Америкалық бизнесмен Джеймс Кэмерон Қазақстандағы Eurasian Resources Group (ERG) тау-кен компаниясының 100 пайыз акциясын 5 миллиард долларға сатып алуға ұсыныс жасады. Бұл туралы Reuters агенттігі өз қолына түскен ресми құжаттарға сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ERG – мыс, кобальт, алюминий және темір рудасын өндіретін ірі компания, оның 40 пайызы Қазақстан үкіметіне тиесілі. Өткен жылы ERG еліміздегі сирек және сирек жер металдар кен орындарын барлауға бағытталған арнайы топ құрған болатын.
Джеймс Кэмерон директорлар кеңесіне жолдаған хатында бұл келісімді қаржыландыру үшін өз қаражаты мен АҚШ, Аустралия және Таяу Шығыстан келетін басқа инвесторлардың капиталын пайдалануға дайын екенін жеткізген. Мәміленің қаржылық кеңесшісі ретінде әйгілі Goldman Sachs компаниясы тартылуы мүмкін.
Америкалық инвестордың қызығушылығы Қазақстанның стратегиялық маңызының артуымен байланысты болып отыр. Себебі, еліміз 2028 жылға дейін сирек кездесетін және сирекжер металдарын өндіруді 40 пайызға арттыруды жоспарлауда. Биылғы сәуір айының басында Қазақстан аумағында болжамды қоры 20 миллион тоннадан асатын ірі кен орны анықталған болатын. Егер бұл деректер толық расталса, Қазақстан сирекжер металдарының қоры бойынша әлемдік үздік үштікке кіруі мүмкін.