Біздің сот МАГАТЭ-ні менсінбей ме?

Dalanews 06 апр. 2017 15:16 887

Осыдан 4 жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев Семейден Ядролық медицина орталығын құру туралы арнайы тапсырма берген болатын. Жергілікті әкімшілік пен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл шаруаны дереу қолға алып, мердігер компания орталықтың құрылысын бастап кеткен еді. Егер бәрі ойдағыдай болса, орталық әлдеқашан өз жұмысын бастап, жылына обыр дертіне шалдыққан 600 адам емделіп, 3000-нан астам тұрғын тексеруден өтуге тиіс деп жоспарланған. Өкініштісі, қыруар қаржы бөлінген жобаны тиісті орындар әлі қабылдап алған жоқ. Бас мердігер «ИртышГЭСстрой» компаниясы мен  осалқы мердігер «Медтехника» АҚ арасындағы дау-дамайдың жалғасқанына бірнеше жылдың жүзі болды.




 

[caption id="attachment_25573" align="aligncenter" width="683"] Ядролық медицина орталығы[/caption]

Дау қайдан шықты?

Семейдегі радиологиялық орталықтың радиоизотопты диагностика және терапия бөлімшесі әлі күнге іске қосылмай тұр. Басты себеп, бекітілген жобаға сәйкес сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтайтын жүйенің орнатылмауында. Бас мердігер радиоизотопты диагностика және терапия бөлімшесіне құрылғы орнату үшін құрылғыларды тасымалдаушы «Медтехника» компаниясына тапсырыс берген. Бірақ, олар жобадағы құрылғыларды емес, радиологиялық орталықтың талабына сәйкес келмейтін құрылғылар орнатқан. Бас мердігердің пікірінше, сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтау жүйесінде радиациялық қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Бас мердігер мен қосалқы мердігер компания арасындағы екі жылға созылған сот отырыстарында арнайы комиссиялардың «құрылғыны ауыстыру керек» деген шешімдері қолдау таппай келеді. Қалалық сот қосалқы мердігердің талабын қанағаттандырып, құрылғыларды осы күйінде қалдыруға болады деген шешім шығарған.




Мердігерлер неге келіспей жүр?

Мәселенің мән-жайына үңілсеңіз, бұл жай ғана медициналық орталық емес, ядролық медициналық орталық екенін білесіз. Мұндай орталық елімізде қазірге жоқ. Елбасының бұл орталықты Семейден салуға тапсырма беруі кезінде полигон аумағы болған аймақтағы түрлі дерт-дербезге шалдыққан тұрғындардың алысқа шұбырмай, шетел аспай, осы орталықта емделуіне жағдай жасау еді. Заманауи алдыңғы қатардағы медициналық құрылғылармен жабдықталуға тиіс орталықтың бүгінгі жағдайы кім-кімді болса да ойландырмай тұрмайды. Теңдесі жоқ жобалар қатарына кіруге тиіс орталық қашан жұмыс бастайтыны белгісіз. Қосалқы мердігер компания өзіне жүктелген міндетті толықтай орындағандарын айтып отыр. Тіпті, олар сотта өз істерін адал атқарғандарын «дәлелдеп», жеңіске жетіпті. Бас мердігер компания өкілдері болса, орталықты дәл осы құрылғылар бойынша қабылдау орны толмас өкінішке соқтыруы мүмкін деп, жобаны қабылдаудан бас тартып келеді. Ең бастысы, адам өмірінің қауіпсіздігі дейді олар. Күні ертең әттеген-ай демеу үшін, олқылықтың орнын осы кезде қалпына келтіру керек.




МАГАТЭ өкілдері не деді?

Бұл даудың нақты шешімін табу үшін тапсырыс беруші бас мердігер компания бірнеше рет кәсіби мамандардан құралған комиссия шақыртқан. Тіпті, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) өкілдері бар халықаралық комиссия мүшелері радиологиялық орталықтың жұмысымен танысып, құрылғыларды талапқа сай ауыстырмаса, орталықтың жұмыс бастауына болмайды деп кесеткен. Одан өзге комиссиялардың да шешімі – орнатылған сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтау жүйесін ауыстыру. Дегенмен, мұндай шешім сот отырыстарында қолдау таппай, медициналық орталықтың құрылысы әлі күнге созылып келеді. Біздің сот МАГАТЭ-нің шешімін емес, қосалқы мердігер компания жалдаған ресейлік эксперттердің уәжін тыңдапты. Ал бас мердігер компания өкілдері күні ертең ауыр жағдай туар болса, бүгін «жарамды» деп бас шұлғыған ресейлік әртүрлі агенттіктерді шаммен іздеп таппайсыз деп отыр. Олар өздеріне бөлінген ақшаны қалталарына басқан да, тексеру нәтижесіне «осы құрылғылар арқылы орталық жұмысын ойдағыдай жүргізуге болады» деген шешім шығарып, елдеріне кеткен. Біздің сот болса МАГАТЭ өкілдерінің шешімін емес, ресейлік аты-заты белгісіз агенттік өкілдерінің айтқанына имандай ұйып отырған көрінеді.




ЦОЙ қандай тапсырма берді?

Осы мәселені тағы бір зерттеп, шешу жолдары бойынша нақты ұсыныс беру үшін Семей қаласына денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой бастаған арнайы комиссия келіп, жұмыс істеп жатыр. Оның құрамында Атомдық және энергетикалық
қадағалау мен бақылау комитетінің, Ұлттық ядролық орталықтың, Ядролық қауіпсіздік және экология институтының, атом өнеркәсібіндегі алдыңғы қатарлы кәсіпорын Үлбі металлургиялық зауытының басшылары мен өкілдері бар.

– Біз мұндай комиссияның құрамында 2015 жылы келіп, сол кезде бас мердігер мен құрылғыларды әкелген мердігердің өз міндеттерін орындамағандығын анықтағанбыз. Сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтау жүйесінде радиациялық қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Біз құрылғыны алып тастау немесе осы күйінде іске қосу туралы шешім қабылдауымыз керек. Бірақ, қазірдің өзінде оның қауіпсіздік талаптарына сай еместігін көріп отырмыз, – деді Алексей Цой.

Бірақ, біздің сот Цойдың сөзін тыңдай ма? Бұған дейін де талай комиссия құрылып, қанша мәрте құрылғыны қайта ауыстыру керек деп талап қойса да, қосалқы мердігер жақ өз пікірлерінен қайтар емес.

Жаңа медициналық орталық бір мердігердің мүддесі үшін емес, ел игілігі үшін жұмыс істейтіндіктен, Жоғары сот жергілікті әкімдік, Денсаулық сақтау министрлігі, бас мердігер және басқа осы салаға қатысты мемлекеттік органдар талап етіп отырған істі жіті бақылауына алып, мәселені ойдағыдай шешуге тиіс деген пікірдеміз. Бұл түйткілді жағдайды алдағы уақытта да өз назарымызда ұстаймыз.

Рекомендовать
Последние новости