Елдік пен ерлік жыршысы

Dalanews 22 сент. 2020 07:50 1663

Қазақ поэзиясының ежелгі бастау арналары ел мен жердің, мемлекет пен отанның тамырлы тарихынан шежіре шертетін сымбат-бітімі ерекше бекзат жыраулық өнер болып қалыптасты.

Тоныкөк, Йолығтегіндер тасқа бәдіздеген тарлан жырлар — соның жарқын айғағы. Бұл ұлы сарын Кетбұға, Сыпыра жырау дәуірімен сабақтаса ұласып, Бұқар жырау, Ақтанбердіге дейін жалғасып, Абай арқылы даналық парасатпен суарылған алтын түйінге айналып, шыншыл, әлеуметшіл, сыршыл лиризмге қадам басты.

Алаштық, кеңестік кезеңнің өліара түйілісінде ұлы дәстүрдің туын Мағжан, Ілияс секілді жампоздар аспанға көтергенімен, олардың үнін бодандықтың қара құйыны тұншықтырды. Әрине, кеңестік кезеңде ауызға қақпақ, басқа тоқпақ салынғанымен қазақ поэзиясы зае биіктерді бағындырды, халықтың арман-мұратының жоқшысы болды.

«Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым ішіне» деп Қадыр ақын айтқандай бодандықтың тақсыретін тартқан тұлпар жыр тұғырдың кейпіне түсіп, тұрасы тозып тасырқаған, сұңқар өлең жапалақтай жалбақтаған тұстар да болды. Қазақтың Ебінің желіндей ескен есіл жыры әсіресе тарихи тақырыптарға келгенде текіректеп, тобанаяқ күй кешетін.

Бұл салада, шындығын айтқанда, ақ мылтық ұшқыр поэзия емес, керісінше сабырлы проза жанры атойлап алға шығып, тарихи тақырыптарды игеруде классик жазушы Ілияс Есенберлин көшбасшы болып, мұзжарғыш кемедей алға ұмтылып, әдебиет әлемінде ірі бетбұрыс жасағаны айқын.

Қазақ поэзиясындағы орыны үңірейіп тұрған осы бір кетік еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін енді ғана бүтінделіп, есеміз түгенделіп, еншіміз де еселене бастағандай.


Әлбетте, бұл күрмеуі қиын, күрделі тақырыпқа қалам қуатын арнаған майталман шайырлар бар болғанымен, солардың ішінен шашасына шаң жұқпай суырылып алға шыққан марқасқа, осы қазыналы салада олжа салып, топжарған кең құлашты эпик ақын ортамызда бар.

Ол — тәуелсіздік пен елдік мұратты тамылжытып саңқылдап жырлаған, әдебиетсүйер қауым бүгіндері «Бостандық жырының бозжорғасы», «Ілиястың ізбасары» атап кеткен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» «Барыс» ордендерінің иегері, аса көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы.


Ол – шын мәнісінде, азаттықтың бозала таңы атысымен тұсауы шешілген тұлпардай кең көсіліп жүйткіген, өтпелі кезең өткелегінде тосырқап қалмай толассыз жыр нөсерін селдеткен қазыналы қалам иесі. Төкпе ақын кең тынысты эпикалық поэмалар шоғыры, шымыр толғаулары мен нәзік лирикалық өлеңдері арқылы Қазақстан тәуелсіздігінің күміскөмей жыршысына, жампоз жаршысына айналды. Оның тәуелсіз еліміздің көк аспанында желбіреген көк байрақтың киесінен шабыт алып жазған поэмалары халқымыздың басынан кешкен қаһармандық тарихы мен бүгінгі өмір-тіршілігімізді жымдастыра жырлауымен айырықша маңызға ие.

Мазмұндық тұрғыдан бір-бірімен тығыз сабақтасқан салалас поэмалар циклі дәуір мен уақыт жөнінен де ішкі бірлік үйлесімін сақтап, жалпы тұтастықта қарағанда эпопея секілді әсер қалдырады. Бұл байтақ дастандарда алаш жұртының қаһармандық тарихы мен азаттық рухының қадау-қадау кезеңдері, халқымыздың басынан кешкен түрлі нәубат, қилы зобалаңдардың тұтас панорамасы шеберлікпен сомдалған.

Ақынның «Жалаңтөс», «Төлегатай», «Сардар», «Ту», «Наурызбай», «Бердіқожа», «Шақантай», «Баймұрат батыр» «Мұқағали-Желтоқсан» секілді поэмаларында арғы-бергі тарихымыздағы халқымыздың азаттығы үшін жанын пида еткен хандарымыз бен билеріміздің, жаужүрек батырларымыз бен абыз ақындарымыздың жауһар галереясы жасалған.

Ұлы даланың қасиетті топырағы үшін азулы империямен айқасқан хан Кене бастаған, Тайжан, Сейтендер қостаған ерлер туралы «Ақмола шайқасы» поэмасында суреттелсе, осы тақырыпқа үндес туған кеңестік отаршыл өктем жүйеге арыстандай арпалысқан мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің табанды күресі «Жер — жаннан қымбат» дастанына арқау болады. Халқымыздың басынан кешкен нақақ қуғын- сүргін, аштық нәубат «Көкала үйрек», «Танабай», «Кәмей ұшқан», «Сары қыз» секілді поэмаларда көрініс тапқан.

Ақынның поэмалар шоғыры — өткен тарихтың жалаң оқиғаларының тізбегі емес, отанымыздың азаттығы жолында жанталасқан бұрынғы бабаларымыздың басынан кешкен қымқуыт өмір-тіршіліктің жанды суреті, ғибратты дәрісі, көркем шежіресі. Ақын бүгінгі ұрпақтың тарихи жадын жаңғыртумен бірге кейіпкерлердің шиеленіскен драмалық тартысы мен қақтығысы арқылы оқырманның ар-намысын қамшылап, ыстық сезімнің шарпысына бөлеп, өткеннен ащы сабақ алып, бүгінгі күні қапы қалып өкінбеуге, болашаққа адаспай айқын қарауға үйретеді.

Ұлы даланы уысына ұстаған қаһарман дана бабаларымыздың ерлігі мен осал тұстарын ақындық аңқылдаған пәк жүрекпен бүкпесіз ашық жырлап, шындықты бетің-жүзің демей әшкере етіп, тәуелсіз елімізге көлеңкесін түсіріп отырған келеңсіз құбылыстардың себеп-салдарына сын жебесін аяусыз қадайды. Осылайша сұлу поэзия арқылы өткен тарихты мақтан тұтатын даңғаза мен дақпырттың қоймасы емес, бүгінгі күнімізге сәуле түсіріп, болашақ мұратымызды шыңдайтын, ұлттық бет-бейнемізді жаңғыртып түлететін құнды құрал ете білуі — ақынның өнернамалық темірқазығы.

Н. Айтұлы бабалардың арманы жүзеге асып, тәуелсіз еліміз әлемдік қауымдастықтан мәртебелі орын алып, айбыны артып, жаңа астананың бой түзеп, сәулеті артқанын «Бәйтерек» поэмасы арқылы қапысыз мүсіндейді, өткен тарихымыздан сабақ алып ауызбіршілік пен ынтымақты күшейту арқылы егемендікті нығайту қажеттігін, тоғышарлық пен енжарлықтан аулақ болуды ұрпаққа үлгі етеді.

«Ерлігін сақтай алмас енжар халық, қулықпен, сұмдықпенен айналысқан» деп азаттығымыз баянды, туымыз тұғырлы болу жолында кесірін тигізетін қоғамымызда орын алып отырған түйткілдерді де сынап әшкерелейді. «Тірісің — туған ана тілің бар да, өлісің — түп тамырың жұлынғанда», «Періште алтын көрсе жолдан тайып, тонаса өзін өзі оңбас қоғам», «Жоғалса қыздан иба, ұлдан иман, кең дала кімге керек құр далиған?», «Бүтінге сызат түссе сынады оңай, біріңді-бірің сыйла ғұламадай», — деп толғайды.

Ақынның суреттеуінде «Бәйтерек» — елорданың ғана емес, күллі Қазақ елінің арман-мұратын әйгілеген рәміз, тәуелсіздігіміздің асқақ миуалы мұнарасы, бабалар аманаты.


Ақын қазақ мемлекетінің дәстүрлі бас рәмізінің бірі байраққа арнап «Ту» атты поэма жазды. Бұл қазақ әдебиеті тарихында болмаған тың құбылыс, азаттық кезеңінде қол жеткізген поэзиядағы сүбелі табыс деуге болады. Бұрынғы қазақ ақындарында туға, байраққа, жалауға арнаған жекелеген өлеңдер, жыр шумақтары болғанымен бұл тақырыпта тұтас поэма әлі туған жоқ еді.

Ақын Н.Айтұлының көлемді «Ту» поэмасы қазақ хандығының хан Абылай, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбайлар көтерген қасиетті байрағын бүгінгі азат отанымыздың аспан түстес көк туымен сабақтастықта екенін жырмен кестелеп, майдан даласында өзі шәйіт болғанымен қолындағы туды жықпаған сарбаздың ерлік образын негіз етіп айшықты сомдауымен патриоттық тағылымы зор болған. Қазақ елінің қасиетті байрағын қанды шайқаста қас қақпай күзетіп, өзі құрбан болғанымен төмен түсіріп құлатпай, үзеңгілес нөкерлеріне табыстай алған Қазымбеттің қайсарлығы — адамзат тарихында да кездесе бермейтін сирек ерліктің үлгісі. Әлбетте, осыған ұқсас оқиғаны арқау еткен поэма да, жыр еткен ақын да, меніңше, әлем әдебиетінде жоқ секілді.

Поэма желісі өмірде болған оқиға мен халық аңызының асыл арқауына сүйенген. Аңызды айтып беруші қарт шежіреші — Жақыпбек Кәріпбайұлы. Оқиға Абылай, Қабанбай, Бөгенбай бастаған қазақ қолы Тарбағатай тауынан жоңғарларды талқандап қуған Шорға соғысында болады. Тегінде, өзі ат үстінде жау оғынан шәйіт болғанымен туды құлатпай құрыштай қатып көз жұмған жауынгерлер туралы аңыздардың басқадай нұсқалары қазақ халқында кездеседі. Мұндай тарихи бағалы аңызды бала кезінде абыз қарияның аузынан естіген ақын поэманың кіріспесінде сол оқиғаны жаңғырта жырлағанын айтады:

Осылай ұзағынан толғап еді,

Сүңгітіп тұңғиыққа сонда мені.

Шұбырып сілекейім, аузымды ашып,

Сусыным шөліркеген қанған еді.

Жақаңның жатқан жерін жарық қылсын,

Үзілген жіптің ұшын жалғап еді.

Берейін кейінгіге қайта жырлап,

Жадымда жаңғырығы қалған еді.

Жырда хан Абылай, Бұқар жырау, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, көкжал Барақ секілді Абылай заманының бас батырларының тұлғасы эпизод-штрихтармен сомдалғанымен поэманың бас кейіпкері — Қазақ ордасының туы, оны көтерген тубегі сарбаз Қазымбет, сол қасиетті байрақтың қайта жаңғырған бүгінгі жалғасы — Көк байрақ. Ақын өткен тарихпен бүгінгі күнгі құбылысты сабақтастыра жырлап, намысты найзамен қорғаған бабалар ерлігін қазіргі ұрпаққа аманаттап, азаттықтың көк байрағын қастерлеуді, қадірлеуді, биікке көтеріп, алтын тұғырын бекітіп, айбарын асқақтатуды жас буынға өнеге етеді.



Бұл поэманың ерекшелігі сол, мұнда оқиғаның шарықтау шегінде бас кейіпкер — Ту мен ту ұстаушы Қазымбеттің күрделі тағдыры бетпе-бет түйіліседі, тартыс ұлғайтылып, кәнігі қолтаңбалы эпик ақынның машықты шеберлігі оқырманды тағы да тәнті етеді. Жыр арқауына бас нысан болған — Ту жығылмаған, ал, бас кейіпкер — ту ұстаушы Қазымбеттің шәйіт болуы көрініс тауып, жеңістің шаттық қуанышы мен трагедиялық хал қатар өріліп, бір арнаға тоғыстырылады:

Жалғыз тұр ту ұстаушы дөң басында,

Көргендер аң-таң қалды алғашында.

Байрағы қолындағы желбірейді,

Өзінің көрінбейді жан қасында.

Болмастан ойларында ешбір қауіп,

Батырлар сатырлатып келді шауып.

Күйінде ту ұстаған қатып қапты,

Өлсе де құламаған аттан ауып.

Қос жебе қатар тиіп өндіршектен,

Аққан қан омырауын кеткен жауып.

Жыр трагедиямен аяқталғанымен қасиетті шәйіт арқылы жеңістің рухын асқақтатып, бүгінгі бейбіт өмірдің, қасиетті көк байрақтың құнын бағалауға ұрпаққа ұлағатты үндеу тасталады. Бас кейіпкер ту ұстаушы Қазымбеттің қазасы сай-сүйегіңді сырқыратып, қарағайдай қасқайып, жауға еңкеймей, ат үстінде байрақты құлатпай желбіретіп өлген өр мінезді батырдың аруағы намысыңды қозғайды. Жыр соңында ту ұстап қатып қалған Қазымбет пен қасиетті Ту тұтас тұлғаға, ерлік үшін тұрғызылған алып монумент мүсінге айналғандай әсер етеді:

Күңіреніп аттан түсті ер Қабекең,

Сіресіп Қазымбет тұр ерде бекем.

Түбінен тудың сабын қатты қысып,

Қарысып саусақтары қалған екен.

Қолынан туын алып ел әзерге,

Тапсырды қайран ерді қара жерге.

Байрақты жас жігітке беріп тұрып,

Дарабоз былай деді қарап елге:

— Күн туар деген рас ұл туғанға,

Түсесің от пен суға жұртың барда.

Ешқашан өлмек емес ер Қазымбет,

Артында желбіреген ту тұрғанда!

Алайда Қазақ ордасының Қазымбеттей талай ерлер күзеткен алып туы ғасырлар керуенінде қолдан тайып, көзден таса боп, қайран алаш отарлық кебін киіпті. Ту туралы түсінік те көмескіленіп, намыс та енжар тартып, елжандылық сезімге де селкеу түсіріліпті. Себебі, бас рәмізіміз Тудан да айырылған, кері кеткен сәтіміз болыпты:

Кең дала қасіреттен тұрды аңырап,

Халықтың көкірегі құр қаңырап.

Байрағы Бостандықтың көзден тайды,

Басымен хан Кененің бірге құлап.

Жаулар Қазымбетті атқанымен Туды құлата алмағаны секілді хан Кене шаһит болғанымен оның рухы мен ойы азаттық болып оралыпты, осындай сансыз ерлердің дәстүр жалғастығы бүгінгі туға сіңіп, қазақ елінің байрағы көк аспанда қалықтап тұр. Азат елдің астана төріндегі алып байрағы ақынға шабыт сыйлап, осы поэманың тууына күш бергені сөзсіз. Ақын бабалар аманатын бүгінгі ұрпаққа табыстап, көк тудың сабынан ар-ожданы таза азаматтар ғана ұстауға тиісті екенін ұқтырып, отаншылдық сезімді дәріптейді:

Жауыздың ешбірі жоқ жаза көрген,

Қашанда қиянаттан қазақ өлген.

Көк тудың қасиетті киесі атар,

Сабынан ұстамасаң таза қолмен!

Жығылмас ешқашанда елі жарға,

Алдында ту ұстайтын Ері барда!

Көтеріп алып Байрақ қазақ отыр,

Тілегін аңсап күткен беріп Алла!

Азат елдің бас рәмізі ту мен елтаңбаның мәні де, маңызы да айрықша. Қазақ елінің көк байрағы Президентің сапары кезінде немесе республикамыздың сайыпқыран спортшылары жеңіс тұғырына көтерілгенде әлемнің түкпір-түкпірінде желбірегені бізге мақтаныш. Еліміздің шекара-шебін қас қақпай күзетіп тұрған жауынгер сарбаздарымыз туды сүйіп ант беретіні ерлік дәстүрдің бүгінімізге ұласқанын аңғартады. Ақын Несіпбек Айтұлының «Ту» поэмасы халық аңызын негіз ете отырып, қазақтың қаһармандық заманының тынысын қазіргі ұрпақпен шебер тоғыстырған тәрбиелік маңызы зор туынды деуге дәлеліміз жеткілікті.

Ақынның лирикалық өлеңдері мен толғаулары шынайылығымен, ыстық сезіммен суарылған ой семсері секілді лыпылдаған өткірлігімен оқырманын таңдандырып келеді. Оның өлеңдерінде бүгінгі өмір-тіршілігіміздің бүлкілдеген қан тамыры, замандастарымыздың кескін-келбеті, мінезқұлықтардың алуан түрлі пішіні сомдалады. Қазіргі тәуелсіз елімізге, ұлтымыздың мүддесіне кесірін тигізетін тоғышарлық пен тоңмойындық, мәңгүрттік пен самарқаулықты қатаң айыптаған ақынның шерлі өлеңдері зарлы толғауларға ұласады.

Өмір өтті арпалыспен, тартыспен,

Кездерім көп артық кеткен, кем түскен.

Бабалардан маған дейін ұласқан,

Қайғым ұзақ ұзын аққан Ертістен.

Қасіреттен қаны қайнап қарайған,

Күн астында күңіренген талай жан.

Бізден асып болашаққа жалғасар,

Қалған қайғы Әлішерден, Абайдан.

Ақын жырының соңында «Ұлы қайғы жанымды жеп жегідей, жеті түнде ұлиды кеп бөрідей» дегеніне шүбәсіз сенесің. Өйткені,бүгіндері аймаңдай ақын — өлең-өмірі арқылы бүкіл болмысымен әз халқымен тұтасып, қабысып, оның сыңарына, баламасына айналған лирикалық тұлға. Сондықтанда ол «Бірдің мұңы ұласар мыңға барып, өзімді айтып, халқымды бейнеледім» дейді нық сеніммен. «Несібеме бұйырған соң, қайғы — менің қазынам» дейтіні де содан.

Бозбала кезінде албырттықпен «Ей, өлең барасың сен, қай жаққа алып? Сескенем, түбі терең иірімбісің, бет жағы жататұғын қаймақтанып» деп қаймығып бастаған ақынның қазір алаштың сөзін сөйлейтін абыз ақынға айналған шағында:

Жырым менің — мұңдасым, сырласым да,

Көз жасым бар мөп-мөлдір тұнбасында.

Бір басында ол тұрса таразының,

Ал, тағдырым тұрады бір басында! –

деп жырлауға толық хақысы бар екеніне иланасың.

Ақынның хас шеберлігінің арқасында оның өлеңдері мен толғауларында ана тіліміздің ажары мен базары жарасым тауып жарқырап, тіліміз бен діліміздің, дәстүріміз мен ұлттық құндылықтарымыздың жүйесі жаңаша қырынан түлеп, поэзияның сұлулық сарайының жауһар мүлкіне айналды. Өлең өрімінің көркемдік кестесі ежелгі жыраулар дәстүрімен етене, шығыстық нілі басым, теңеу, балама, рәміз тұспалдары әпсана-ертегілік, мифтік-тәмсілдік реңмен ұштасып, халық мұрасымен кіндіктес болуы — оның ешкімге ұқсамайтын дара қолтаңбасы. «Ұстамын ескі үлгімен өлең соққан, көз жазбай көргенімнен жасымдағы», — дейді автор ол туралы. Сондықтан да, ақын бүгінгі өміріміздің күндерегі секілді қазіргі баршамыздың басымыздан кешіп отырған түйткілдерді жиі жырлап, бүкпесіз ақиқатты ашық айтқанымен оның өлеңдері көркемдіктің көкорай мұнарына бөленіп тұратындықтан астарлы да тұспалды, тылсым рай танытады.

Ақын сіз бен біздің басымыздан кешкен нарықтық қоғамның өтпелі өліара кезіндегі ию-қиуы қашқан итырғылжың тірлігімізді, қазіргі кезеңдегі құндылықтарымыздың құнсызданған пұшайман халін «Ел қыдырған есекдәме», «Арпалысқан ессіз тобыр», «Қара бала қол жайып», «Ой, Алла», «Қазақ сиқы» секілді көптеген өлеңдерінде дабыл қағып суреттейді.

Тон бұйырмас кедейге көктен тері жауса да,

Байға құдай болысқыш артқан теңі ауса да.

Бұзауы өлген сиырдай тақыс тірлік тас желін,

Жібімейді жарлыға жездей қақтап сауса да.

«Бақ мөлшері — бармақтай»

Алтыбақан алауыздық айналаңды жайласа,

Айна таздай қылтанақсыз қу тақырға отырдың,

Бір есекке орын босар екі жылқы тебіссе,

Сәні қашып сәйгүліктер сап түзеген ақырдың.

«Арпалысқан ессіз тобыр»

Шыр айланып шықсам да шартарапты,

Тонаса да қарақшы шешіндіріп,

Қасиетін халқымның тонатпадым,

Бесігімді арқалап босып жүріп....

«Менің жұмбақ тағдырым»

Біз мысалға келтірген алдыңғы екі шумақта күнделікті өмірімізде кез болатын қарапайым шындықтар бейнеленгенімен ана тіліміздің ажарлы бедер-өрнегімен көмкеріліп, кең мағынаға ие болып, әлеуметтік үлкен астарлы ойдың жүгін иығына көтеріп тұр. Қызыл қырғынға, қуғын-сүргінге ұшырап әлемге тарыдай шашыраған қазақ халқы талай қиянатты көріп, сан мәрте тоналғанымен ар-ұятын сақтап, бесігін аялап, кісілік келбетін жоғалтпай бүгінге жеткенін ақын қатігез «қарақшы» түсінігіне нәп-нәзік «бесік» ұғымын қарамақарсы қою арқылы оқырманның сана-сезіміне өшпестей етіп таңбалайды. Қарапайым сөздерден ғана құралған осы бір шумаққа халқымыздың сан ғасырдан бері басынан кешкен зобалаңды тағдыр-талайы, уыздай кенеулі қадыр-қасиеті тұтас сыйып кеткеніне қайран қаласың?!

Ақын табиғаттың тылсым сырын түйсігімен барлап, байқап жырлайтын таңғажайып сезімталдыққа ие. Жаратылыстың құпия құбылыстарын, жыл мезгілдерінің өзгерістерін адамның көңіл-күйімен, ішкі әлемімен астастыра жырлау — оның шығармашылық машығына тән бедер. Ақынның «Балқаштың соңғы жолбарысы», «Құланойнақ», «Құлыншағым, құлан жал», «Тағдыр», «Құралай-ғұмыр» секілді өлеңдерінде хайуанаттар мен құстардың бейнесі адамның тағдырымен шендестіріле сомдалып, табиғатты аялауға, мейірбанды болуға оқырманды үндейді.

Мына күннің алды — жаңбыр, арты — қар,

Тоңған жаным торғайдайын қалтырар.

Ғұмыр, сірә, қызылшақа құралай,

Туа сала сан жығылып, сан тұрар.

Мына түннің арты — боран, алды — қар,

Жыласаң да сыңайы жоқ зарды ұғар.

Қар үстінде қалтыраған нәресте,

Қайда барар, қай тарапқа қаңғырар?

Қорғансызға жер бетінде жоқ пана,

Жемтік болар жыртқышқа да, оққа да.

Құлдыраған сәби жүрек тобықтай,

Құстай ұшып жанын сақтар тек қана...

Ақын «Құралай-ғұмыр» атты осы өлеңінде құралайдың салқынында төлдеген киіктің лағын ұшы-қиыры жоқ шетсіз, түпсіз далада шексіз қауіп-қатер күтіп тұрғанын, оның сәби жүрегіне әлдекімдер сұғын қадап үлгергенін айтып, дабыл қағады. Құралайдың салқыны да өліара құбылыс, киіктің лағының аяқтануы да өткелек мезет, сол секілді адам баласының ғұмыры да келте, өткінші екенін ақын ұшқыр түйсігімен аңғарымпаздықпен жырға қосып, сезіміңді селт еткізеді. «Ғұмыр — бейне жезкиіктің лағы... Ортасында өмір менен өлімнің, Күндіз-түні елеңдейді құлағы» деп тосын түйін жасайды. Осылайша қу медиен дала төсіндегі құралайға оқ жұмсап, сәби жүрегіне пышақ шаншығалы тұрған қара пиғыл қатігез адамның өзінің де шын мәнісінде өмірі шолақ екенін ұғынбай мейірбандықтан жұрдай болып өтетініне бұл өлеңді оқыған жан көз жеткізеді. Бетпақдаладағы құлдыраңдаған құралайға, желдей ескен жезкиікке оқ жұмсайтын пенденің өзіне де қадалатын ажалдың жүйрік оғы дайын екенін бір мезет пенденің түсінбейтініне қайран қаласың. Халық күйі «Бөкенжарғақ», «Қос мерген», «Қозы көрпеш — Баян сұлу» жырындағы буаз маралдың қодығы туралы әпсанадан бері желі тартып С.Сейфуллиннің «Ақсақ киік» жырына дейін жалғасқан, адамның ет бауырын елжіретіп, тасбауырлық пен безбүйректікке лағынет жаудыратын қазақ поэзиясының хайуанаттардың киесі туралы мифопоэтикалық інжу-маржан жырының қатарынан осы өлең де жарқырап орын алатын болады. Ақын бұл жырында табиғатты қорғау туралы құрғақ уағыз айтпай-ақ қалт-құлт етіп өмірге қадам басқан ен даладағы құралайдың мамыражай өмірін ойрандайтын «құдіреттің көк иті» жауыздың қарау ниетін бейнелеу арқылы оқырманның жанашырлық сезімін оятып, ізгіліктің дәнін себеді. Бәлкім соңғы жылдарда қарақшылықпен киік аулауға шығып тападайталтүсте аң орнына адам атып, қорықшыларды қорғасын оққа байлай салатын қанышерлік қоғам алдында әдебиетіміздің абыройы әлсіреуден, поэзияны бағалап оқымаудан туған сырқат сананың жемісі шығар?!

Көшеден кезіктірдім бір бұралқы,

Соншалық аянышты мұңлы қалпы.

Көңілім алай-дүлей бола қалды,

Боранға айналғандай күннің арты.

Қабысқан қос бүйірі үңірейіп,

Тастаған итаяқтай түбін ойып.

Секілді шүңет қасық сынап құйған,

Байқұстың көзі кеткен шүңірейіп.

Қолыңа жаутаң-жаутаң телмеңдейді,

Қуғанға, зекігенге мән бермейді.

Ұрыдай тығып кеткен заты қалған,

Көрінген күресінге өңмеңдейді.

Шынын айтқанда бұл өлеңді оқығанда әлемдік әдебиеттің алыптары С.Тургенев, А.Чехов, Джек Лондон, С.Есениндердің, қазақ әдебиетінің марғасқалары М.Әуезов, С.Шаймерденов, М.Мағауиндердің ит туралы шығармалары санаңа сап етіп оралары анық. Бірақ ақынның жырлап отырғаны — небәрі бұралқы иттің тағдыры. Мұнда қаңғыбас иттің портреті асқан ұсталықпен, қазақы бояумен мүсінделеді. Бас кейіпкер бұралқы итті жаны ашып, үйіне әкеп, мойнына қарғыбау тағып баққанымен ол көндіге қоймайды, керісінше кезбе, бостандықты аңсап бұлқынады: «Тамағын тойдырсам да тыншымады, жақпады жіптің мойнын қыршығаны».

Мұндай қаңғыбас иттің даламызда болмайтыны анық. Бұл қалада пайда болған сүркей көрініс. Ит екеш иттің иесіз қалып беталды қаңғығанын әбес санайтын кісілікті бас кейіпкер оны үйіне әкеп мәпелеп асырауды сауап санап, жөн көреді. Ақын сол арқылы адам түгіл көшедегі қаңғыбас итке де жаны ашитын қазақтың дарқан мінезін суреттейді. Бірақ қаланың қаңғыбас иті мейірімді қожайынға көндіге қоймайды:

Сұмдықтай көрінді оған мұндай шара,

Босаттым, көнбес тіпті, жүндей саба.

Өз басын өзі сұрап алғандай боп,

Бүлкілдеп бара жатты бір бейшара...

Бұралқы ит өзінің қалыптасқан, үйреншікті әдеті мен сүйекке сіңді мінезінен ажырай алмайды, «көн қатса қалыбына келеді» дейді мұндайды. Біз итті де иесіз қаңғытпаған арда халықтың тұқымы едік, бүгін ит тұрмақ қаладағы көгенкөз жастарымызға ие болып, баспаналы етіп, еңбекпен қамти алып отырмыз ба? Әлде олар да үйірінен адасқан қаңғыбастың күйін кешіп, тентіреумен нәпақасын тауып, жүгенсіз қылықтарға үйір болып, урбанданудың құрбанына айналып жүрген жоқ па? Әуелі олар ақылға құлақ асып, айтқанға көнетін халде ме? Міне, ақынның «Тағдыр» деп атаған бұралқы ит туралы бір өлеңін оқыған соң мұңайып, неше түрлі тағдыр мен ғадет-мінез туралы еріксіз ойға шоматынымыз — ақынның шынайы қалам қуатының құдіретінен.

Ақын Н.Айтұлының поэзиясының алтын арқауы, бас тақырыбы — тәуелсіздік, бостандық, теңдік. Тәуелсіздік жолында қаншама сұрапыл шайқастар болғанын, ата-бабаларымыз елі мен жерінің тұтастығын қасық қаны қалғанша қаһармандықпен қорғап бізге аманат еткенін ақынның эпопеялық өріске көтерілген поэмалар шоғырына өзек болған тарихи оқиғалар шеруі растайды.

Басынан көне тарих төмен құлдап,

Тағдырын туған елдің келем жырлап.

Өзегім талып жеткен, Тәуелсіздік,

Өмірде не бар екен сенен қымбат!?

Құбылып соққан желдей заман неше,

Қан кешті толарсақтан бабам кеше.

Күн емес бодандықта көрген күнім,

Төбемнен алтын құйсын маған десе.

Азапты бірге тартып қалың елмен,

Аһ ұрып атамекен тебіренген.

Көк туды көкке бойлап желбіреген,

Қазақтың арманы жоқ көріп өлген!

Жоңғар мен құба қалмақ, отаршыл Ресей, кешегі кеңестік империя, кейбір көршілес халықтар қазақ халқының байтақ атажұртына сұғанақтық жасап, елдің мамыражай тыныштығын бұзып, ашкөзділікпен шабуыл жасағанымен ойсырай жеңілгені ақынның жыр-дастанына тамыздық болған. Ол қазіргі қазақ поэзиясын тәуелсіздік үшін күресте шаһид болған батырлардың айбынды бейнесімен толықтырды. Түптеп келгенде, басқыншы империялардың отарлау саясатына түбегейлі қарсы шығып, елім деп еңіреген ерлердің азаттық жолында құрбан болғанын, бүгінгі қол жеткізген тәуелсіздік пен бостандық ата-бабаның қызыл қаны, ақ жаулықты аналардың адал терінің өтеуіне келгенін аса көрнекті сөз зергері Н.Айтұлының бүкіл шығармашылық болмысы мен ақындық келбеті қалың оқырманға түйсіндіріп, түсіндіріп тұр деуге толық негіз бар.

Ақын шығармашылығының ауқымды бір арнасы — оның философиялық толғанысы мен лирикалық тебіренісінен туған сөзі мен сазы жарасқан әндері. Н. Айтұлы — қазақ поэзиясында ән-өлең жанрына шалқар шабытпен олжа салып, соны серпіліс әкелген қазыналы ақын. Оның «Ән домбыра», «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Дариға, дәурен»,«Қазақтай ел қайда» «Айхай, заман», секілді сан алуан туындылары халықтың сүйіп айтатын таңдамалы әндеріне айналған.

Сонымен бірге ақын — аударма өнері саласында өнімді еңбек еткен тәржіма тарланы. Ол аударған әйгілі Әлішер Науаидың «Ескендір қорғаны», «Ләйлі-Мәжін» дастандары мен «Ғазалдары», орыс халқының ежелгі қыпшақтармен арақатынасынан тамыр тартқан көне эпосы «Игорь жорығы туралы жыр» ежелгі әдебиеттің күмбірі мен дүбірін бүгінге жалғастырған алтын көпірге айналды.

Ол түріктің ұлы ақыны Жүніс Еміре, қытайдың көне дәуір ақыны Бо Цзю, Либай, француз ақыны Д. Родари, сондай-ақ, М. Исаковский, Р. Казакова, С. Михалков, С. Баруздин, В. Берестов, Т. Сыдықов, С. Жусуев секілді көптеген ақындардың өлеңдерін ана тілімізде сөйлетті.

Ақын Н.Айтұлының аударған шығыстың жеті жұлдызының бірі — Әлішер Науаидың «Ескендір қорғаны» мен «Ләйлі- Мәжін» дастаны «Хамса» (2019) деген атпен Халықаралық Түркі академиясы тарапынан жарық көріп, әдеби мұрамызды ежелгі түркі поэзиясының нәзік нақысымен байыта түсті.

Бұл кітапқа «Алғы сөз» жазған Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев: «Әлішер Науаидың «Хамса» шығармасының қазақ тіліндегі көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы аударған қос дастаны руханиятқа қосылған бағалы олжа болары анық. Лайым, ұлы шайырдың жауһар жырлары жас ұрпақты отансүйгіштік пен достыққа, адалдық пен парасатқа баули берсін!», — деп жоғары баға берді.

Шығармашылығы сан-салалы ақынның қазақ балалар поэзиясына қосқан қазынасы өз алдына бір төбе. Басқасын былай қойғанда, оның «Бәйтерек» поэмасы мен балаларға арнаған өлеңдері мектеп оқулықтарына кіргенін айтсақ та жеткілікті.

Бүгіндері ақындық лапылдаған отты сезімі парасаттың тұңғиық иірімімен ұштасып, лирикалық тұлғасы ұлтының болмыс-бітімі,арда қадір-қасиетімен етене қабысып кеткен ол алдыңғы абыз ағаларының ізін басып отаны мен мемлекетінің мүддесін қорғап ой толғайтын қайраткерлік белеске көтерілді.

Н.Айтұлы — қазіргі қазақ қоғамында қалыптасқан өзекті мәселелер, ұлтымыздың болашағы мен бүгінгі күніне әсер ететін көкейкесті оқиғалар туралы сергек пікір білдіріп, шұғыл ойларын жариялап, халқының ар-намысын жоқтайтын еркін ойлы санаткер. Ана тілі, ата ділі, ұлттық құндылықтар, әсіресе рухани өмірімізде толғағы жеткен түйткілді дүниелер ақынның назарынан ешқашан тыс қалған емес. Оның осы бағыттағы мақалалары мен сұхбаттары «Сарайымнан шыққан сөз» (2014) деген атпен көлемді жеке том болып жарыққа шығып, оқырманның құмартып оқитын кітабына айналуы — соның бір дәлелі.

Тұлпар қалам иесінің қатарластары мен әріптестері, әдебиеттанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері оны «Бостандық жырының боз жорғасы» (2017) деп атауы, ақын туралы зерттеулердің осы аттас кітапта топтастырылып оқырманға жетуі азаттықтың елең-алаңынан бері Алаш жұртының терең тарихын толқыта толғап, тәуелсіз еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігін шабыттанып жырлаған жемісті туынды иесі болуына берілген шынайы баға деуге әбден болады.

Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,


ақын, фольклортанушы ғалым


Рекомендовать
Последние новости