Декларация әлегі: Қарызға белшесінен батқан қара халықты әуреге салудың не керегі бар

Кәмшат Тілеухан 14 нояб. 2024 12:16 1089

Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың III және IV кезеңдерінің күшін жою туралы петиция жарияланды. Онда табысының жартысынан көбі тек ішер асына кететін қара халықты бос әуреге салмай, декларациялаудан босату сұралады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Петиция авторлары "Қазақстан жеткілікті деңгейде цифрландырылған және мемлекеттік кірістер органдары барлық банктік операцияларды көріп-біліп отыр деп санайды.

"Сондықтан халықты жаппай декларациялауға тартуға негіз жоқ. Тапқан табысының жартысынан көбін тамаққа жұмсайтын, оның үстіне несиеге әбден белшесінен батқан қара халықты декларациялаудың не керегі бар...  Жалпы декларациялау талабы енгізілген қолданыстағы салық заңнамасында, керісінше, қоғамға түк пайдасы жоқ салық міндеттемелерін теріс пайдалануға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар, тіпті салықтық жеңілдіктерді де қамтитын нормалар бар", делінген петицияда.

Құжат авторлары жалпыға бірдей декларациялаудың ІІІ және IV кезеңдерінің күшін жою немесе оны заң тұрғысында нақтыланбаған тұстарын түзеп алу үшін бес жылға шегере тұруды сұрайды.

Аталған петиция мәтінімен мына арадан танысуға болады. 

Айта кетсек, жалпыға бірдей декларациялаудың ІІІ кезеңінде, яғни 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыптары) болып табылатын барлық жеке тұлғалар бар табысы бойынша есеп беруі тиіс. Ал IV кезеңде, яғни 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны қалған азаматтар (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар) тапсырады. 

Бұған дейін декларация тапсырмағандарға бір ай мүмкіндік берілгенін жазған болатынбыз. Ал осы мерзімде оны өткізбегендердің банк шоттары бұғатталуы мүмкін екені де ескертілген. 


Рекомендовать
Последние новости