ҚЫЗЫЛ ОРМАН: БІР АУЫЛ. БІР ГЕКТАР. БІР САЯБАҚ

Dalanews 11 нояб. 2024 23:33 1647

 Қазақстан жер көлемінің үлкендігі жағынан әлемде 9-шы орында. Алайда қалада үй салатын жер жоқ, ауылда мал жаятын жер жоқ. Қазақ жерінің 95,5%-да ағаш жоқ. Қалған 4,5% жердегі ағаштың тең жартысы – сексеуіл. Қаламыз бен даламызда ағаштар ассортименті аз, декоративтілігі төмен. Аз ғана орманымызды жыл сайын алапат өрттер жалмап жатқаны тағы бар. Орманымызбен бірге арманымыз өртенуде. Ағаштың маңыздылығын көп адам білмейді немесе түбегейлі түсінбейді.  Олар үшін ағаштар небары отын, тақтай, өзідігенен өсіп тұрған жай бір жасыл өсімдік. Алайда күн қатты ысытқан жағдайда жалғыз ағаштың көлеңкесіне тығылады.

Маңайларда шашылып жатқан целофан пакеттер, пластик қалдықтары экологиялық проблема емес, ол небары басқару жүйесінің нашарлығының көрінісі. Егер қоқысты сұрыптау, оны бақылау, қайта өңдеу мәселелерін жүйеге келітіріп, тәртіп пен заңды қатайтса, бұл мәселе өз шешімін табады. Ал нағыз экологиялық проблема, ол – топырақтың тозуы, судың тартылуы, қуаңшылық пен құрғақшылық.

 АҒАШ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУ

Қазақстан климатын ондаған жылдар бойы зерттеген Франция мен Голландия ғалымдарының болжамына  сүйенсек, болашақта елімізді нашар экологиялық ахуал күтіп тұр (Казахстан может превратиться в самый жаркий и засушливый регион на планете - https://www.youtube.com/watch?v=8D-YKgj-TxI). Жердің тозуы, CO₂ деңгейінің көтерілуі аса қатты қарқынмен жүріп жатыр. Құрғақшылық пен қуаңшылықтың алдын алу үшін радикалды қадамдар жасап, даламызды да, экономикамызды да «жасылдандырмасақ» жағдай қиындай түседі – деп, кеңес береді.

Жаһандық жылыну — жердің бетіндегі орташа температураның артуы. Соңғы жүз жылда температурасы шамамен 1°С-қа артты. Салыстырмалы айтсақ, егер адам температурасы 1°С-қа көтерілсе денеде ылғал жоғалтып, ағза ауырып қалады. Сол сияқты климат не бары бір градусқа жоғарыласа, табиғатқа кері әсер қатты болады. Күн қатты қызғанда, жердің беткі қабатындағы микроорганизмдер жойылып кетеді. Сондықтан топырақ көлеңкеге зәру. Біз оны тек жасыл желектер, ағаштар отырғызу арқылы ғана реттей аламыз. Ол үшін әуелі қоғамда эко сана мен дағды қалыптастыру жолдарын табу керек.

Бір ағаш бір жылда ауаны 28 келі ластанушы заттардан тазалайды. 13 000 литр жаңбыр суын сіңіреді де, тасқындардан сақтайды. Ауаны салқындату жағынан жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін 10 кондиционерді алмастыра алады.

АҒАШ ЖӘНЕ ҚАЛА

Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда тар жерлерде тығыз-тығыз бой көтеріп жатқан зәулім тұрғын үй кешендері мен түрлі ғимараттар, ағаштар мен басқа да өсімдіктерге мүлдем орын қалдырмауда. Қалалардың қазіргі құрылымдық жүйесі адамдар үшін емес, көліктер мен ғимараттар үшін жасалғандай. Аулаларда күн сәулесі мен құнарлы топырақ аз. Бетондалған тас жолдардың кесірінен өсімдіктер кеңінен тамыр жая алмайды. Кеңістік азайды, фотосинтез бұзылды, өмір сүру ортасы күрделеніп кетті. Өсімдік болмаған жерде топырақтағы басқа да тіршілік иелеріне қажетті микроклимат қалыптаспайды. Көгалды жермен салыстырғанда, тасты жердегі күн қызуы бірнеше есе жоғары.

АҒАШ ЖӘНЕ СУ

Біздің қоғамда «ағаштарды сақтайтын – су» деген біржақты түсінік бар. Негізінде су ағашты ұстамайды, көбіне ағаш суды ұстайды. Ағаш өскен жерлерде жерасты сулары жоғары тартылып көтеріліп тұрады. Ормандар қырқылған жерлерде топырақ тозып, құрғақшылық басталады.

Елімізде жыл сайын: қыста қатты аяздан қалаларымызда құбырлар жарылып, ауылдар қар астында қалады, көктемде алапат су тасқыны болады, жазда  қуаңшылық, құрғақшылық болады, күзде алқаптар мен ормандар өртенеді. Көктемдегі қар суын ұстап, сақтап қалуда және тасқындарды болдырмауда ағаштардың рөлі ерекше. Ағаштар көп өскен жерде қар бірден жоғалмай ақырындап еріп, сол жерге сіңіп, жағалауларда жиналып, ұзаққа сақталады.

Осыдан небары 30-40 жыл бұрын ауыл маңындағы өзендердің тереңдігінен тұрғындар атпен өте алмаған екен. Қазір ол жерлердің көбінде бір тамшы да су жоқ. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда көлемі 1 гектардан асатын 84 000 көл болса, қазір соның 14 000 ғана қалған. Ал ұзындығы 1 шақырымнан асатын 44 000 өзендер болса, қазір 4000 ғана қалған. Бұл өте қорқынышты жағдай. Егер су болмаса, Қазақстан аграрлы ел болады деген сөзді біржола ұмыту керек. Су жоқ жерде ауыл шаруашылығы жоқ деген сөз.

АҒАШ ЖӘНЕ АУЫЛ

Елімізде халық саны жылдан-жылға арта түсуде. Сонымен қатар мал шаруашылығы да ұлғайып, мал басы да көбеюде. Соған сай жайылымдық жер тарылып, жағдайы күнен-күнге нашарлап барады. Жер жетіспегендіктен, халықтың малы жыл бойы тек қана ауыл маңында жайыла беріп, топырақты тоздырып жіберді. Күн сайын бір жерге жайылған орында малдың жапасы (көңі) сол жерде көбейе береді. Ол – зиянкестерге таптырмас азық, яғни  жәндіктердің шектен тыс көбейіп кетуіне әкеліп соғады. Зиянкестермен қоректенуге небір жабайы аң, тышқан, егеуқұйрық т.с.с ауылға жақындай береді. Олардан тарайтын аурулар, жайылған малмен ауылға жетіп, мал өнімін тұтынушы жергілікті халықтың денсаулығына зардабын тигізеді. Осы зиянды циклді тоқтатудың бірден бір жолы – топырақ құнарын қайта қалпына келтіру. Оның табиғи әрі төте жолы – жерімізге көптеп ағаш отырғызу. Еліміздің символы жалаң дала емес, ормандар болуы керек! Бұл сұрақтарды жергілікті халыққа да, экологияға тікелей пайда әкелетін көпфунционалды, новаторлық идеямен шешпесе мәселе созыла береді.

ҚЫЗЫЛ ОРМАН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ

Құрғақшылықтан тозып бара жатқан жерімізді құтқарудың амалы – жұртшылықты инновациялық тәсілмен ағаш отырғызуға ынталандыру. Ұсынылып отырған жобаның мәні – ерекше әрі әдемі біртүсті ағаштардан монохромдық саябақ арқылы, адамдарға қоршаған ортаны сүюге бағыттау. Адамдарды әдемі саябаққа қызықтыру, демалыс сыйлау арқылы ағашты, өсімдікті культке айналдыру.

Осы мақсатта БҰҰДБ арқылы жүзеге асырылатын ғаламдық Экологиялық Қорының Шағын Гранттар Бағдарламасы (ғЭҚ ШГБ) аясында «Қызыл орман» агро-экотуристік паркі – ауылдық аумақтарда тозған жерлерді қайта қалпына келтірудің жаңа моделі атты жоба басталды. Оны «Exclusive Fund» жеке қоры жүзеге асырады. Алматы облысы, Талғар ауданында болатын «Қызыл орман» агро-экотуристік парк композициясы – көктемнен күзге дейін қып-қызыл болып тұратын қызылжапырақты ағаштар мен жапырағы күзде қызаратын ағаш-бұталардан және қызыл гүлдерден тұрады. Жоба қызылағаштар мұражайы сынды ішкі-сыртқы туристерді тартатын өлкеміздің «визит картасына» айналмақ. Бақтағы ағаш-бұталардың барлығы ханымдарға құрмет ретінде қазақ әйелдері есімімен аталатын болады. Сонымен қатар қызыл жемістер беретін ағаштар аллеясы да жасалады. Отырғызатын ағаштардың сұрпы мен түрлері елімізде алдын ала апрбациядан өткен, аудандастырылған. Енді кешенді түрде жүзеге аспақ. Қазіргі белгілі эксперттер мен ғалымдар, ландшафтниктер бұл жоба идеясымен таныс және бірігіп жұмыс істеуге мүдделі. Жоба ҚР Экология және табиғи ресурстар министріне, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне таныстырылды.

«БІР АУЫЛ. БІР ГЕКТАР. БІР САЯБАҚ»

Жобаның тікелей мақсаты бір гектар жерде ауылдық аумақтарда тозған жерлерді қайта қалпына келтіруге бағытталған «Бір ауыл. Бір гектар. Бір саябақ» қоғамдық-жекеменшік саябақтың типтік үлгісін жасау. Жоба аясында жекелеген азаматтар, жергілікті қауымдастықтар, қоғамдық ұйымдар, компаниялар, ауыл-аудан әкімдеріне осы модель насихатталады. Әрине ол барлық жерде қызыл ағаштарды қайталау дегенді білдірмейді. Мүмкін біреу тек қана емен, қарағай, аққайың бағын немесе жәй қарапайым бақ жасауы мүмкін. Түпкі мақсат ағаш отырғызу арқылы топырақ тозуының алдын алу, гүл өсіру мәдениетін, экологиялық сана мен дағды қалыптастыру. Елдімекендерде маман тапшы, кей сұрақтардың жауабын білмегендіктен көпшілік бұл бағытқа бара бермейді. Сондықтан біз бір гектар жерді өлшем ретінде алып – әр жердің климатына байланысты қандай ағаштар егуге болатыны, сорттар мен түрлерін қайдан табу керек, күтіп-баптау тәсілдері, топырақ құнарын арттыру мен су үнемдеу технологияларын пайдалану реті, саябақтың сметасы, жұмсалатын уақыт пен еңбек шығындары туралы дайын технологиялық пакет жасалмақ. Жаңа технологияларды тәжірибеге енгізу арқылы тұрақты шаруашылық жүргізу әдістеріне оқыту, жеке саябақтардың ауылдық жерде кәсіпкерлікке жол ашып, жаңа баламалы табыс көзіне айналатынын, экологиялық және экономикалық тиімділік әкелетінін түсіндіру шараларын жүргізу көзделуде.

Қазақстанда адам қолымен жасалған туристік объектілер аз болған соң, көпшілік жабайы табиғатта демалады. «Дубай паркіне» барған сияқты адамдардың ағаш, гүлдермен мақтанып түскен фотосуреттерін көрмейміз. «Қызыл орман» агро-экотуризм саябағында түрлі мүсіндер, пергола, арка, конструкциялар мен инсталляциялар, композициялар, фотозоналар көптеп жасалады. Түрлі арт және әлеуметтік іс-шаралар, балалар шеберлік сыныптары, эко-сабақтар өткізілмек.

«Exclusive Fund» жеке қорының директоры,Айдос Аманкелдіұлы

 

 

 

 

 

 


Рекомендовать
Последние новости