Баталов: «Тәуелсіздік жылдары Алматы облысының бюджеті 20 млрд теңгеден 770 млрд теңгеге дейін ұлғайды»

Dalanews 16 дек. 2020 09:08 1299

Талдықорғандағы Б.Римова атындағы драма театрында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Осы шарада мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі үшін, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін облыстың жетпістен астам азаматына мемлекеттік наградалар тапсырылды.

Жиналған қауымды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктерге тоқталып өтті.

– Қымбатты жетісулықтар! Сіздерді ұлық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік – бабалардың арманы мен аманаты, халықтың ең киелі құндылығы. 2021 жылы рухы асқақ, тұғыры биік ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Бұл – біздің жас мемлекетіміз үшін үлкен тарихи белес. Осы жылдар ішінде Қазақстан өзін тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтырды. Біздің Тәуелсіздік тарихының әр парағында Елбасымыздың ұшан-теңіз еңбегі, жанкешті ерлігі, жасампаз істері жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың байсалды саясаты Елбасының сындарлы жолымен жалғасып келеді. Осы жылдарда еліміздің жеткен жетістіктеріне жетісулықтардың да қосқан үлесі мол.

Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында облыс бюджеті 20 млрд теңгенің айналасында болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 770 млрд теңгеге жетті. Біз Елбасының тапсырмасына сәйкес, қант қызылшасын өсіруді қайта жаңғыртып, тоқтап тұрған Ақсу, Көксу қант зауыттарын іске қостық. Ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруді бастадық.


Ет және сүт өңдеу жолға қойылды. «Маревен Фуд», «Лукойл» сияқты 9 Трансұлттық компанияны тарта отырып, инвестициялық ірі жобалар жүзеге асырылды. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында өңірге табиғи газ тартылды.  Республикалық «Талдықорған – Өскемен» автокөлік жолы жөнделіп жатыр. Жыл соңына қарай өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. теңгеден асады, ал ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 900 млрд. теңгеге жетпек, – деп атап өтті А. Баталов.

Салтанатты жиынды облыс басшысы бұдан әрі марапаттау рәсімімен жалғастырды. Талғар аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қалимолда Байболов, Алматы көпсалалы ауруханасының бөлім меңгерушісі Әлима Көпбаева, Жамбыл ауданындағы «Zhambyl Keramzit Company» ЖШС директоры Марат Мырзағалиұлы және басқа да бір топ азамат «Құрмет» орденін иеленсе, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алғандар қатарында Сарқан ауданындағы «Ақ-Бұлақ продукт» ЖШС жұмысшысы Бауыржан Қалимолданов, Талғар ауданындағы «Zeta» өндірістік компаниясының құрастырушысы Дәулет Намазбаев, «Текелийский энергокомплекс» ЖШС машинисі Ақан Хайруллин бар. Сол сияқты «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім беру, мемлекеттік қызмет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп және басқа да экономиканың маңызды салаларында еңбек етіп жүрген бірқатар жетісулықтар марапатталды.

Осы күні алты азаматқа «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Атап айтқанда, Парламент Сенатының депутаты Ләззат Сүлейменова, еңбек ардагері Елеусіз Сұлтанғазиев, «Айналайын» балалар үйінің әдіскері Несіпжамал Баймадиева, «АЮ ТАС» ЖШС құрылтайшысы Алпысбай Рахимов, белгілі кинорежиссер Талғат Теменов, «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясының бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов «Алматы облысының Құрметті азаматы» атанды.

Өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдірген Сенат депутаты Ләззат Сүлейменова:

– Ең алдымен облыс әкімі Амандық Ғаббасұлын Елбасымыздың қолынан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін алуымен шын жүректен құттықтаймын. Осы қуанышпен барлық жерлестерімді де құттықтаймын. Өйткені бұл – барша жетісулықтарға берілген үлкен марапат деп есептеймін. Мен үшін Алматы облысының орны бөлек. Азамат ретінде қалыптасуым, мемлекеттік қызметтегі жолым осы өлкеден басталған. Сондықтан бүгінгі «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын алу – мен үшін биік мәртебе. Осы атаққа ұсынып, қолдап, құрмет көрсеткен мәслихат депутаттарына, барша қауымға ризашылығымды айтамын. Осы құрметті әрқашан ақтап жүруге, лайықты болуға сөз беремін, – деді Л. Сүлейменова.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Елбасының қатысуымен өткен салтанатты шарада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа мемлекеттік награданы табыс етті.

Рекомендовать
Последние новости