Дәурен Әбен: АЭС-ті басқа қуат көздерімен сауатты түрде үйлестіру – энергия тапшылығын шешудің тиімді жолы

Азамат Қойшығара 30 сент. 2024 17:00 2142

Соңғы кездері күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – елімізде бейбіт атом электр стансасын салу. Болашақта кездесетін энергетика тапшылығын жоюдың бірден-бір жолы саналатын бұл жоба туралы ел ішінде түрлі пікір айтылуда. Қалай десек те, алдағы 6-қазан күні жалпыхалықтық референдум өтіп, бұл тақырыптың нүктесін өзіміз – халық қоятын болады. Ал әлгі дүдәмал сауалдарды біз белгілі сарапшы – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбенге қойып көрдік.

- АЭС құрылысына қатысты қазіргі қоғамның пікірі екіге айырылып тұр. Алайда, әлемнің дамыған елдері мұндай энергетика көзінің игілігін көріп отырғанын білеміз. Мұнайдың үстінде отырған, баламалы энергия көзі тақырыбында ЭКСПО көрмесін өткізіп, осы бағытта талай шаруаны атқарып үлгерген Қазақстанға тап бүгін мұндай ауқымды жоба қажет пе? Сіздің пайымыңыз қандай?

- АЭС-тің салынуы Қазақстан энергияның баламалы және жаңғыртылатын түрлерін дамытпайды деген сөз емес. Біздің еліміз 2050 жылға қарай барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысын баламалы энергия көздеріне ауыстыруды жоспарлап отыр, ал халықаралық деңгейде 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа қол жеткіземіз деп міндеттеме алдық. Екі мақсат та оңай шаруа емес, көп жұмысты талап ететін өте күрделі мәселелер.

Сонымен қатар, мемлекет көмір және басқа да қазба отынмен жұмыс істейтін энергетикалық нысандарды көміртегі шығарындыларының деңгейін төмендететін заманауи технологияларға көшіреді немесе экологиялық талаптарға сай жаңа нысандар салады.

Атап өтетін тағы бір жәйт, Қазақстан жалпы ішкі өнім бірлігіне келетін парниктік газдар шығарындылары бойынша әлемде алғашқы орындарда тұр. Атом энергиясы əлем бойынша таза жасыл энергия көзі ретінде танылып отырғанын ескерсек, АЭС құрылысы жоғарыда айтылған мақсаттарға жетуге көмектесетіні сөзсіз.

Одан басқа, энергия көздерін әртараптандыру Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті позициясын арттырады, ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтады, өнеркәсіптің жоғары технологиялық салаларын дамыту үшін негіз жасайды, сондай-ақ экологиялық проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысына қатысты халықтық референдум өткізуді 6 қазанға бекіткенін білеміз. Таяуда еліміздегі зерттеу институттарының бірі қазақстандықтардың 60 пайызы референдумда дауыс беруге әзір деген ақпарат таратты. Осы науқаннан қандай нәтиже күтесіз?

- «Атом энергиясын пайдалану туралы» заңға сәйкес, ядролық қондырғыларды салу және салу ауданы туралы шешімді аумағында қондырғы құрылысы жоспарланған жергілікті өкілді органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды. Алайда, АЭС салу жобасы қоғамда қызу пікірталас тудырғанын ескере отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені жалпыұлттық референдумға шығару туралы шешім қабылдады. Сөйтіп ол 2019 жылы берген уәдесінде тұрды. Сол кезде Мемлекет басшысы АЭС құрылысы күн тәртібіне енген жағдайда міндетті түрде халықпен ақылдасатынын, тіпті қажет болса бұл «өте жауапты, өзекті мәселе» бойынша референдум өткізетінін айтқан болатын.

Әзірше референдум қандай нәтижемен аяқталатыны туралы пайымдау ерте деп есептеймін. Билік үшін халықтың оған деген сенім деңгейін көрсететін ең маңызды мәселе – сайлаушылардың қатысу пайызы. Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың (12,2 миллион адам) жартысынан көбісi дауыс беруге қатысса, референдум өткiзiлген деп саналады.

Егер қойылған сұраққа қатысқан азаматтардың жартысынан астамы «иә» деп жауап берсе, Қазақстанда АЭС салуға жол ашылады.

Қалай болғанда да, референдумның өткізілуі Қазақстан басшылығының маңызды шешімдерді қоғам пікірін ескере отырып, демократиялық үдеріс арқылы қабылдауға ұмтылуының белгісі.

– Қазақстан АЭС салу ісін халықтың талқысына ұсынып, рефрендум өткізуге шешім қабылдаған жалғыз ел болып тұр. Бұдан елімізде азаматтық қоғамның өрісі кеңейіп, дамып келе жатқанын байқаймыз ба?

– Елімізде атом электр станциясын салу мәселесінде референдум өткізу – елдің энергетикалық болашағы мен экологиялық қауіпсіздігіне қатысты аса маңызды шешім қабылдаудың ашық және демократиялық тәсілі. Һз басым мұндай референдум өткізуде билік орындары маңызды бірінеше аспектілерді басты назарға алды деп есептеймін. Өзіңізде білесіз, референдум – халықтың тікелей дауыс беру арқылы маңызды мемлекеттік шешімдерге ықпал ету құралы. АЭС құрылысы секілді стратегиялық жобалар ұзақ мерзімді маңызды жоба. Сондықтан бұл бағытта халықтың пікірі мен келісімі маңызды. Бұл үдеріс азаматтарға мемлекет саясатына жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік беретінін ұмытпауымыз керек.

АЭС салу мәселесі бойынша қоғамда әртүрлі пікір бар екенін өзіңіз де білесіз. Біреулер оны экономикалық және энергетикалық тұрақтылықтың кепілі деп санаса, басқалары экологиялық және радиациялық қауіптерге алаңдайды. Референдум өткізу арқылы үкімет бұл пікірлерді ескеріп, консенсусқа қол жеткізуді өз басым маңызды мәселе деп есептеймін. АЭС салу ол кезекті бір зауыт салу емес. Бұл экология мен адам денсаулығына ықтимал әсер ететінін нысан екенін естен шығармауымыз керек. Бұл ретте кейбір азаматтардың алаңдаушылығын түсінуге болады. Фукусима және Чернобыль апаттары сияқты тарихи оқиғалар бұл тақырыпқа ерекше назар аудартты. Референдум арқылы халық экологиялық қауіптерге қатысты өз көзқарасын білдіре алады.

Осы ретте елімізде АЭС салу энергетикалық тәуелсіздікті нығайту мен жасыл энергетиканы дамыту стратегиясының маңызды бөлігі десек те болады. Ядролық энергияның экономикалық тиімділігі жоғары, алайда оның салдарын ұзақ мерзімде бағалау қажет. Халықтың бұл бағытты қолдауы немесе қарсы болуы елдің энергетикалық саясатын айқындайтынын ұмытпауымыз керек.

Референдум өткізу Қазақстанның демократиялық принциптерге адалдығын және халықтың пікірін ескеруге ұмтылатынын көрсетеді. Бұл халықаралық қауымдастық алдында елдің саяси беделін нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан АЭС салу бойынша референдум өткізу – елдің энергетикалық стратегиясын анықтауда маңызды қадам. Бұл шешім тек үкіметтің емес, бүкіл халықтың қатысуымен қабылдануын өз басым қолдаймын. Өйткені оның әсері тек қазіргі ұрпаққа емес, болашақ ұрпақтарға да тиеді. Референдум халықтың демократиялық құқығын іске асырудың және елдегі маңызды мәселелер бойынша ашықтықты қамтамасыз етудің тиімді құралы екенін естен шығармауымыз керек.

– Дәурен мырза АЭС-тің қауіпсіздігі жайында не ойлайсыз?

– Қазір АЭС әлемдегі энергияның экологиялық таза әрі тиімді түрлерінің бірі саналады. Бірақ оның құрылысы мен пайдалану қауіпсіздігіне қатысты мәселелер әрқашан маңызды деп есептеймін. Қауіпсіздік тек технологиялық аспектілерге ғана емес, сондай-ақ экологиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелерге де қатысты болуы керек. Осы мәселеге қатысты біраз ізденгенімде АЭС-тің қауіпсіз жүйелері белсенді және пассивті деп екіге бөлінеді екен. Белсенді жүйелер (мысалы, салқындату жүйесі) сыртқы энергия көздеріне тәуелді болса, пассивті жүйелер электр қуатынсыз да жұмыс істей беретін бөліктерін жатықады екен. Қазіргі реакторлар бірнеше қабаттан тұратын қаптамамен жабдықталған. Бұл жүйе радиацияның сыртқа таралуына жол бермейді. Сондықтан айналаға радиация таралып кетеді деп қауіптенуге негіз жоқ. Сонымен қатар қазіргі реакторлар жұмысын жылдам тоқтататын автоматтандырылған жүйелермен жабыдықталатынын естен шығармауымыз керек.

АЭС құрылысы үшін алаң таңдау кезінде жер сілкінісі қаупі жоғары аймақтардан аулақ болу қажет. Заманауи станциялар сейсмикалық тұрақтылық стандарттарына сәйкес жобаланады, яғни жер сілкінісі болған жағдайда да зақымданбай жұмыс істеуі тиіс.

- АЭС төңірегіндегі тағы бір сауал – «Құрылысты қай мемлекеттің мамандары жүргізеді?» дегенге саяды. Осы орайда, Оңтүстік Корея, Ресей, Жапония сияқты елдердің аталғаны аян. Бұл орайда, Түркияда жүргізіліп жатқан станса құрылысын көршілеріміздің салып жатқаны айтылады. Оны біздің біраз журналистеріміз, ғалымдарымыз көздерімен көріп келді, қателеспесем.

Сарапшы ретінде Қазақстандағы маңызды жобаны қай мемлекеттің мамандары қолға алғанын қалайсыз?

- Бүгінде АЭС-ті қай елдің компаниясы салады деген сұраққа жауап беру тым ерте. Алдағы референдумда ел азаматтарының басым бөлігі АЭС құрылысын қолдап дауыс берсе, уәкілетті орган еліміз үшін барынша оңтайлы және тиімді шешім қабылдайтыны анық.

Мердігерді таңдағанда сан-алуан аспектілер ескерілетін болады, соның ішінде техникалық сипаттамалар, қауіпсіздік деңгейі, қаржыландыру шарттары, экономикалық тиімділігі, қоршаған ортаға әсері және тағы басқалар. Ең бастысы – бұл шешім ұлттық мүдделердің басымдығы мен прагматизм қағидасына негізделуі тиіс.

- Атом электр стансасының пайдасы жөнінде түрлі пікір айтылып жатыр. Қайсысын құптайсыз, алып-қосарыңыз бар ма?

- Халқымыз Қазақстанды болашаққа ұмтылған ел ретінде қарастырса, негізсіз үрей мен фобияға берілмеу керек. Қазіргі таңда электр қуатының тапшылығы бізді энергияны шетелден қымбат бағаға сатып алуға мәжбүрлеп, көршілес елдерге тәуелді етіп келеді, ал бейбіт атом энергетикасының әлеуетін пайдалану Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.

Елімізде адам саны өсіп, жаңа өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық нысандары пайда болуда, көлік-коммуникация инфрақұрылымы кеңейіп жатыр. Экономикамыз электр қуатымен тұрақты және жеткілікті түрде қамтамасыз етілмесе, дағдарысқа ұшырауымыз әбден мүмкін.

Ал АЭС-ті басқа қуат көздерімен сауатты түрде үйлестіру энергия тапшылығы мәселесін шешудің тиімді жолдарының бірі болып табылады. Сонымен қатар АЭС жобасын іске асыру арқылы қосылған құны жоғары ядролық өнімдерді өндіруге және ядролық медицина сияқты салалардағы зерттеулер мен инновацияларды дамытуға мүмкіндік туғызады.

- Әңгімеңізге рахмет!


Рекомендовать
Последние новости