Бюджет құрылымын зерделеген сарапшы: Біздікі тек сату мен шашу...

Кәмшат Тілеухан 12 нояб. 2024 09:36 1369

"Байдильдинов. Нефть" парақшасын жүргізуші, мұнай саласы бойынша сарапшы Олжас Байділдинов көпті ойландырған сұраққа толыққанды жауап беретін желіде жазба жариялады. Ол өз жазбасында Қазақстан мен араб елдерінің мемлекеттік бюджетін жіліктеп шағып, салыстыра қарастырады. Анықталған қызықты жайт: арабтар тірнектеп тапқан табысын көбейтіп, жинай береді екен, ал қазақ билігі барын сатып, қолдағы ақшаны субсидия және тағы да басқа себепті-себепсіз амалдармен шаша береді екен. Автор стилистикасын сақтау үшін Dalanews.kz сайты жазбаны қазақшалап, сол күйінде жариялауды жөн көріп отыр.

"Блогты алыңыз, шолуларды қараңыз, ютубы көріңіз, ерінбегеннің бәрі Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірлігін салыстырып әлек. Бірақ олардың ешқайсысы екі мемлекеттің бюджетін өмірі салыстырып көрмепті. Онысы бекер енді. Популист немесе хайп жасағыш болсам, бұл жағын мен де "жауып қоя салар ем"...  Сондықтан популист болмағаныма шүкір деңіздер)

Сонымен, 2025 жылғы БАӘ-нің мемлекеттік бюджеті 71,5 млрд дихрам немесе 19,5 млрд долларды құрайды! "Не дейді тағы? Бір Дубай Маринаның өзі бүкіл Қазақстанды алып қарастырғандағы құнға шақ келеді, 19,5 млрд доллар дейді ме" деп бірден мырс етіп күмәнданған боларсыз. Жоқ, асықпаңыз, олай ойласаңыз, жаңылысасыз. Иә, Әмірліктердің бюджеті Қазақстаннан әлдеқайда аз. Бізде де рекордтық көлем, 2025 жылы – 25,8 трлн теңге немесе 490 теңгемен есептегенде 52,6 млрд доллар!

Сонда қалай дерсіз мұндайда, өйткені біздің бюджет Дубай/Әбу Дабиден 2,7 есе көп, бірақ халқымыз бәрібір кедей ғой.

Әрине, бұл ақшаны халық санына немесе ел азаматтарына шағып көруге болады. БАӘ-де шамамен 9,5 млн адам тұрады, онда да оның шамамен 3 миллионы ғана ел азаматтары. Демек: ҚР-дың бір азаматына мемлекеттік бюджеттен шығатын шығын 2,6 мың доллар болса,  БАӘ-де тұратын бір азаматқа - 2,1 мың доллар, ал БАӘ-нің өз азаматына  6,5 мың доллар шығады екен. Яғни, қазақстандықтарға қарағанда БАӘ азаматтарына 2,5 есе бюджет ақшасы қарастырылады.

Бірақ бұл цифрды жеткіліксіз десеңіз, мына фактілерге назар салайық:

Мұндағы біз көріп жүрген - Дубай, Әбу Даби және өзге де көз қызықтырар қалалар жекенің ақшасына салынған. 1980 жылдардан бастап БАӘ аймағына (Таяу Шығыс және Солтүстік Африка) триллиондаған доллардың тікелей және жанама шетелдік инвестициялары келіп құйылып жатты, олардың көпшілігі БАӘ-ге бағытталады (мысалы, Дубайда әлемдегі барлық мұнара крандарының шамамен 20% жұмыс істейді).

Дубай Маринаны мемлекет салған жоқ! Мемлекет тек инфрақұрылым түзіп, жағдай жасады, болды, қалғанының бәрі – тұрғын үйлер, сауда орталықтары, Blue Water Island жасанды аралы және т.б.  әлемнің түкпір-түкпірінен келген сатып алушылардың қаражатына салынды. Сондықтан Дубай/Әмірліктер қанша мұнай өндіреді, ол жағы маңызды емес, бұл бір-бірін толықтыратын, бірақ бір-бірінен тәуелсіз екі бөлек дүние. Мысалы, қазан айында Дубайдың жылжымайтын мүлік нарығы тағы да рекорд орнатты - $16,7 млрд!  Яғни, тек бір айда елдің жылдық мемлекеттік бюджетінің сомасына сай бастапқы және екінші деңгейдегі нарықтарда мәмілелер жасалған!

БАӘ-ге өндірілген мұнайды сатудан түскен қаражаттан қарағанда инвестициялық ақша едәуір көп келеді. Осыны жақсылап түсініп алу керек.

Оның үстіне бюджет ақшасы бізбен салыстырғанда ештеңені субсидияламайды, бағаны реттемейді, бәрін нарықтың өзі реттейді.  Мысалы, Алматыда қоғамдық көлік билетінің нақты құны - 310 теңгеден асады, ал белгіленген баға - 120 теңге. Айырманы бюджеттен төлейміз. 2024 жылы тасымалдараушыларды субсидиялауға 97,3 млрд теңге немесе шамамен 200 млн доллар бөлінген!!!

Бұл дегеніңіз қып-қызыл, қырғын ақша!

Ал бүкіл ел бойынша бұл цифр одан сайын зорайып шыға келеді: тиімсіз әрі ашықтығы күмәнді субсидияға жұмсалып жатқан бюджет ақшасы. Сондықтан бюджет тапшылығын жою үшін бірінші қолға алынуы керек нәрсе – осындай субсидиялар көлемін қысқарту.

Біз үлгі тұтатын Әмірліктер экономикасы ашықтығы мен мемлекеттің нарықтарға көптеп араласпауының арқасында бүкіл әлемнен инвестиция тартып отыр, ал Қазақстандағы реттеу жүйесі өзге түгілі өз инвесторларымызды да үркітіп жібереді.  

Жеме-жемге келгенде БАӘ бюджеті мұнайдан түскен долларды субсидияға, мемлекеттік шығындарға жұмсамайды, ол қорларда сақталады,  үстемеленіп отырады.

ADIA, Abu-Dhabi Investment Authority (Әбу-Дабидың тәуелсіз қоры)  әртүрлі бағам бойынша 900 миллиард доллар "тұрады"  және бүкіл әлем бойынша инвестиция жасайды. Мысалы, биыл тамыз айында олар байырдан келе жатқан қымбат өнер туындылары қойылатын Sotheby's (үлесі+инвестиция = $1 млрд) аукцион үйінен үлес еншіледі. Одан бөлек, Әбу Дабидың ADQ ұлттық әл-ауқат қоры, Mubadala Investment Company мемлекеттік холдингі және басқалар да бар.

Содан кейін Bloomberg мәліметінше, капиталы 300 млрд доллардан асатын, әлемдегі ең бай БАӘ-нің билеуші Әл-Нахаян отбасы бар.

Ал Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің жартысына жуығы әлеуметтік шығындарға кетеді, дамуға тек 10% көлемі жұмсалады. Енді өзіңіз ойлап қараңызшы, мұндайда Қазақстанда қандай да бір даму болады дегенге өзіңіз сенесіз бе? Сонда біз тек бәрін сатып, шашып жатырмыз...

Субсидия деген бюджет дағдарысымен күресуде Қазақстанға еш мүмкіндік бермейді. Ерте ме, кеш пе оларды шорт кесу керек болады.

Барлық дерлік телеграмм арналарда, соның ішінде билік маңайына жақын анонимдері Парламенттің тығырыққа тірелгенін айтады, яғни оларда ешқандай идея жоқ.

Көп мойынұсына бермейтін, бірақ даму үшін қажетті шара - тиімсіз субсидияларды қысқарту болып табылады. Ал мұндай идеяны қолдай кететін партия табылар ма екен, қалай?..".

 


Рекомендовать
Последние новости