ДДСҰ алкоголь, темекі және тәтті сусындар бағасын 50%-ға дейін арттыруды ұсынды

Кәмшат Тілеухан 03 июл. 2025 16:23

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тәтті сусындар, алкоголь және темекі өнімдерінің бағасын 2035 жылға дейін 50%-ға дейін көтеруге шақырды. Бас ұйым осылайша қант диабеті, жүрек аурулары мен қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімді азайтуға болады деп санайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) "3-ке 35" деп аталатын жаңа бастамасы темекі, алкоголь және тәтті сусындармен күресуге бағытталған.

ДДҰ-ның жақында жариялаған есебіне сәйкес, бұл өнімдерге бағаны бір реттік 50%-ға көтеру алдағы 50 жыл ішінде 50 млн мезгілсіз өлімнің алдын алуы мүмкін.

"Денсаулық үшін салынатын салықтар — біздің қолымыздағы ең тиімді құралдардың бірі. Олар зиянды өнімдерді тұтынуды азайтып, үкіметке денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларына қайта инвестициялауға мүмкіндік береді. Енді әрекет ететін уақыт келді", делінген ұйымның үндеуінде.

Аталмыш бастаманың  мақсаты – алдағы 10 жыл ішінде 1 трн доллар қаражат жинау. 2012–2022 жылдар аралығында әлемнің 140-қа жуық елі темекі өнімдеріне салықты арттырған. Бұл шылым бағасының 50%-дан астам өсіміне алып келді.

Айта кетсек, Дүниежүзілік банк Қазақстанға халық денсаулығын жақсарту мақсатында құрамында қанты бар сусындарға акциз енгізуді ұсынған еді, өйткені елде әрбір төртінші бала семіздікке немесе артық салмаққа шалдыққан.

Бұған дейін елімізде темекі тағы да қымбаттауы мүмкін екенін жазғанбыз.


Рекомендовать
Последние новости