АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) 7 ақпанда сағат 23:59-дан бастап (EST) өз қызметкерлерін 90 күнге әкімшілік демалысқа жіберетінін хабарлады. Бұл — президент Дональд Трамптың 20 қаңтарда қол қойған жарлығынан кейін болған жағдай. Жарлыққа сәйкес, АҚШ мемлекеттік органдары мен агенттіктері осы уақыт аралығында шет елдердегі бағдарламалар мен жобаларды қайта қарап, оларды жалғастыру немесе толықтай тоқтату жөнінде нақты шешім қабылдауы тиіс, деп жазады Dalanews.kz Forbes.kz сайтына сілтеме жасап.
USAID көптеген елде түрлі салаға қаржылай және техникалық көмек көрсетіп келгені мәлім. Қазақстан да соның қатарында. Әсіресе жергілікті үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) бұл агенттіктің гранттық қолдауына жиі арқа сүйейді. Мысалы, "Правовой медиацентр" журналистерге заңгерлік кеңес беріп, медиа заңнаманы жетілдіруге ат салысады. Ұйым басшысы Диана Окремованың айтуынша, олар бірнеше түрлі қордан қаражат алып отырғандықтан, USAID бағдарламасы тоқтаса да, алда өз жұмыстарын жалғастырудың амалын іздейді. Окремова қазақстандық ҮЕҰ секторында "медиасауаттылық", фактчек пен заңгерлік кеңес беру сияқты бағыттарды, әдетте халықаралық ұйымдар дамытып келгенін, ал мемлекеттік құрылымдар тек соңғы жылдары ғана бұл салаға көңіл бөліп бастағанын атап өтеді.
"Азаматтық талдау" қоғамдық қоры да USAID-пен ынтымақтастықта болып келген. Бірақ қор жетекшісі Данил Бектұрғанов қаржыны тікелей агенттіктен емес, "Евразия" қоры немесе өңірлік бағдарламалар арқылы алып отырғанын айтады.
"USAID ешқашан ҮЕҰ-ны тікелей қаржыландырған емес. Арада грантқа иелік ететін қандай да ір реттеуші болады, мысалы "Евразия" қоры секілді. АҚШ елшілігінің шағын гранаттары бағдарламалары немесе USAID-пен тікелей жұмыс істейтін ОАЕҚ-ның "Орталық Азия Евразия қоры) өңірлік құрылымы дегендей. Азаматтық талдау қоры "Евразия" қорының қаржыландыруы арқылы Цифрлық кодекске қатысты "Қазақстанның цифрлық заңнамасын дамыту" жобасын іске асырды. Ал Social Innovation Central Asia жобасы бойынша ӨР Цифрлық кодексінің "персонал деректері, биометрия, жасанды интеллект" сынды өзекті мәселелер бойынша заңнамалық талдаулар жасауды көздеген едік. USAID қаржыландыруының уақытша бұғатталуына байланысты бұл жұмыс енді үш айға жуық мерзімде созылып кетуі мүмкін", - дейді ол.
Дегенмен Бектұрғанов Трамп әкімшілігінің шешімін уақытша қиындық деп санайды: "ҮЕҰ-лар бір ғана донорға тәуелді болмай, қаржыны үнемі әртараптандыруға тырысады. Сондықтан жұмыстар мүлде тоқтап қалады деуге негіз жоқ", — дейді ол.
"Эхо" бірлестігінде жағдай күрделірек көрінеді. Ұйым жетекшісі Павел Лобачев "Эхоның" барлық төрт жобасы да тікелей америкалық гранттарға сүйеніп келгенін айтады. Оның сөзінше, USAID бөлетін қаражаттың басым бөлігі, нақтысын айтқанда 90 пайызы, Қазақстанда көбіне мемлекеттік салаларға жұмсалған. Ал ҮЕҰ-ларға оның 10 пайызы ғана тиеді.
"Сөйте тұра, кейбір шенеуніктер елдегі барлық ҮЕҰ-ны жаппай тексеру қажет деп дабыл қағып жатыр. Мемлекет өзі USAID-пен келісім жасап, ірі көлемде көмек алады. Тек денсаулық сақтау, зейнетақы реформасы сияқты үлкен бағдарламалардың өзі қаншама? ҮЕҰ бөлімі айтарлықтай шағын ғана", — дейді Лобачев.
Қазақстандағы Халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының директоры Денис Дживага да USAID-пен байланысты жобалары бар екенін растайды. Оның айтуынша, жақында ғана бюро "Евразия" қоры арқылы USAID грантын ұтып алған. Жобаның мақсаты — кемсітушілікпен күрес және тең мүмкіндіктерді кеңейту болған. Енді қаржыландыру тоқтап қалғандықтан, бұл жоспарлар орындалмай тұр. Дживага "кейбір ұйымдарға бұл ауыр соққы болады, бірақ ірі ҮЕҰ-лар басқа донорлардан қаражат іздеп, табуы мүмкін" деп отыр. Сонымен бірге ол "USAID түпкілікті жабылады дегенге сенбейтінін, бәлкім жаңа құрылымға айналуы мүмкін" екенін айтады.
Осы орайда,агенттіктің өз сайтындағы мәліметтер базасына назар аударсақ, USAID Қазақстанда 1992 жылдан бері жарты миллиард доллардан астам қаржы жұмсаған. Оған денсаулық сақтау саласындағы ВИЧ пен дәріге төзімді туберкулезді анықтау мен емдеуден бастап, көлік пен кедендік жүйеге арналған цифрландыру жобаларына дейін кіреді. Порт инфрақұрылымындағы кейбір бағдарламалар нәтижесінде шекарадан өту мерзімі едәуір қысқарып, өткізу қабілеті бірнеше есеге артқан.
Енді үш айлық үзіліс аяқталғаннан кейін АҚШ билігі өздері талдап шыққан жобаларға қатысты нақты шешім қабылдайды. Кей бағдарламалар жалғасуы мүмкін, кейбіреуі толықтай құриды немесе жаңа бағыттарда жүзеге асады деген болжам бар. Қазақстандық үкіметтік емес сектор болса, басқа қаржы көздерін қарастырып, бұған бейімделуге дайын. Бұған дейін елден кеткен не қызметін уақытша тоқтатқан сыртқы донорлардың үлгісі көрсеткендей, ҮЕҰ-лар еңсеретін қиындықтар аз емес. Алайда олардың халықаралық байланыстар мен әріптестіктерді жалғастыруына деген ұмтылысы әлі де күшті екені байқалады.
Бұған дейін АҚШ-тың Халықаралық Даму агенттігі Қазақстанда жұмысын тоқтатқаны хабарланған. Сондай-ақ сайтымызда отандықсарапшы Ғазиз Әбішев USAID жобаларының бір бөлігінің қысқаруына қатысты пікір білдірген еді.