Елді дүрліктірмейік, біріктірейік!

Dalanews 04 мая 2020 05:18 1252

Қазақта "Тас түскен жеріне ауыр" деген мақал бар. Мән беріп қарасаңыз, мағынасы өте терең. Биыл 1 мамырда Өзбекстандағы "Сардоба" су қоймасының іргесі сөгіліп, Түркістан облысы Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланғанын жақсы білесіздер. Бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған арнайы топ Өзбекстанға аттанды. Ол жақта Су шаруашылығы министрлігімен ашық келісссөздер өткізуде. Сонымен бірге барлық құрылымдар күндіз-түні тынымсыз жұмыстар жүргізуде.

Дәл қазіргі жағдайда Мақтаарал ауданының 4 елдімекені яғни, Жаңатұрмыс (46 үй), Жеңіс (130 үй), Фирдоуси (250 үй) және Өргебас (194 үй) су астында қалды. Жалпы қызыл судан аудандағы 620 үйдің іргесі сөгіліп, құлауға айналған. Тұрғындарды көшіру үшін 22 эвакуациялық орын даярланып, онда орналасқандар саны 3500-ге жетті. Эвакуациялық бөлімдерде 120 медицина қызметкері тұрғындарды жіті тексеріп, қажетті көмек көрсетуде.

Ал полиция қызметкерлері Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фирдоуси, Өргебас елдімекендеріне 5 блок-бекет орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, көршілес Жетісай ауданы, Қоғалы елдімекенінде қауіпсіздікті күшейту мақсатында 5 техника, 508 адам жұмылдырылған.

Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданындағы су тасқынына орай ауыл шаруашылығы саласында қызыл су астында қалған егістік дақыл түрлері мен мал басы санын түгендеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жауапты іспен арнайы басқарма басшылары бастаған жұмысшы тобы айналысып жатыр.


Қазірдің өзінде мамандар 3600 гектардан астам ауыл шаруашылығы дақылдарының су астында қалып, зардап шеккенін анықтап отыр. Алдын ала болжам бойынша шығын көлемі 404 млн теңгені құраған. Әрине, бұл әзірге белгілісі ғана. Әсіресе, Жаңажол, Еңбекші ауыл округтеріне қарасты Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай ауылдарындағы алқаптар көптеп зардап шеккенін байқау қиын емес. Су астында қалған егістік алқаптың 85 пайызы мақта, қалғаны жоңышқа мен жүгеріге тиесілі.

Мақтаарал ауданында алдағы уақытта су басу қаупі бар ауылдарда малды эвакуациялау жұмыстары да тоқтаусыз жүргізілуде. Қазірдің өзінде су тасқыны орын алған және қауіпті деп танылған 7 елдімекеннен яғни, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай, Фердоуси, Еңбекші, Нұрлытаң, Өргебас ауылдарынан 3115 ірі қара, 1101 жылқы, 585 қой, 34 түйе қызыл су шаймаған алқаптарға шығарылды. Ал суға кетіп өлген мал санын әзірге анықтау тіпті мүмкін емес. Бұл жұмыстарға тасқын судың әлі де болса тоқтамай тұрғаны қолбайлау екенін айтпаса да түсінікті.

Бұл ретте халыққа айтарымыз, тұрғындардың үйлері, өлген малдары мен шығындары есептеліп, тізім жасақталады. Соған сай көмек көрсетіледі. Сондықтан шығынымыз өтелмей қала ма деп алаңдауға негіз жоқ.


Міне, қарасаңыз, төтенше жағдай аймағында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының өзі бас болып, орынбасарлары, басқарма басшылары, бөлім мамандары, полиция мен төтенше жағдай, медицина қызметкерлері, БАҚ өкілдерінен құралған 600-ге жуық адам Мақтаарал ауданында күндіз-түні тынбай жұмыс істеуде. Кім үшін? Әрине, халық үшін. Өйткені қасиетті Мырзашөл өңірі – Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі қозғаушы күші.

Халқы еңбекқор, азаннан қара кешке дейін егін егіп, адал маңдай терімен нәпақа тауып отырған шаруалар шоғырланған аудан. Міне, ең бірінші кезекте осы азаматтардың қауіпсіздігі мен өмірі қорғалуы тиіс. Осы тұрғыдан қарағанда біз мырзашөлдіктердің қасынан табылып, қиын сәтте демеу беруге, қол ұшын созуға міндеттіміз.

Десек те, соңғы екі-үш күнде әлеуметтік желілерде "Өзбекстан суды әдейі жіберіпті. Су қоймасын біреулер қасақана бұзыпты. Жергілікті билік төтенше жағдайдың туындайтынын біле тұра, әрекетсіз отырды. Су тасқыны болатынын ескертпеді. Неге алдын ала айтпайды?" деген сыңайлы пікірлер жазылуда. Бір нәрсе анық. Жедел штаб құрылып, тынбай жұмыс жүргізіп жатыр. Сондықтан егер нақты көз жетпесе, түрлі қауесет ақпар таратып, ел ішіне негізсіз дүрбелең салуды қою керек. Халық онсыз да коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдайдан үрей құшып отырғанда одан бетер үркіте беру, қорқыта беру азаматтыққа жатпайды деп есептеймін. Мыңдаған адамға қызмет көрсету барысында кемшіліктер кездесуі мүмкін. Түрлі проблемалар да туындауда. Дегенмен мемлекет барынша елді қорғауға, қауіпсіздігін сақтауға күш салып жатқанын мойындаған жөн.

Қашанда жұртты сырттай сынау, мінеу оңай. Топан су тұтас елді әбігерге салып тұрған сәтте алыстан дәлелсіз ақпарат таратудан гөрі еріктілер қатарына қосылуды ұсынамыз. Мақтааралға келіп, қызмет етіп, патриот екенімізді көрсетейік. Ораза айында Мақтаарал, Жетісай ауданының халқына жақсылық тілесеңіз, сіздің елге жасаған сауапты ісіңіз саналары сөзсіз.

Жасыратыны жоқ, өз үйін өлең төсегін, пәлен жыл тер төгіп, тұрғызған баспанасын, табан ақы, маңдай терімен жинаған мал-мүлкін ешкім далаға бостан-босқа тастап кеткісі келмейді. Амалсыздан шиеттей бала-шағасы мен өздерінің бас амандығын ғана ойлауға мәжбүр болары хақ. Сондықтан біз қиындыққа ұшыраған қарапайым халықтың, жаны жомарт мырзашөлдіктердің жағдайын жасап, барынша қолдау көрсетуіміз керек.

Құрметті ағайындар! Мен сіздерді қиындыққа тап болған мақтааралдықтарға қолдау білдіруге шақырамын. Атымтай Жомарт, қолы ашық, қайырымды азаматтар үшін "Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қоры жұмысын бастағанын хабарлауды жөн көріп отырмын.


Қазақ даласының түкпір-түкпірінен ел мырзашөлдіктерге тілеулестік білдіріп жатыр. Бүгін топан судан зардап шеккен халыққа көмек беру үшін алғаш болып, Жамбыл облысынан 30 тонна азық-түлік, киім-кешек тиелген үш жүк көлігі келе жатқанын қуана жеткізгім келеді. Осындай қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп жатқан Мырзашөл халқына шынайы қолдау білдірген көрші облыстың басшылығы мен халқына шынайы алғыс айтамын. Баршаңыздың жасаған жақсылықтарыңыз Алладан мың еселеп қайтсын! Гуманитарлық көмекті жергілікті ақсақалдар, партия және қоғам белсенділерінен құрылған топ қадағалауға алады. Әрбір тұрғынға көмекті жеткізіп, қиындықта бір-бірімізге демеу болайық.

Бейсен ТӘЖІБАЕВ, "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

 

Рекомендовать
Последние новости