Дәрігерлер: "Нұр-Сұлтанда вирустық менингитпен 240 адам ауырған"

Dalanews 11 сент. 2019 15:37 770

Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарға вирустық менингиттің ерекшелігі мен оның менингококты инфекциядан айырмашылығын түсіндіріп беру үшін арнайы брифинг өткізді.

Онда аурудың алдын-алу шаралары туралы да айтылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордада менингитпен ауырған науқастың жағдайы туралы ана мен бала денсаулығын сақтау саласына жауапты Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мағрипа Ембергенова айтып берді.

«Менингит екі түрге бөлінеді, әдетте вирустық инфекциядан туындайтын сірлі менингит жеңілірек өтіп, науқас одан толықтай айығады. Сондай-ақ, бактериялардың әсерінен туындайтын іріңді менингит те болады. Оның салдары анағұрлым қиынырақ», - дейді  Мағрипа Ембергенова.

Оның айтуынша, биылғы жылдың 8 айында Нұр-Сұлтан қаласында  вирустық менингитпен 240 адам ауырған, ал бактериялық менингиттің 7 жағдайы тіркелген.

Осы уақыт аралығында сірлі менингит асқынып, адам өліміне әкелген жоқ. Жалпы, энтеровирустық инфекция - бұл жыл сайын тіркелетін маусымдық ауру. Халық санының өсуіне және ауру үшін қолайлы кезеңге қарамастан, оның көрсеткіштері тұрақты.

"Осыған байланысты, қаладағы ешбір нысанда шектеу шаралары енгізілмейді, ауру маусымы  қарашаға дейін жалғасады", - деді ол.

Астана медицина университетінің балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Динагүл Баешева менингиттің белгілері, аурудың ағымы туралы айтып берді.


«Менингит ЖРВИ клиникасын бере алады (жөтел, қызудың көтерілуі,  мұрынның бітелуі), бұлшық еттерде, іште ауырсыну сезімі болуы мүмкін, ол көбінесе аппендицит белгілерін беріп, мидың жұмсақ қабығы да қосылуы мүмкін. Менингит кезінде тамақ ісіп, дене бөртуі мүмкін. Бөртпенің өзіне тән ерекшелігі болады: 3-4-ші күні бір уақытта аяқ, қол, дене, бетте (әрқашан емес) пайда болып, 2-3 күннен кейін кетіп қалады. Бұл аурудың маусымы - жаз және күз мерзімі. Жұқтыру мерзімі 2 күннен бір айға дейін созылады. Орташа алғанда 1-2 апта. Содан кейін ауру клиникасы дамиды», - дейді дәрігер.

Оның айтуынша, балалар үшін қауіпті негізгі инфекция көзі - субұрқақтар (жас балалар ойнап жүргенде суды жұтып, инфекцияны жұқтырады) мен жуылмаған көкөністер, жидектер мен жемістер. «Мәселен, ересектер инфекцияны жұқтырып, өздері байқамай жүре береді, ал балалар тез ауырады, әсіресе баланың иммундық жүйесіне қарай 10-12 жасқа дейінгі балар көп аурады», - деп толықтырды профессор.

Дәрігерлердің пікірінше, бірінші кезекте ата-аналар мұқият болып,  жауапкершілікпен қарау керек, егер бала толық  емделмеген болса, оны үйде толықтай емдеп, мектепке немесе балабақшаға жібермеген  жөн.

Рекомендовать
Последние новости