Бишімбаев ісі: алқабилерге үміткерлерге хабарлама келіп жатыр - БАҚ

Сағыныш Сардарова 14 мар. 2024 09:41 2151

Бұқаралық ақпарат құралдарында әйелін ұрып өлтірді деген айып тағылып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерге үміткерлерге хабарлама жіберіліп жатқаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Press.kz басылымы мәліметінше, 300 адам алқабилерді іріктеуге шақырылғаны туралы хабарлама алған, ол жабық режимде өтеді.

"Бұл туралы бізге ақпарат көздері хабарлады. Оның ішінде соңғы құрамға тек 12 адам кіреді", - деп жазды арна.

Алдын ала тыңдауда судья Айжан Құлбаева сотталушы Бишімбаевтың өтініші қанағаттандырылатынын, яғни бұл іске алқабилер де қатысатынын мәлімдеген еді. Ал Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан қоғамдағы алқабилерге қатысты алаңдаушылыққа ешқандай себеп жоқ екенін мәлімдеді.

"Менің ойымша, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Неге? Алқабилер дегеніміз - ол да осы қоғамның өкілі. Бұл жерде кәсіби судья қатысады. Он судьяның бірі - кәсіби судья, қалғаны алқабилер құрамында. Сұрағыңыздың төркінінде сыбайлас жемқорлыққа апарып соқтырмай ма, қандай да бір жолмен сатып алу деген сөзді айтып отырсыз. Бір адамды сатып алған оңай ма, он адамды сатып алған оңай ма? Қарапайым сұрақ. Бір судьяға сенбейтін болсақ, алқабилерге де сенбейтін болсақ, үкімді кім шығаруы керек? Қоғамның назарында болғандықтан, әділетті сот актісі шығатынына өз басым толық сенемін",  - деді ол.

Айта кетейік, сот Қуандық Бишімбаевтың ісін прокурорға қайтарудан бас тартты.

Еске салайық, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынған еді. Оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.


Рекомендовать
Последние новости