Бектенов жұмысты кешіктіріп жатқан бірнеше шендіге шүйлікті

Сағыныш Сардарова 01 июл. 2025 15:55

Үкімет отырысы барысында Олжас Бектенов сумен жабдықтау және су тарту жобалары бойынша кестеден кешігіп жатқан бірқатар өңірді атады. Тек бірінші жарты жылдықтың өзінде мемлекеттік органдарға сумен жабдықтау мәселелері бойынша тұрғындардан 30 мыңға жуық арыз-шағым келіп түскен, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Тиісті ведомстволарға жұмыстарды тезірек аяқтау жөнінде тапсырмалар берілді.

"Мәселен Су ресурстары мен ирригация министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігінің алдына қысқа мерзімде елорда маңындағы ауылдарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету шараларын қабылдау міндеті қойылды", - деп жазылған хабарламада.

Ал "Самұрық-Қазына" қоры мен Маңғыстау облысының әкімдігіне 15 шілдеге дейін Кендірлі зауытын іске қосу жұмыстарын аяқтап, Жаңаөзен қаласына су беруді қамтамасыз ету тапсырылды.

Оған қоса Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері Ұлытау облысының әкімдігімен бірлесіп, осы жылдың 1 тамызына дейін Жезқазғанда су тазарту құрылысын реконструкциялау жобасын қосымша қаржыландыру жөнінде шешім қабылдауы қажет.

"Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары министрліктері мен өңір әкімдіктеріне кешігіп жатқан жобаларды толық аяқтау үшін түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырамын", - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Оған қоса Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы қаралды. Баяндамаларды тыңдап шыққан премьер-министр бірқатар тапсырма берді.

"Өңір әкімдіктері жыл соңына дейін ауыз сумен қамту бойынша қолданыстағы барлық жобаны іске қосуды қамтамасыз етсін. Бұған өңірлердің бірінші басшылары тікелей жауап береді. Қаржы министрлігі бекітілген қаражатты жергілікті атқарушы органдарға жедел тәртіппен аударуы қажет", - деп тапсырды Олжас Бектенов.
Премьер-министр елді мекендерді дамыту жоспарларын ескере отырып, топтық су құбырларын салу жұмыстарын жандандыруды да тапсырды. 
"Топтық су құбырларын дамытуға айрықша назар аудару керек. Бұл жұмысты елді мекендерді дамыту жоспарларымен үйлестіре отырып жүргізу қажет. Кей жағдайларда ауыл ішіндегі желілер дайын болғанмен, су көзіне қол жеткізу мүмкін емес. Немесе керісінше – ауылға дейін су желісі тартылған, алайда, ішкі су құбырлары дайын болмай жатады", -  деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Су ресурстары және ирригация министрлігінің алдына жыл соңына дейін топтық су құбырларын салу және жаңғырту жобаларын аяқтауды қамтамасыз ету міндетін қойды. Қаржы министрлігімен бірлесіп, 2026 жылы топтық су құбырларын бірыңғай кешендер ретінде әкімдіктердің балансына беруді қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар6 Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мүлікті республикалық меншіктен коммуналдық меншікке беру мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу тапсырылды.

Рекомендовать
Последние новости