Белгілі қазақстандық актермен фильмге түсу үшін оқушыдан 1,5 млн теңге талап еткен

Қаракөз Амантай 14 авг. 2025 14:25

Алматылық әйел белгілі актер Жан Байжанбаев 15 жастағы қызын фильмге түсіру үшін 1,5 миллион сұрағанын айтып, даулы жағдайды жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлпан Қуанышбайдың айтуынша, 15 жастағы қызы Көркем әлеуметтік желіден Жан Байжанбаевпен бірге фильмге түсуге шақырған кастинг туралы хабарландыруды көрген. Ұйымдастырушылар сынаққа ата-анасымен бірге келуді сұраған.

“Кезегіміз келгенде, қызым кастингке кірді, ал мені бөлек бөлмеге шақырды. Онда менеджер қысқаметражды фильм түсірілетінін, басты рөлді қызым орындайтынын айтты. Лимузинмен келіп, қызыл кілемнен өтетінін де уәде етті. Бірақ бірден “кішігірім” шартын қосты – осының бәрі үшін дәл қазір, осы жерде 1,5 миллион теңге төлеуіміз керек деді. Тіпті, қызымның көзінше “мамаң сені қолдамай отыр” деп қысым көрсетті”, – дейді Ұлпан Қуанышбай.

Бұл оқиға әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін өзге де ата-аналар ұқсас жағдайға тап болғандарын жазды.

“Ұлым басты рөлге бекітілді дегенде қатты қуандық. Бірақ дайындық барысын түсіндіргенде, оқу ақысымен бірге 1,5 миллион теңге төлеуіміз керек екенін айтты, – дейді тағы бір ата-ана.

Белгілі актер Санжар Мәди мұндай ұсыныстарды “алаяқтық” деп атады.

“Өкінішке қарай, кейбір студиялар мен продюсерлер балалар мен сенгіш ересектердің арманын пайдаланып, ақша табады. Рөл үшін немесе агенттік арқылы “жұлдыз болу” үшін ешқашан ақша төлемеңіздер”, – деді ол.

Журналистер дау туғызған кино мектебінен түсініктеме алуға тырысқанымен, ұйымдастырушылар пікір білдіруден бас тартқан. Ал Жан Байжанбаев пен Берік Айтжановтың менеджерлері актерлердің түсірілімге қатысқанын растады.

“Біз тек актер ретінде шақырылдық. Баға мен шарттарға студия жауапты. Ақылы оқу екенін білдік, бірақ оның құнына қатысымыз жоқ”, – деді менеджер.

Режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов ата-аналар да жауапкершілік арқалайтынын айтады.

“Белгілі актерлер де белгілі бір деңгейде моральдық жауапкершілікке ие. Өйткені халық алдымен соларға сенеді. Ал ата-аналар мұндай ұсыныстарды қабылдар алдында оны кім ұсынып отырғанын, қандай беделі барын анықтауы керек”, – деді ол.

Заңгерлердің айтуынша, мұндай әрекетті алаяқтық деп дәлелдеу қиын. Дегенмен кино саласында кастингтен өткен актерге, керісінше, еңбекақы төленетіні белгілі.


Рекомендовать
Последние новости