Цифрлық даму министрлігі Түркістан облысында халықпен кездесу және азаматтарды қабылдау өткізді

Dalanews 18 июн. 2024 10:34 6494

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин Түркістан облысына жұмыс сапары аясында халықпен кездесу өткізіп, азаматтарды қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шараға Министрліктің Мемлекеттік қызметтер комитеті мен Телекоммуникациялар комитетінің басшылығы, ұялы байланыс операторлары, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ және облыс әкімдігінің өкілдері қатысты.
Бірінші вице-министр өз сөзінде еліміздегі және облыстағы ІТ саласының дамуы, Түркістанда «Smart city» енгізу барысы туралы айтты.

«Өткен жылы біз әкімдікпен бірлесе отырып, өңірде ІТ саласын танымал етуге, адами капиталды дамытуға, жаңа дағдыларды оқытуға және мамандандырылған іс-шараларды өткізуге ықпал ететін Түркістан хабын аштық. Бүгінде ел бойынша 14 аймақтық хаб ашылды. Өңірде қазақстандықтарды IT мамандықтары бойынша оқытуға арналған TechOrda бағдарламасына қатысатын бір IT мектеп аккредиттелген», - деді Қаныш Төлеушин.

Түркістан қаласында «Smart city» жобасын жүзеге асыру аясында 188 автобусқа «Alem Pay» төлем жүйесі орнатылды. Өткен жылы билеттің 44 пайызы қолма-қол ақшасыз сатылған. 35 мектепте кіруді басқару жүйесі мен SOS түймелері қамтамасыз етілді. Жалпы қалада 456 бейнебақылау камерасы бар және 20 мектептегі камералар полицияның басқару орталығына қосылған. 50 тұрғын үй кешені коммуналдық жылу мен су есептегіштерімен жабдықталған, 120 смарт шам орнатылған. 109 байланыс орталығы пайдалануға беріліп, ашылғаннан бері 37 508 қоңырау түскен.


Бүгінде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы электронды түрде беріліп жатыр. 50-ден астам қызметті тек Egov арқылы ғана емес, жиі қолданылатын банктік қосымшаларда да алуға болады. Облыстың инфрақұрылымы 20 халыққа қызмет көрсету орталығынан, 52 бэк-офистерден, 120 Connection Point-тен және 2 арнайы халыққа қызмет көрсету орталығынан тұрады.

«Цифрлық Нотариат» іске қосылған 2023 жылдан бері Түркістан облысында онлайн режимде 652 мың сенімхат берілген. Көліктерді тіркеу қызметі 127 мың рет пайдаланылды.
Түркістан облысының тұрғындарын толғандыратын мәселелердің бірі – сапалы байланыс пен интернетке қол жеткізу. Облыста 829 елді мекен (ЕМ) бар. Оның ішінде 2G (100 ауыл), 3G (386 ауыл), 4G (304 ауыл) мобильді технологиялары арқылы интернетпен қамтамасыз етілген. 203 ЕМ ADSL технологиясы бойынша тіркелген интернетпен және 416 талшықты-оптикалық технология арқылы қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ, 9 ауылдық елді мекен (АЕМ) KazSat спутниктік жүйесі арқылы интернет желісіне қосылса, облыстағы 329 мектеп (330 мектептің ішінде) Starlink спутниктік жүйесіне қосылған.
Жыл басынан бері республика бойынша байланыс операторларына 115 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 584 млн теңге айыппұл салынды (292 млн теңге жеңілдікті есепке алғанда бюджетке төленді). Оның ішінде Түркістан облысында 13 маусымдағы жағдай бойынша 15 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 30,5 млн теңге айыппұл салынды (15 млн теңге жеңілдікті есепке алғанда бюджетке төленді).


Министрлік Түркістан облысының әкімдігімен және ұялы байланыс операторларымен бірлесе отырып, 2023-2027 жылдарға арналған байланыс және мобильді интернет сапасын арттыру жөніндегі Жол картасын әзірлеп, оған қол қойды.
Бұл құжатта барлық проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдары қамтылған. Карта шеңберінде облыстағы лицензиялық міндеттемелерге кірмеген 104 ЕМ-ге интернетке мобильді кең жолақты қолжетімділігін қамтамасыз ету және 388 ЕМ-ге интернетке кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарлануда. 101 антенналық діңгек құрылымдарын салу, 113 АЕМ-де базалық станцияларды орнату және 70 АЕМ-де базалық станцияларды жаңғырту көзделген.
Кездесу барысында ЦДИАӨМ өкілдері Түркістан облысы тұрғындарының ұялы байланыс, интернет, жасанды интеллект, облыстың елді мекендеріндегі ұялы байланыс мәселелері бойынша сұрақтарына жауап берді.


Рекомендовать
Последние новости