Депутат Бапи спорт федерацияларында кландық құрылтайшылар отырғанын айтты

Сағыныш Сардарова 13 нояб. 2024 14:44 1850

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи спорт саласындағы тағы бір мәселені ашық айтты. Бапидың сөзінше, жергілікті аймақтық және республикалық спорт федерациялары дербес жұмыс істейді, осы тұста реформа жасайтын уақыт жеткен,деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат бұл жағдай мүдделер қақтығысына және жауапкершілік салғырттығына әкеп соқтыратынын да айтты.

Бапи Мәжілісте сынға қалған футбол федерациясы клубтарды алалауға көшкенін де мәлім етті.

"Министрлік пен спорт федерациялары арасындағы қарым-қатынасты реформалайтын уақыт келді. Мәселен, кейбір салалық спорт федерациялары "өзім білемдікке" салынып жатыр. Мәжілістің жуықтағы жалпы отырысында депутат Қазыбектің сынына ұшыраған футбол федерациясы футбол клубтарын алалауға кірісті. Мысал үшін Орал қаласының "Ақ жайық" клубы қаржыландырудан қағылып, жабылып қалудың алдында тұр", - деді ол.

Ермұрат Бапидың пікірінше, кейбір спорт федерацияларының құрылтайшылары да кландық негізде жасақталған.

"Ушу және кунг-фу федерациясының құрылтайшылары кландық негізде жасақталып, жекеменшік федерацияға айналып кеткен. Соның салдарынан Әлем чемпионатының жүлдегерлері Қазақстан құрама командасына алынбай, спортшылар спорт әкімшіліктерінің есігін тоздырып, шағымдануға мәжбүр болып жүр.

Сондай-ақ министрлікке қатысты жекелеген арнайы спорт колледждерінде талантты жас спортшыларды алалау деректері кездеседі. Ірі халықаралық турнирге колледж басшыларының "любимчиктері" барады, ал талантты жастар шет қақпай қалады. Ұлттық намыс пен мемлекеттік мүдде әдірем қалған бұл жерлерде", - дейді депутат.


Рекомендовать
Последние новости