ҚТЖ? Смайылов дұрыс айтты, Мамин бүлдіріп кетті

Сағыныш Сардарова 13 июн. 2024 14:57 9202

Екі жыл бұрын белгілі экономист Олжас Құдайбергенов "Қазақстан темір жолына" қатысты былықтың шетін шығарған еді. Ол бұл компанияның қарызға белшесінен батуына Маминнің қатысы барын айтты.

Кеше Мәжілісте ҚТЖ ұлттық компаниясына қатысты мәселе көтерілді. Осы орайда Dalanews.kz Олжас Құдайбергеновтің пікірін сұрады.

2022 жылы Олжас Құдайбергенов бұрынғы премьер-министр, "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ экс-басшысы Асқар Мамин мен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кейбір жақын адамдарының әрекеттерінен ҚТЖ 2 триллион теңге қарызға батқанын айтты.

"Жақында Instant payments туралы жаңалықтар шықты. ҚТЖ Instant payments-пен келісімшартты бұзып қана қоймай, олар ойлап тапқан нәрсенің бәрін ҚТЖ балансына алу туралы келісімге келді, мұны бәрі біле бермейді. Оған қоса Маминнің командасы мен кейбір отбасы мүшелері салаға орасан зор зиян келтірді. Солардың салдарынан ҚТЖ-да 2 трлн. теңге қарыз бар. Қазір өткеннің артын тазалайтын кадрлық өзгерістер болып жатыр", - деді ол бұған дейін.

Кеше Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов "Қазақстан темір жолы" АҚ-ның қарызы шамамен 3 триллион теңгеге жеткенін айтты. Ол ҚТЖ-ға банкрот қаупі төніп тұрғанын да ашық мәлімдеді.

"Соңғы 4 жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге бөлінген, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд. теңге жұмсалған. Бұл экономиканың жүктер мен жолаушыларды тасымалдау қажеттілігін үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып шықты. Салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған. ...Бүгінде ҚТЖ өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредит қаупінің "қызыл" аймағында тұр. Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңге болды, ол әлі де өсіп жатыр. Жалпы борыштың 45 пайызы немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын алынған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған", - деді ол.

Сарапшы Олжас Құдайбергенов ҚТЖ-да мәселе бары рас екенін, дегенмен Смайылов төндіргендей қауіп жоғын айтты.

"ҚТЖ-да проблема көп, бірақ банкрот болуы мүмкін емес. Қазір қайта ҚТЖ-ның жағдайы жақсарып келе жатыр. 2023 жылы табысы 30 пайызға көбейіп, ал таза пайдасы 4 есе өсті. ҚТЖ жыл сайын төленетін қарызын төлеп жатыр", - дейді ол.

Сонымен қатар, экономист бұл мәселенің тамыры Маминнің кезінде қалыптасқанын жеткізді.

"Смайылов премьер болған кезде ҚТЖ туралы біраз сын айтты, мақтағаны да бар. Әрине, қазіргі проблемалар көбіне Мамин кезінде туындады. Бірақ енді Жоғарға аудиторлық палатаға келген соң (Смайылов - еск.) осындай критиканы неліктен айтқаны түсінікті. Смайыловтың толық есебін қөрсеңіз, ол жерде біраз жақсы ұсыныс бар. Көбі - өзі премьер болған кезінде қолдаған ұсыныстар. Тек екі оймен келіспеймін: банкрот болатынына, сосын ҚТЖ-ны сыртқы басқаруға беруге", - дейді Олжас Құдайбергенов.


Рекомендовать
Последние новости