Ескі Қазақстан қазіргі жағдайдан саяси ұпай жинамақ - депутат

Сағыныш Сардарова 17 апр. 2024 15:00 15264

Депутаттар қазіргі төтенше жағдай су тасқыны апатына қатысты үн қатты. Олардың сөзінше, ел аралап, жағдайды өз көзімен көрген. Бәрінің ойы ортақ: апатқа себептің бірі - 30 жыл азып-тозған жүйе, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Нартай Cәрсенғалиев арнасынан адасып аққан судың салдарынан өмір бойы жиған-терген дүниесінен, үйінен, мал-мүлкінен, қара шаңырағынан қапыда айрылған ағайынның өтінішін айтты. Оның сөзінше, елдің жартысы қарғын су қақпанында отыр.

"Қазақ "Алпыс күн тасыған су, Алты күнде қайтар" дейді. Бірақ қайтқан су әкелген қайғысын әкетпейді. ...Жұмысына салғырт  қараған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл - Президенттің және елдің нақты талабы", - деді ол.

Депутат апта аяғында қарғын судан қатты зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласы мен Батыс Қазақстан облысына аяқтай барған. Құлсарыда 2900 үй су астында қалған. Ол Батыс Қазақстан облысындағы ахуал да көңіл көншітпей отырғанын, қазірдің өзінде 1226 үйді, 1905 саяжайды су басып қалғанын, 450 үй қирағанын мәлімдеді.

"Ендігі қатер Жайық өзенінен. Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метр болды, енді сол су біздің елге қарай жөңкілеп келеді. Жайық өзені БҚО-ң 600 шақырым жеріне ағып өтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі - 8,5 метр. Демек келе жатқан су қалыптағыдан 3 метрден аса. Жайықтың бойында 84 елді мекен бар, ол жақта 126 000 адам тұрады деген дерек алдық. Ел елеңдеп отыр, үрей де жоқ емес", - деді ол.

Нартай Аралбайұлы су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі өтемақы екенін, сонымен қатар, комиссиялар су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып, аралық акт жасауы қажет екенін жеткізді. 

Депутат осындай кезде Ескі Қазақстан өкілдері ақпараттық шабуылға көшкенін айтты.

"Қоғамдағы негізгі түйткіл - ақпараттық соғыс. Қате ақпарат - қатер. Қазір судың ағынымен қатар, ақпарат ағыны да қауіп төндіріп тұр.

Қарапайым халықты кедейлікке әкелген бұрынғы жүйенің бай-бағландары қазіргі табиғи апаттан ұпай жинау үшін жанталасып жатыр. "Құлқынның құлы болғанша, Халқыңның ұлы бол" дегенді 30 жыл бойы құлағына қыстырмағандар қазіргі жағдайды саяси есеп айырысудың құралына айналдыру үшін өлімдесуде.

Қазіргі су тасқынының бетін қайтаруы тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі 30 жыл бойғы салғырттық екенін, 30 жыл бойғы жемқорлық екенін тәуелсіздік алғалы қазақты қан қақсатып тонағандар мойындағысы келмейді, әрине. Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынған. 1990 жылдан ол жерлер жөндеу көрмеген. Жаңа су қоймалары салынбаған. Биылғы тасқынның алдын алу неге мүмкін болмады деген сұрақ туады. Оған себеп ғылымға жағдайдың жасалмауы. Салдарынан 90-шы жылдардың тоқырауында 40 мың ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған.

Осынша олқылыққа, яки қылмысқа жол берген 30 жылдық ескі жүйенің шабармандары, бүгінгі жаңа буынға қарсы ақпараттық соғыс ашып әлек. Олар жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Бірақ қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек олар", - деді ол.

Депутат Ринат Заитов та су тасқынына қатысты пікір білдірді.

"Біріншіден, тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар. Дәлелімен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты.

"Бөренеден аттаймыз" деп есеп беріп, сіріңкеге сүріне беретін мемлекеттік органдардың шалағайлығы жауапқа тартпаса жалғаса береді ғой", - деді ол.

Айтыскер әрі депутат Заитов апат болған аймақтардың тұрғындарына уақытша несиелік каникулдарды жан-жақты қарастыруды да сұрады.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та бұл 30 жылғы көзбояушылықтың шынайы көрінісі екенін айтты.

"Ағайын, апат айтып келмейді. Дайын болмаған кезде келген топан су - Қазақстандағы 30 жыл бойы қалыптасқан даңғазалық, волюнтаризм мен көзбояушылықтың шынайы көрінісі. Бұл факт! Бұл оқыс оқиға еліміздегі жергілікті басқарудағы жүйелі проблемалардың бар екенін айқын көрсетті.

Сондықтан бізге аудандық, ауылдық деңгейдегі мемлекеттік басқарудың басымдықтарын қайта қарау маңызды. Мысалы, облыс, аудан әкімшіліктеріне қосымша құзырет бере отырып, инфрақұрылым, халық шаруашылығын ұтымды реттеу үшін шаруашылық бағыттағы децентрализация қажет. Әрбір әкім өңірдің коммуналдық-шаруашылық мәселелерін реттеу үшін, дербес шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болуы тиіс", - деді ол.

Оның пікірінше, аудандағы әкімдер шешім қабылдарда үркеді.

"Қазір аудандық әкімдер шешім қабылдауда қорқады. Өйткені табжылып кетсе, ертеңінде прокуратура, компетентті органдар келеді. Соның салдарынан бүгінгі жағдайда мемлекет жүздеген миллиард шығынға батып отыр. Қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтіп, Мәслихаттардың рөлін арттыра отырып, әкімдерге тиімді әрі ашық жұмыс істеуге жағдай жасау қажет", - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости