Баспана – басты игілік: Сайрамда мұқтаж отбасыларға пәтер берілді

Ақтоты Жапатова 12 июл. 2025 11:58

Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсукент ауыл округінде 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның 32 пәтері бүгін пайдалануға тапсырылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сайрам ауданы, Ақсукент ауыл округіне арнайы барып, тұрғындардың қуанышын бөлісті. Тұрғын үй кезегінде тұрған баспанаға мұқтаж отбасыларға арендалық пәтер кілттерін табыстап, ізгі тілегін жеткізді.

– Бүгін біз маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – арендалық тұрғын үйдің ашылу салтанатында бас қосып отырмыз. Бұл — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жолында қолға алынған нақты істердің нәтижесі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде азаматтарды баспанамен қамту — стратегиялық басым бағыттардың бірі. Облыста тұрғын үйге деген сұраныс жоғары. Осы сұранысты кезең-кезеңмен шешу мақсатында мемлекет тарапынан нақты шаралар қабылданып келеді. 2018–2024 жылдар аралығында облыс көлемінде 7,7 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, соның ішінде Сайрам ауданында 159 отбасы қоныс тойын тойлады. Ал бүгін тағы 32 отбасы жаңа пәтерлерге қол жеткізді. Жаңа пәтерлер — тұрғындарымыздың өміріне жайлылық, тұрақтылық және жаңа үміт сыйласын! – деген Нұралхан Оралбайұлы жұртшылықпен бірге пәтерлерді аралап шықты.

Бұл тұрғын үйлер көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтар мен жетім балаларға үлестірілді.

Екі қабатты 6 тұрғын үй 1,1 гектар аумақта орналасқан. Оның ішінде, 20 пәтер – 1 бөлмелі, 40 пәтер – 2 бөлмелі және 20 пәтер – 3 бөлмелі. Нысан құрылысын «Тұрғын үй-моммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 2024 жылы жеке инвестор қолға алып, биыл пайдалануға тапсырды.

Қазіргі таңда облыс көлемінде 69 мың азамат тұрғын үй кезегінде тіркелсе, соның 6 пайызы (4 251 азамат) Сайрам ауданының тұрғындары. Аудандағы баспана мәселесін шешу мақсатында Ақсукент және Ақбастау ауылында екі қабатты 96 пәтерлі тұрғын үйді сатып алу жоспарланып отыр.

Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыс орталығы мен аудандарда тұрғын үйлер салынып, баспана кезегінде тұрған азаматтарға пайдалануға берілуде.


Рекомендовать
Последние новости