Қайрат Боранбаевтың бизнестегі серіктесіне неге іздеу жарияланғаны белгілі болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетейік, бұған дейін NEF Qazaqstan компаниясының құрылтайшысы әрі басшысы Тарык Волкан Оскайға іздеу жарияланды. Ақпарат Құқықтық статистика органдарының порталында пайда болды. Бұл іс 18 сәуірде Алматыда тіркелген.
Жаңа дерек: оған неге іздеу жарияланды?
Алматы ПД мәліметінше, Бостандық аудандық полиция басқармасы алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
"Азамат О. қылмыстық іс бойынша сырттай күдікті ретінде танылды. Оған сот "қамауда ұстау" шарасын сырттай санкциялады. Қазір күдіктінің орналасқан жерін анықтауға және оны ұстауға бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Кәсіпкердің Боранбаевқа не қатысы бар?
Түркияның тумасы Тарык Волкан Оскай Қайрат Боранбаевпен бірге заңсыз сатып алынған активтерді қайтару шеңберінде мемлекетке берілгенге дейін Comfort Hotel Astana қонақүй кешенін бақылаған "Роял Комфорт Астана" компаниясына иелік еткен.
Оған қоса құрылтайшысы Боранбаев саналатын "Алмалы" (Almaly Assets Management) активтерді басқару компаниясында жұмыс істеген.
Қайрат Боранбаев пен Тарык Волкан Оскай бірлесіп иеленген Comfort Hotel Astana қонақүй кешені былтыр жаңа иесін тапқан еді.
Қонақүй "Invesco PowerShares Capital Management" ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына, яғни америкалық Invesco PowerShares компаниясының қазақстандық өкілдігіне берілді.
NEF Qazaqstan туралы
Айта кетейік, NEF Qazaqstan компаниясы түркиялық NEF құрылыс холдингінің құрамына кіреді.
2023 жылы күзде NEF Qazaqstan компаниясы Astana International Exchange (AIX) алаңында дефортқа ұшыраған болатын. Компания 4 млрд теңге көлеміндегі негізгі қарыз бен 402 млн теңгеден аса купондық төлемді өтей алмаған.
Бұған дейін бұл қаржы Алматы қаласында салынып жатқан Green Center тұрғын үй кешеніне жұмсалғаны айтылды.