USAID Қазақстандағы жұмысын аяқтады

Қаракөз Амантай 05 ақп. 2025 18:03 622

7 ақпанда АҚШ Халықаралық Даму агенттігіне жұмысқа алынған қызметкерлер әлем бойынша әкімшілік демалысқа жіберіледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Алдағы уақытта қосымша нұсқаулар беріледі. Барша қызметкерге көрсеткен қызметі үшін алғыс білдіреміз”, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, USAID Қазақстанда экономикалық әртараптандыруды қолдау, демократиялық реформаларды ынталандыру және азаматтық қоғамды дамыту бағытында маңызды жобаларды жүзеге асырды. Мысалы, агенттік Қазақстанның цифрлық экожүйесін дамыту бойынша бағалау жүргізіп, 12 ұсыныс әзірледі.

Агенттіктің қызметінің аяқталуы Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін білдіреді. Қазақстанның даму мақсаттарына қол жеткізу үшін басқа халықаралық ұйымдармен және серіктестермен бірлескен жұмыс жалғасады.

Еске салайық, бұған дейін Ақ үй USAID-тің "абсурдты" шығындарын жария еткен еді. 

АҚШ әкімшілігі атышулы USAID-тың (Халықаралық даму жөніндегі агенттік) "абсурдты" жобаларға қыруар қаржы бөлгенін дәлелдейтін даулы құжатты жариялады.

"USAID ондаған жыл бойы салық төлеушілердің ақшасын төгіп-шашты. Біз оны дереу тоқтатамыз", – делінген Ақ үйдің мәлімдемесінде.

Ақ үй ұсынған ақпарат бойынша, USAID қаражаты түрлі елдерде "әрқилы" мақсатта пайдаланылған. Мәселен:

Вьетнамға электромобильдер сатып алуға $2,5 млн;

Колумбиядағы трансгендерлердің операсына $47 мың;

Перудегі "трансгендерлік комиксті" әзірлеуге $32 мың;

Гватемаладағы жыныс ауыстыру операциялары мен "ЛҒБТ белсенділігіне" $2 млн;

Сириядағы «Әл-Каидаға» қатысы бар содырларға жүздеген мың порция тамақ;

Ауғанстандағы көкнәр егістігін суару, тыңайтқыш сатып алу және құрал-жабдыққа жүздеген миллион доллар бөлінген.

Ақ үйдің айтуынша, бұл тізім толық емес.

"Президент Трамптың тұсында салық төлеушінің ақшасын орынсыз жұмсау бүгіннен бастап тоқтайды”, – деп атап өтті АҚШ әкімшілігі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар