Биыл Жетісу облысында жаңа оқу жылы басталғанға дейін «Келешек мектебі» жобасымен Алакөл ауданы Достық ауылында 600 орындық орта мектептің, сондай-ақ Панфилов ауданы Лесновка ауылында 300 орындық орта мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылады. Сол сияқты Ақсу, Кербұлақ аудандарында тағы екі мектеп жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Оған қоса тағы 8 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілуде, соның 6-уының құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазір білім мекемелерінде жаңа оқу жылына дайындық қызу жүріп жатыр. Соның ішінде жылыту маусымына дайындық жұмыстары да басты назарға алынған. Білім беру мекемелеріне бүгінгі күнге сұйық және қатты отын, сол сияқты пеллет отыны жеткізілуде. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға көңіл бөлініп, жыл соңына дейін 58 мектептің спорт залдары мен асханалары жаңартылады, 70 пән кабинеттері сатып алынады.
- Жалпы білім беру қорынан 25 229 әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға 1,1 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі күні аталған қаражат ата-аналардың жеке есеп шоттарына толығымен аударылды. 1-4 сынып оқушылары және 5-11 сыныптың әлеуметтік осал отбасы балалары тегін ыстық тамақпен қамтылады. Сол сияқты оқушылар тасымалы мәселесі де назарымызда. Жалпы облыста 87 елді мекеннен 2113 оқушы тасымалданады. Оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы тасымалы үшін биыл жергілікті бюджет есебінен қосымша 8 автокөлік сатып алынды, - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов.
Жалпы жаңа 2025-2026 оқу жылында Жетісу облысында оқушылар контингенті 131 мыңнан асады деп күтілуде, оның ішінде 1-сынып оқушылары 13 мыңнан асады. Облыс колледждеріне 4,5 мың студент қабылдау жоспарланған.