармен жасалған сауда көлемі 552 млн теңгеден 271 млн теңгеге дейін екі есеге төмендеп кеткен. Сондай-ақ бағалы қағаздар сегментінде де айтарлықтай құлдырау байқалады: сауда көлемі - 238 млн теңге, ал өткен аптаның соңғы сауда күнінде бұл көлем 6,1 млрд теңгені құраған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстандық OD Consulting компаниясының басқарушы серіктесі Арман Батаев мұндай динамиканы нарықтағы ең ірі ойыншылардың бірінің қор биржасында болмауымен тікелей байланыстырады. Ол бұл туралы өзінің Telegram арнасында былай деп жазды:
"Жалпы, бұл компанияның өзі Қазақстандағы ең ірі брокер болып табылады. Ол нарықтың 70%-ын қамтиды".
Айта кетсек, 28 сәуірде Freedom Broker қосымшасы мен компанияның сайты аяқ-асты істен шықты. Freedom компаниясы өздерінде кең көлемді техникалық ақау орын алғанын растады. Тұтынушыларын сабырға шақырған компания ертең таңертеңге дейін жағдай реттелетінін айтып, техникалық бағытта жұмыстар жүргізіп жатқандарын жеткізген.
Бұл келеңсіз жайт брокердің инфрақұрылымына, соның ішінде "инвестициялық карталарға" да әсер етті. Бір сөзбен айтқанда, қосымшалар мен сайттар істен шығып, онлайн сауда-саттық да қолжетімсіз қалды. Оның үстіне брокерлік қызметтер мен инвестициялық карталар бойынша жұмыстарда да ақаулар бар. Бұл жағдайға қатысты Freedom Holding Corp. CEO-сы Тимур Тұрлов мәлімдеме жасады.
"Ертеңге дейін сауда-саттық қолжетімсіз болады. Freedom Broker сауда платформасы ядросындағы ақпаратты өңдеу орталығына жауапты маңызды бір жабдық "өліп тынған". Бұл жағдай жексенбіде болған. Резервтік серверге көшу кезінде георезервтік орталықта да ірі ақау орын алды. Қазір инфрақұрылымды бэкап арқылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның барлығы уақытта алады. Ақаулыққа байланысты толықтай тергеу жүргізілді. Сондықтан таңертеңге дейін бұл мәселені шешетін боламыз. Ең бастысы, тұтынушылар мәліметтері зардап шеккен жоқ, жазылған есептер мен ішкі жүйедегілер сақтаулы", деп жазды ол кеше кешкісін Thrеаds-тағы парақшасында.
Ал бұл ақаулық биржадағы FRHC құнына еш кері әсер етпеген, керісінше ол 1.98%-ға өскен.
Әзірге, Freedom Broker жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұл ретте Турлов: "Қалыпқа келтіру жұмыстары әлі жүріп жатыр: қат-қабатымен. Қанша қаласақ та үлгермей жатырмыз, қазіргі басты мақсат - америкалық сессияның ашылуына дайын болу. Бүкіл күш сол бағытқа жұмылдырылған, ал қалғанын содан кейін міндетті түрде реттейміз" деп жазды бүгін желіде.