Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желілерге тіркелу үшін балаларға жас шектеуін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың сөзінше, Қазақстанда бала TikTok немесе Instagram-ға 5-6 жастан бастап еш кедергісіз тіркеле алады.
"Тіпті ата-анасының келісімінсіз әрі ешқандай верификациясыз тіркеле алады. Сосын ол кез келген контентке толық қол жеткізе алады. Ал көптеген елде бұл мәселе заңмен реттелген. Мысалы, Дания мен Аустралияда тіркелуге рұқсат жасы - 15-16 жас. АҚШ, Ұлыбритания және Ирландияда да шектеулер енгізілген: жас бойынша және әлеуметтік желіге тіркелу тек ата-анасының расталған келісімімен жүзеге асады", - деді ол.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун депутаттың сауалына жауап беріп, Қазақстанда әзірге қатаң шектеулер енгізу жоспарда жоқ екенін, бірақ бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
