Депутатпен жанжалдасып қалған шенеунік жаңа қызметке тағайындалды

Қаракөз Амантай 09 февр. 2024 12:58 2976

Бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек Жамбыл облысы әкімдігінде жаңа қызметке кірісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президент әкімшілігінің келісімі бойынша, Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес, Тамабек Әбілхайыр Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Еске салайық, күні кеше Үкіметтің баспасөз қызметі Әбілхайыр Тамабек басқа жұмысқа ауысуына байланысты ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметінен босатылғанын хабарлаған болатын.

Бұрынғы вице-министр былтыр қыркүйекте көпшіліктің қызу талқысына түскен еді. Өйткені шенеунік Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында Respublica партиясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаровпен жанжалдасып қалды. Мәжілістегі отырыста дау депутаттың фермерлер қиын жағдайда екенін айтқан мәлімдемесінен кейін туындаған. Депутат фермерлердің көктемде егін егетін ештеңесі жоқ екенін мәлімдеген. Бұған жауап ретінде вице-министр "Азық-түлік корпорациясының" тұқым ретінде пайдалануға болатын бір тонналық астық қоры бар екеніне сендірген.


Рекомендовать
Последние новости