Еңбек инспекторы ұстаздарды кезекшілікке тарту туралы әкім ұсынысына қатысты пікір білдірді

Кәмшат Тілеухан 10 июн. 2025 14:36

ҚР ЕХӘҚМ мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Әбілхатин Қостанай әкімінің ұсынысына қатысты пікір білдірді. Қала басшысы балалар қауіпсіздігін бақылауда рұқсат етілмеген жағажайларды шолу үшін кезекшілікке мұғалімдерді тарту керектігін айтқан еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Спикер педагогтарды бөтен жұмысқа тартуға мүлдем жол берілмейтінін атап өтті.

"Біз өз ұстанымымызды білдірдік, бұл заңмен бекітілген нәрсе. Қазіргі уақытта мұғалімдер негізгі жүктемеден босатылып, жазғы демалыс кезеңінің басталуын ескере отырып, еңбек инспекциясы тарапынан мұғалімдерді өз функциясынан тыс міндеттерге тартуға жол бермеу мәселесі бойынша барлық деңгейдегі мектеп директорлары мен білім басқармаларына ескерту жасалды. Осы бағытта жұмыстар басталды", деп сөзін толықтырды Ерболат Әбілхатин.

Ол, атап өткендей, тіпті педагогтардың мектептерді сырлау және шаруашылық жұмыстарды орындауы да мүлдем қолдауға жатпайды.

"Біз еңбек инспекцияларына нақты нұсқаулар бердік: мұндай фактілер анықталған кезде білім басқармалары мен мектеп директорлары жұмыс берушілер ретінде жауапкершілікке тартылатын болады. Қостанайдағы факт бақылауға алынды. Біз өңірдегі еңбек инспекцияларына аталған жағдайда мұғалімдердің жағажайлардағы кезекшілікке және басқа да бөтен жұмыс түрлеріне тарту бойынша келіп түсіп жатқан арыздар болса,  тексеру жүргізуді тапсырдық. Арыз түсіп жатса, тиісті шаралар қабылданады және нұсқамалар беріледі", - деді Ерболат Әбілхатин.

Оның айтуынша, 2025 жылдың 15 маусымынан бастап мұндай жағдайлардың алдын алу жұмыстары да басталады.

Бұған дейін сайтымызда "Балалар суға кетіп жатыр". Қостанай әкімі педагогтарды жазда кезекшілікке шығаруды ұсынды" деген материал жарияланған болатын.


Рекомендовать
Последние новости