«Бұл - қоғам сұранысы»: сарапшы бет-жүзді бүркейтін киімге тыйым туралы

Ақтоты Жапатова 12 июн. 2025 17:51

Сенат «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңға енгізілетін, бет-жүзді бүркейтін киім түрлеріне тыйым салуға қатысты түзетуді қарастырып жатыр. Бұл бастаманың қоғамдық және мәдени маңызына қатысты пікірлер сан түрлі. Dalanews.kz тілшісіне сұхбат берген әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов бұл шешімнің қажеттілігіне тоқталып, оның тек құқықтық емес, сонымен қатар әлеуметтік және мәдени негіздері бар екенін атап өтті. 

- Бет-жүзді бүркейтін киімге тыйым салу бастамасын жалпы қалай бағалайсыз?

- Бет-әлпетті толықтай жабатын киімге тыйым салынуы өте дұрыс шешім. Өкінішке орай, кештеу, яғни, бұл тәжірибе кеңінен таралып бара жатқан кезде ғана осындай шешім қабылдап жатырмыз. Кеш болса да, бұл шешім бірқатар тәуекелдер мен тегеуріндердің, қатерлердің алдын алуға ықпал етеді:

Біріншіден, құқықтық тұрғыдан адамдарды бет-пішініне қарап идентификациялауға, сол арқылы түрлі бұзақылықтар мен қылмыстарды анықтауға, алдын алуға мүмкіндік артады. Себебі бет-әлпетін бүркемелеу, соның ішінде діни ұстанымын сылтау ете отырып бүркемелеу арқылы құқық бұзушылық жасау әрекеттері орын алу мүмкіндігі жоғары. Шет елдердің тәжірибелерінде ондай оқиғалар аз емес. Бізде де бар ондай жағдайлар. Мәселен, бетін бүркемелеген қыз-келіншектердің әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар ашып, экстремистік идеологияны насихаттаған фактілері жетерлік.

Біз, бұл ретте, бір мәселеге назар аударуымыз керек. Діни мотивациямен бетін бүркемелейтін киім, атап айтқанда, никаб немесе паранджа киетін әйелдер біздің қоғам үшін жат діни идеологияны, соның ішінде дестуктивті, радикалды идеологияны ұстанатын топтардың өкілдері болып табылады.

Бүгінде мұндай топтардың арасында құқық бұзушылықтың, соның ішінде қылмыстың әртүрлі түрлерін жасайтын адамдар көбейді. Атап айтқанда, экстремизм және терроризмнен бөлек, олардың арасында есірткі өндірумен және сатумен, қару-жарақ сатумен, азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетумен, қарақшылықпен, адам өлтірумен, педофилиямен байланысты қылмыстық фактілер саны тұрақты түрде артып келеді. Себебі ондай діни жамағаттар тарапынан өздерінің қылмыстық әрекеттерін дін тұрғысынан легитимдейтін, яғни діни негіздерді бұрмалап түсіндіру арқылы өздерінің қылмыстарын ақтауға тырысатын және оны қылмыс деп санамауға негіз беретін бұрмаланған интерпретациялар қалыптастыру тәжірибесі дамып келеді. Мәселен, сәләфишіл жамағаттар Құранда алкогольдік сусындарға ғана тыйым салынған, есірткіге тыйым салынбаған деп бұрмаланған түсініктеме беру арқылы психотроптық заттарды қолдану, өндіру, сату және тасымалдауды ақтап алуға тырысады. Сондай-ақ «кәпірлердің» мал-мүлкін тонауға, тартып алуға, оларға зорлық-зомбылық көрсетуге болады деп есептейді. Олардың түсінігінде, өздерінің жамағатына қатысты еместердің барлығы – «кәпірлер».

Міне, осы сияқты жағдайлардың аясында идентификациядан және жазадан қашу мақсатында бүркеме киімдерді қолдануы ғажап емес. Тіпті, қылмыстық мақсатта бүркеме киімді ер адамдар да қолдануы мүмкін.

Екіншіден, діни сипаттағы бет-жүзін жауып жүретін әйелдердің киімдері біздің мәдениетке жат құбылыс. Ол – бөтен мәдениеттің элементі. Шын мәнінде, ол киімдерде ешқандай да діни сипат жоқ. Алайда ондай киім киетіндер діни көзқарастары мен ұстанымдарын желеу етуге тырысады.

Араб мәдениетінің элементі ретінде паранджа мен никаб сол елдердің тұрғындарының географиялық, климаттық, табиғи жағдайына байланысты пайда болған киімдері. Мұндай киімдердің басты функциясы – құмды дауылдардан және күнге күйіп қалудан қорғау. Өкінішке орай, кертартпа әсіре діншілдер бұл практикаға діни бояу жағып, әйелдерді шектеп, қоғамнан оқшаулаудың құралына айналдырды. Ең қызығы, біздің мәдениетімізге, табиғи-климаттық жағдайымызға мүлде сай келмейтін, қажеттілігі мен сұранысы жоқ практиканы таратуға тырысып жатқандығында.

Өз кезегінде, бет-жүзін тұмшалау тәжірибесі және оны насихаттау әрекеттері қоғамның наразылығын тудыруда.

Бұл орайда, екі мәселе көрініс береді:

1) Бет-жүзін тұмшалайтын діни сипаттағы киімдер маркер ретінде сол діни жамағатты қоғамнан оқшаулайды. Оларды қоғамнан бөлшектеп, мәдени анклавтық (оқшаулық) жағдайға көшіреді. Мәдени оқшаулану жағдайында қыз балалар/әйелдер өздерінің білім алу мүмкіндіктерін шектейді, жұмысқа орналасуда және медициналық мекемелерге қаралуда елеулі кедергілерге кез болады, қоғамның рухани-идеологиялық және саяси өмірінен алшақтайды. Жалпы айтқанда, бет-жүзін бүркемелейтін киім әйелдердің құқықтық және әлеуметтік-мәдени дамуларын елеулі деңгейде шектейді:

- бір жағынан, жамағаттың тобырлық шеңберінен, бақылауынан шығармайды, сол арқылы басқа ортамен коммуникация орнатуына, қоғамға интеграциялануына мүмкіндік бермейді;

- екінші жағынан, қоғамның өзге топтары мен түрлі институттары да оларды қабылдамайды, сыртқа тебеді.

Қоғам да олардан сақтанып, әлеуметтік дистанция деңгейі артады. «Біз» және «олар» деген жіктелу негізінде бетін бүркемелегендерді қабылдамайды, олардан қауіп сезініп, шекаралық межені анықтайды. Бұл діни кеңістіктегі поляризацияны асқындырады.

2) Бүркеме киім тек мәдени оқшаулыққа ғана әкелмейді, азаматтық шиеленістерге де жол ашады. Сол діни жамағатты қоғамға қарсы конфронтациялық күш ретінде орнықтырады. Өздерін «азшылық» ретінде және «ең таза дінді ұстанушы» рөлінде қабылдайтын мұндай топтың өкілдері қоғамда орындарын бекітіп, мойындауға ие болу үшін радикалды шиеленістерге де барады.

Сонымен қатар біздің қоғамда жүріп жатқан тағы бір маңызды процесс бар. Ол – қазақ халқының ұлттық жаңғыру процесі. Бұл өте жоғары қарқынмен, тегеурінді пәрменмен жүріп жатқан процесс. Қазақ халқы бүгінде тілін, тарихын, шежіресін, салт-дәстүрін ерекше белсенділікпен іздеп, жоғын жоқтап, кем-кетігін толтыру үстінде. Осы ізденіс қазақты тек мәдени-рухани емес, саяси күшке, «қысымшы» топқа айналдырып, жалпықазақтық қоғамдық қозғалыс ретінде қалыптастыруда.

Бұл күш қоғамның ішіндегі қазақилықтың болмысына сай келмейтін кез келген элементпен күресуге бастап келеді. Осы күрес жолында билікке де талап қойып, бағдар беруде. Қазақ мәдениетіне сай келмейтін элемент ретінде бүркеме киім үлгілері бұл қозғалыстың назарына әлдеқашан ілінген және уақыт өткен сайын наразылығын өршітуде. «Бұларға неге тыйым салмайды?» деген сыңайдағы билікке деген өкпелер де қара қазандай.

Сондықтан бет-жүзін тұмшалайтын киімге тыйым салу – биліктің өз бетінше қабылдап отырған шешімі емес, «қысымшы» топтың ұсыныс-талабының нәтижесі деуге толық негіз бар. Егер билік мұндай шешім қабылдап, жағдайды реттемесе, қоғам оны өз бетінше реттеуге кіріседі. Ал ондай жағдайда азаматтық жанжал орын алмақ. Ол өте қауіпті құбылыс.

- Бұл діни сенімді шектемейді ме? Қандай салдарға әкелуі мүмкін?

- Бұл шешім діни сенімді шектемейді. Қабылданатын норма діни киімге қатысты да талап қоймайды, тек бет-жүзін бүркемелеуді шектейді.

Бет-жүзін бүркемелейтін діни жамағат өкілдерінің саны көп емес. Сондықтан олардың тарапынан наразылықтар туындап жатса да, ол резонанс тудыратындай жағдайда болмайды. Локальді үнқатулар, әлеуметтік желілердегі бірді-екілі жазбалар формасында көрініс беруі мүмкін. Бірақ салмақты наразылық болады деген қауіп жоқ.

Керісінше, норма қабылданбаса, наразылық қоғамның тарапынан туындауы мүмкін және ол наразылық салмақты болады. Секулярланған  қоғам және қарқынды рухани жаңғыру жағдайындағы қазақ қауымдастығының бірлескен әлеуеті «қысымшы» күш ретінде билікке талапты күшейтетін болады, ал билік мәселені шешпеген жағдайда, өз күшімен реттеуге кіріседі. Мұндай жағдайда азаматтық шиеленіс орын алмақ. Сондықтан негізгі тәуекел мен қауіп шағын діни топтан күтілмейді, басты тегеурін зайырлы, рационалды қоғам тарапынан болмақ.

Мұндай «қысымшы күш» алдағы уақытта биліктің алдына діни қауіпсіздікті жүйелі әрі түбегейлі қамтамасыз ету міндетін қоятын болады және ол талап үздіксіз күшейе түседі. Сондықтан мемлекет осы қарқынды тоқтатпай, дін саласына сапалы аудит жүргізіп, проблемаларды терең сараптап, кешенді әрі жүйелі шешімдер мен тетіктер қабылдауы қажет.   


Рекомендовать
Последние новости