Қазақстандағы банк конгламераттары жедел іріленуде. Halyk – Altyn bank, Kaspi – Alatau City альянстарының қатарына жақында Forte – Home Credit группировкасы қосылды. Енді Тимур Турловтың Freedom жүйесі мен Бақтияр Бәйсейітовтың ЦентрКредит тобы да осы бәйгеден қалғысы келмейді. Оларға активтерін кәдімгідей арттыра алатын бір ғана қаржы институты бар. Ол – "Еуразиялық банк", деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қосымша банк сатып алып үлгермеген екі олигарх Еуразия тобын жағалап жүр. Келіссөздердегі басты проблема – Еуразиялық банктің үш тең акционері арасында өзара бітім жоқ. Шодиев пен Машкевич тарапы банкті жақсы сомаға сатып, сектордан кеткісі келеді. Ал оған үшінші акционер Шухрат Ибрагимов келіспей отыр", - дейді, DALA INSIDE дереккөзі.
Шухрат Ибрагимов Еуразиялық банкті мүлде сатқысы келмей ме, әлде оған ұсынылған баға ұнамай отыр ма? Және бұл банктің әділ бағасы қанша?
2024 жылдың қорытындысы бойынша банк капиталы 399 миллиард теңгеге жетер-жетпес болып тұрды. Активтері 3,1 триллион теңгеден асты. Міндеттемелері 2,7 триллион теңгені құрады. Жылына орта есеппен банк 80 миллиард теңге таза кіріс алады. Мемлекетке 150 миллиард теңге қарызы бар. Сонда гудвилын қоса алғанда Еуразиялық банк кем дегенде 1 миллиард доллар тұруы тиіс. Бірақ оны үш акционерге бөлсек, әрқайсысына 300 миллион доллардан астам сома шығып тұр.
"Олигархтар 2 миллиард доллар ұсынса Еуразиялық банкті келістіруге болатын сыңайлы. Бірақ оған Турлов пен Бәйсейітовтың басы бос ақшасы жоқ. Мысалы, Forte тобы Home Credit банкін шамамен 1 миллиард долларға сатып алды. Ол кезде Home Credit меншікті капиталы 200 миллиард теіге болып тұрған. Сондықтан көп дегенде Еуразиялық банк акционерлеріне 800 миллиард теңге ұсынылуы мүмкін", - дейді, дереккөз.
Егер Еуразиялық банк сатылмай қойса, онда резервті тізімде Нұрбанк бар. Өз бизнес-моделін нақтылай алмаған бұл қаржы институтына нарықтың қолайлы шағында сатылу жаман шешім емес. Сондықтан биыл Қазақстанның қаржы секторында тағы да бір банктың сатылуын көретініміз анық.