Бурабайда болдыңыз ба?

Dalanews 19 авг. 2017 11:34 3224

Жаз өтіп барады. Жан-жаққа кеткен жұрт демалыстан оралып жатқан жайы бар. Осындайда ойланасың: кім, қайда болды? Қайда демалды? Жазғы демалысын Қазақстанда өткізді ме? Айталық, сіз Бурабайға бардыңыз ба? Бурабайда болдыңыз ба?

Мақалаға кіріспес бұрын қазақстандық туризмнің белсенді насихатшысы, саяхатшы-блогер Марфуға Шапиянның әлеуметтік желідегі парақшасында кірдік. Есімізде қалғаны бұдан бұрын Бурабайдағы демалыс туралы бірқамат маңызды мағлұматтар жариялаған-тұғын. Таптық.

Мұны неге іздедік? Білсек, Бурабайдың жазы да, күзі де, қысы да туристерге қолайлы. Мәселе, кім қай мезгілді таңдайды.

Шапиян былай депті. Бурабайға жетіп алғаннан кейін демалыс аймағын емін-еркін шарлауға ең қолайлы көлік велосипед екен. Рас, тегін дүние жоқ. Туризмнің мақсаты да сол. Табыс табуды көздейді.

Мұндағы ақылы жағажайлар адам басына 800-1000 теңгеден алады. Ал аты аңызға айналған Жұмбақтасқа достарыңмен бірігіп қайықпен баруға болады. Бір қайықты 40 минутқа жалға алу құны 3 мың теңгенің айналасында.

Бұдан сырт Оқжетпес пен Көкше шыңдарына көтерулі үшін арнайы экспедициялар ұйымдастырылды. Таудың ұшар басына шығып, төңіректі тамашалағыңыз келсе, осындай экспедициялардың біріне қосылуға болады.

Бұл жердің табиғи сыйынан бөлек, тарихи да сыйы да көп. Соның бірі Абылай хан алаңы атты тарихи ескерткішті тамашалауға келетін туристер де жетіп артылады. Есіңізде ме, Назарбаев Бурабайдың жағасында, Абылайдың Көкшетаудағы киелі қонысында ханға тұрғызылған еңселі ескерткішті ашып тұрып, мынадай сөздер айтып еді ғой: «Иә, Абылай –  аңызға айналған тұлға, бірақ біз ата тарихының бар шындығын ашу үшін сол аңыздан ақиқатты ажыратып алуымыз керек. Және оны өткеннен сабақ, тарихтан тағылым алу үшін жасауымыз керек».

 

Ескерткіштің айналасында кәдесыйлар сатылады. Айтпақшы, ұмытып барамыз биылғы этноауылымыз да дәл осы хан алаңында бой түзеген. Ақыр бардыңыз екен, Абылай хан атындағы тарихи-өлкетану мұражайын да бас сұға кетуге тиіссіз.

Әрине, тарихи орындар мұнымен шектеліп қалмайды. Әйгілі Кенесары үңгірі де –Бурабайға барған әрбір турист көру тиіс тарихи орындардың бірі.

Бұл жердің қарағай аңқыған ауасымен тыныстағанның өзі бір ғанибет. Демалғаннан кейін түнер жер, қонар орын іздейсің. Марфуғаның айтуынша,  Бурабайдағы қонақ үй бағалары 10-12 мың теңгеден басталады. Ал демалыс кешендері 3-4 мың теңгеден бастап қабылдайды. Қалай қалтаңыз көтере ме?

Жоқ, Бурабайға жету қиын емес. Айнадай автодаңғыл салған. 250 шақырымға созылған жолда шаршамайсың, демаласың. Тақтайдай тегіс. Астанадан Бурабайға 2-3 мың теңге төлеп, таксимен баруға, қаласаңыз 1300 теңге төлеп, автобуспен баруға немесе күнбе-күн зуылдап жатқан «электричкамен» жетуге болады. Ал Алматыдан Көкшетауға аптасына бір емес, үш мәрте ұшақ қатынайды.

Бурабайдың күні оңынан туған, бүгінде. Бұл енді түсінікті де. Алматыға Алатау жақын болса, Астанаға Көкше жақын. «Екінші Швейцария» дейді бұл жерді. Бұл да түсінікті. Шулы қаланың қандай ғимараты болмасын, жаратылыстың бір пұшпағына жетпейді ғой.

Бурабай осылай пайда болған...

Көнеден жеткен аңыз былай дейді. Көкшеліктердің арасында жиі айтылады,  бұл әфсана. Ерте, ерте, ертеде Тәңірі жер-жаһанды жаратқан кезде әр халыққа әрқалай ырыс-игілік сыйлаған екен. Бір ұлтқа – ну жынысты орман, енді біріне – күміс көлдер мен өзендер, тағы біреулеріне жәзиралы кең алқаптар, асқар таулар мен қыраттар бұйырған екен нәтижесінде.

Ал қазаққа ше? Жаратушы ие қазекеме нені сый етті? Бәлкім Алланың таңдауы сол болды ма, бабаларымыздың еншісіне ұшы-қиыры жоқ, шетсіз әрі шексіз дала ғана тиіпті. Дала, дархан дала. Біркелкі. Жоны да, жотасы да...Көз толады, іш пысады. Содан не керек, бұған наразы болған бабаларымыз Тәңіріден өзіне көркем табиғаттың бір пұшпағы болса да, сыйлауын өтінген ғой. Міне, сол кезде Жаратушы иеміз қоржынын ашып жіберіп, жүгірген аң мен ұшқан құстың қанаты ұланғайыр сахараның дәл ортасына көз тартар көркем таулар, көрікті ормандар мен күміскөлдерді шашып тастаған екен. Орманды аң-құсқа, көлдерді балыққа, ал дархан даланы малған толтырыпты.

Тағы бір аңыз бойынша киелі Көкшенің тауы мен тасын, орманы мен көлін ерекше жаратылған ақ бура мекен еткен. Жұрт бураның жердің киесіне балаған, елдің құты санаған. Ақбура жаланған дұшпанды, жамандылық атаулыны жасқап, ел қорыған екен. Міне, сол үшін де бура мекен еткен атырапты ел-жұрт Бурабай деп, ол су ішетін көлді Бурабай көлі деп атап кетіпті.

Күндердің бір күні қасиетті ақбура қанішер қарақшының қолынан мерт болады. Құбылаға басын бере шөгіп, үлкен тауға айналады. Көкшенің шоқылары осылай жаралыпты.

Бурабай осылай пайда болыпты-мыс.

 

Хан Кене Бурабайда туған

Бурабай-Көкше туралы айтқанда қазақтың соңғы ханы Кенесары туралы айтпау мүмкін бе? Жоқ, әрине. Тарихшылар айтады, бұл жер ең әуелі көкжал Кененің Көкшесі деп...

Иә, хан Кене Бурабайда туған. Осында ер жетті. Осында ерлік қуды. Көне көздердің айтуынша, көңілі құлазып, шерге батқан тұстары Бурабай ішіндегі үңгірді жақсы көрген, осы арада ой тұңғиығына берілген ол. Міне, осы үңгірді ханның өмірден өткеннен кейін халқы Кенесары үңгірі деп атап кеткен.

Бурабайға барсаңыз, бұл үңгірге бас сұқпай кетпеңіз. Үңгірдің аузындағы тақтада Мағжанның бір шумағы өлеңі жазулы тұр. Оқисыз. Ойланасыз.

«Сол түні сонау үңгір тау ішінде,

Қабағын қарс жазып Кене ойлайды.

Қамалған қазағына жол таппаққа,

Жүрегін тілім-тілім тіле ойлайды».

Тарих. Уақыт. Бұл үңгірде хан Кене күңіренген. Бұл үңгір қасиетті үңгір. Қастерлі жер. Айтпақшы, дәл осы үңгірге жақын жерде Кенесары ауылы бар. Оны да көріңіз...

 

Балуан Шолақ Бурабайда туған

Жауырын жерге тимеген әйгілі палуан Шолақ та – Бурабай туралы әфсаналардың басты кейіпкерлерінің бірі. Бұлай болмай қайтеді? Ол да осы бір қастерлі өлкенің аса дарынды тумасы. Көкшенің көнекөздері біледі.

Станица атаманының сұлу қызы Настасья екеуінің арасындағы махаббат хикаясы жадында сақталған олардың. Біз мұны Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» романынан оқығанбыз. Соның желісімен жазылған «Жаужүрек» драмасында Балуан мен орыс қызының арасындағы махаббат тарихы кереметтей суреттелген. Бәлкім, әлемге танылмаған шығар. Бурабайға келген шетелдік турист таңғалып қайтады бірақ.

Балуанның атаманның қызын алып қашып аз да болса дәурен сүрген Бурабайдың қойнауында жерлер қазіргі күнде Махаббат үңгірі, Настасья тауы деп аталады. Бұл жерге де келіңіздер. Көріңіздер. Дәл мұндай махаббат оқиғасын күнде ести бермейсіз, себебі.

 

Ер Төстігім бір төбе

Туристерді, демалғысы келетін жұртты не қызықтырады? Иә, дұрыс айтасыз, таза табиғат, саф ауа. Мұның екеуі де Бурабайға өте-мөте дөп келетін теңеулер. Шынымызды айталық, қазақтың ұланғайыр даласын қанша шарласаңыз да, дәл осы Бурабайдағыдай көркем табиғатты, саф ауаны таба алмайсыз. Кездестірмейсіз. Ол сұлудың мойнындағы алқа сияқты. Алдымен ауызға ілігеді. Алдымен көзге түседі.

Шетелдіктерді қызықтыратын Бурабай көлі. «Ерназардың сегіз ұлы бір төбе, Ер Төстігі бір төбе»деуші еді ғой, сол сияқты Көкшедегі сексен көл бір төбе, Бурабай бір төбе. Көлдiң айналасы – сыңсыған қалың қарағайлы, қайыңды орман.

Әлгі шетелден келетін қонақтар көлге ғана қызықпайды негізі. Көкшенің аты аңызға айналған шоқылары бар мұнда. «Оқжетпес» пен «Жұмбақтас» Бурабай көліне ерекше сән беріп тұр. Міне, сол үшін білетін жұрт бұл жерді «Қазақстан Швейцариясы» деп атайды.

Көлдің айналасын қоршай жатқан курорттар мен демалыс орындары, шипажайлар мен туристік базалар көп-ақ. Емдік балшығы, минералды су қайнарлары тағы бар. Мұнда тек демалмайды, емделеді. Бурабай көлі асқазан-ішек, тыныс алу органдарының, жүрек-қан тамырлары жүйесі мен аяқ-қол ауруларын емдейді. Себебі, табиғаты жайлы. Қапырық жоқ. Тыншу жоқ. Білсек, шілде мен тамыздың ортасына дейінгі орташа температура 25 градустан түспейді де, жоғарыламайды да. Көл суы жылы.

Табиғатының көркемдiгi жөнiнен әлем курорттарының iшiнде жетекші орындардың бірін иеленетін Бурабай көлі теңіз деңгейінен 320,9 метр биіктікте орналасқан. Мұнда «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы да бар. Ол 2000 жылы құрылған. Аумағы – 83 510 гектар, оның ішінде 47 361 гектары, яғни, тең жартысына жуығы – ну жасыл орман алқабы. Мұнда хайуанаттар әлемінің 305 түрі бар, оның ішінде 87-сі – сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері: сібір елігі, қабан, бұлан, қасқыр,түлкі, қарсақ, борсық, сарыкүзен, орман сусары, сілеусін, т.б.

Бурабайдағы туризмнің даму қарқыны қаншалықты? Бурабай қанша демалушыны қабылдай алатын жағдайда? Баға жағын қарапайым халықтың қалтасы көтере ме? Бұл сауалды біз Ақмола облыстық туризм және спорт басқармасына жолдағанбыз. Мынадай жауап алдық.

«Жалпы жазғы күндері Бурабайға күніне орта есеппен 5 мыңға жуық турист келеді. Дәл қазір 10 мың адамға дейін қабылдай алатын мүмкіндігіміз бар. Баға жағына келсе, Бурабайда демалу нысандырының өзі үшке бөлінеді. Бұлардың біріншісі – элиталы демалыс орындары. Иә, қымбат. Бағасы сапасына сай. Мысалы, «Оқжетпес» шипажайы сияқты демалыс нысандарында бір күндік баға 20 мыңнан 80 мың теңгеге дейін жетеді. Мұның ішіне төрт мезгіл тамағы, жатын орны және емдеу қызметі кіріп тұр. Түсінікті шығар, бұлар қалталы адамдарға арналған орындар. Екінші – қарапайым адамдарға арналған орындар да бар. Тәуліктік бағасы 4 мыңнан 7 мыңға дейін барады. Ал үшіншісі – балаларға арналған нысандар. Президенттің тапсырмасымен «Бурабайда» «Балдәурен» орталығы ашылған-тұғын».

 

Оқжетпес

Бурабайға барғанда алдыңнан оқшырайып бір тау шығады. Жаратылысы бөлек бұл таудың. Сұңғыла. Тіп-тік. Көз айыра алмай, мелшиіп қатып қаласың.

Кезінде Сәкен Сейфуллин де біз кешкен күйде басынан өткерген шығар, құдай біледі.

...Көк торғын Көкшетауды мұнар басқан,

Бастары көкке бойлап, бұлттан асқан.

Бір шың бар етегінде тіп-тік найза,

Адамзат жасағандай құйған тастан.

Тіп-тік шың көкке қарай кеткен бойлап,

Тұрғандай таусылмайтын бір ой ойлап.

Жалғыз-ақ шың басында ноқаттай боп,

Құйқылжып қалықтайды бүркіт ойнап...

Ақын  Оқжетпесті осылай суреттейді.

Ол туралы, Оқжетпес туралы аңыз көп. Ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов Оқжетпес шыңына қатысты 15-тен бастам әңгімелер жинапты кезінді.

Оқжетпес жалғыз емес, айтпақшы. Анықтап қарсаңыз, онымен бірге туған, бірақ сәл қалыңқырап бой түзеген үш шынарды көресіз. Көкшеліктер «Үш діңгек» атап кеткен. «Апалы-сіңлілі үш ару» деп те атайды оларды. Бұл орайда мына бір аңыз есімізге түсіп отыр.

Ерте замандарда Қарауыл ауылдарының бірінде ағайынның көркі, бірақ жауларының көз құрты болып, апалы-сіңлілі үш қыз өмір сүріпті. Үшеуі де үріп ауызға салған сұлу екен. Бұлардың орталарындағы жалғыз бауыры Оқжетпес дұшпан қаймығатын, дос сүйсінетін батыр болып, ержетеді. Үш апасын қызғыштай қорғап, қамқоршы болады.

Алайда әбден өшіккен дұшпан тұтқиылдан тап беріп, үш ару мен бауыры Оқжетпесті анталап қоршауға алады. Төртеуі шегіне атысып, кейін жылжи береді. Бір кезде ту сырттарына қараса, сыңсып тұрған орман, бау-бақша, мөлдір көл, көгілдір тауларды көреді. Құс жыртылып айрылады. «Туған жердің мұндай балауса бағын арам ниет дұшпандардың қара табанына қалай таптатамыз, қасиетті топырағымызды қалай ойрандатамыз, өзімізді қалай қорлатамыз?» деп қайраттанған Оқжетпес пен оның ару қарындасы қатарласып, жауға қасқая қарсы тұра қалады да, шапса алмас қылышы майрылатын, сүңгітсе қара найзасы қайырылатын, атса оғы асып түсе алмайтын қамал тасты тік қаптал құзар шыңдарға айналып кетеді.

Жұмбақтас туралы да мұндай аңыз-әңгімелер көп.

Тоқ етерін айтқанда, әрі ем алып, әрі демалғыңыз келсе, Көкшетауға келіңіз, Бурабайды көріңіз...

Аяулым ШАЙМАРДАН 

Рекомендовать
Последние новости