"Бұл - қасақана жаулық". Депутат киіз үйде жартылай жалаңаш билегендер туралы

Сағыныш Сардарова 19 июн. 2024 13:38 497857

Киіз үйде жартылай жалаңаш билеген жастардың видеосы қоғамда дау туғызды. Депутаттар да осы мәселеге орай құзырлы органдарға жүгінді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат Самат Мұсабаев сауалын бас прокурор Берік Асыловқа, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа жолдады.

"Бабадан қалған ең қастерлі мұрамыздың бірі киіз үй еді. Сан ғасыр бойы хандарымызға еңсесі биік ақ орда, халқымызға құт ұялаған баспана болған сол киіз үйге және басқа да құныдылықтарымызға ақпараттық шабуыл да басталды. Күні кеше оюлаған киіз үйде ұлттық киім киіп, жартылай жалаңаштанып ойқастаған үшеудің әлеуметтік желіні шарлаған бейнеролигі исі қазақтың ашу-ызасын тудырып отыр. Халықтың бұған наразылығы әбден орынды", - деді Мұсабаев.

Оның айтуынша, ең аяулы дүниеңді аяққа таптаса, ұлттық киіммен жалаңаштанса, төріңде әуретін ашып тайраңдаса – бұл бүкіл ұлтты, дені қазақ, рухы биік елімізді қорлаумен пара-пар.

"Ең сорақысы – әлгі жын-ойнақтағы үш ұзынның ортадағы "сирақты примасы" ез  екен. Бұл – халқымызға қарсы мысық тілеулі, теріс ниеттілердің алдын ала жете ойластырып, қазақы дүниені, ұлттық құндылықтарды құнсыздандыруға, мазақ етуге бағытталған қасақана жаулық әрекеті деп білеміз. Тал түсте төрімізде тайраңдағаны – нағыз басынғандық. Олар бүгін төрімізде тайраңдаса, ертең төбемізде ойнамасына кім кепіл?! Сондықтан бұған көз жұмып қарап, жай қалдыра салуға болмайды.

"Албасты қабаққа қарап басады" деген. Бұл біріншіден, қоғамның осы әрекетке қалай үн қататынын байқайын деген астыртын сыр тарту тәсілі болса, екіншіден, ЛГБТ насихатына тосқауыл қоймақ талапқа деген ашық қарсылық, үшіншіден, өскелең буынды өз ұлттық құндылықтарынан жеріндіру әрекеті", - деді ол.

Сонымен қатар, Мұсабаев бұл мәселені бір топ депутат былтыр Мәжіліс мінберінен көтеріп, платформаларда, әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін ақпараттық өнімдерді таратуға тыйым салуды, теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормаларын әзірлеуді ұсынғандарын жеткізді.

Ал таяуда қоғам белсенділері ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялаған еді. Небәрі 2 аптада осы талапты қолдап, 50 мың қол жиналған.

"Бұл – ЛГБТ-нің елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екендігінің, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі. Алда өтетін петиция қорытындысын қарау отырысына қоғам белсенділерін, ұлт жанашырларын белсене қатысуға шақырамын. Бейнероликтегі ұлттық құндылықтарымызды қорлау көрінісі – әбден шектен шыққандық. Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселе бойынша нақты құқықтық бағасын беруі тиіс. Бұдан былай ұлттық құндылықтарымыз – домбыра, қобыз, киіз үй, ұлттық киім, ұлттық тағам секілді асыл жәдігерлерімізді қандай-да теріс мақсатта пайдалану, мазақ ету – ұлт намысына қол сұғу, ұлттың беделін түсіруге бағытталған қылмыстық әрекет деп бағаланып, қылмыстық жауаптылықпен жазалануы тиіс.

Қорыта келе, Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына, Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне аталған бейнеролик бойынша құқықтық баға беріп, оған қатысты нақты шара қолдануды сұраймыз. Ата дәстүрімізге қол сұғу – ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіру, ұлттық құндылықтарды түбірімен жоюмен тепе-тең", - деді депутат.


Рекомендовать
Последние новости