Барлық балаға – тең мүмкіндік: Қазақстандағы инклюзивті білім берудің болашағы

Азамат Қойшығара 25 июл. 2025 13:10

XXI ғасырдың басты ұстанымдарының бірі – әрбір адамның қоғамнан өз орнын тауып, толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік жасау. Бұл қағида, әсіресе балаларға қатысты болғанда ерекше маңызға ие. Бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар (ЕББҚ) балаларға тең құқық пен мүмкіндіктер жасау мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып отыр. Бұл бағытта инклюзивті білім беру моделі қолға алынып, заңнамалық және институционалдық негіздер қалыптасып келеді.

Инклюзия – тек білім беру жүйесіне емес, бүкіл қоғамға қатысты түсінік

Қазақстан 2008 жылы БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына қосылды, ал 2015 жылы бұл құжатты ратификациялады. Конвенцияда мүгедектігі бар адамдардың білім алуда тең мүмкіндіктерге ие болуы, оның ішінде жалпы білім беретін мекемелерге қолжетімділік, жеке қолдау шаралары және бейімделген оқу бағдарламаларымен қамтамасыз етілуі қажеттігі атап көрсетілген.

Мемлекеттік деңгейде Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы мен «Кемсітусіз және инклюзивті қоғам құру тұжырымдамасы» негізінде инклюзия қағидаттары енгізіліп, даму кезеңдеріне сәйкес жаңартылып отыр.

Қолданыстағы жүйе мен жетістіктеріміз қандай?

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылға қарай инклюзияға бағытталған 6 000-ға жуық мектеп бар. Бұл елдегі жалпы мектептердің 90 пайызына жуығын құрайды. Мұндай мектептерде ерекше балаларға арналған жеке оқу жоспарлары, бейімделген бағалау жүйелері, арнайы жабдықталған сыныптар мен қолдау көрсететін педагогикалық қызметкерлер бар.

«Бүгінде 90 мыңнан астам бала инклюзивті біліммен қамтылған. Біз оқу процесіне икемділік пен бейімделу принциптерін енгіздік. Оқу бағдарламалары әр баланың қабілеті мен ерекшелігіне қарай құрылады», - дейді Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің бас сарапшысы Жания Қадырбаева.

2024 жылдан бастап колледждерде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған қабылдау квотасы 1 пайыздан 10 пайызға дейін ұлғайды. Сонымен қатар, «педагог-ассистент» мамандығы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының классификаторына енгізілді.

Инфрақұрылымдық қолдау мен кадрлар даярлау жолға қойылған

«Келешек мектептері» жобасы аясында жаңа мектептер пандустармен, кең есіктермен, лифттермен, арнайы санитарлық тораптармен және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу кабинеттерімен толық қамтамасыз етіледі. 2024-2025 жылдары осы мектептердегі 2000-нан астам педагог біліктілігін арттырды. Оның ішінде 60-қа жуығы инклюзивті білім беру саласына маманданған арнайы бағдарлама бойынша оқытылды.

Біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырумен «Өрлеу» ұлттық орталығы айналысады. Оқу модульдері педагогтарға баланың оқу жетістігін бағалау, жеке оқу бағдарламаларын жасау, оқытудың баламалы әдістерін енгізу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Әлі де шешімін күткен мәселелер бар

Дегенмен, қол жеткізілген жетістіктермен қатар, елде шешімін күткен түйткілдер де бар. Айталық, ауыл мектептерінде инклюзивті орта әлі де әлсіз. Қалалық аймақтармен салыстырғанда, шалғай ауылдарда білім беру ортасының инфрақұрылымы мен кадрлық қамтамасыз етілуі төмен.

Мамандар тапшылығы анық байқалады. Логопедтер, дефектологтар, психологтар, тьюторлар жетіспейді.

Білім беруден тыс қолдау шаралары тағы көңіл көншітпейді. Бала сабақтан шыққан соң үйде, қоғамда немесе серуен кезінде де кедергісіз орта мен қолдауға мұқтаж.

Стигма мен түсінбеушілікті де проблема ретінде атап өту керек. Көптеген ата-аналар мен мұғалімдер инклюзия ұғымының мәнін толық түсіне бермейді.

Халықаралық тәжірибе: Қазақстан нені үйрену керек?

Мысалы, Финляндияда инклюзивті білім жүйесі 1980-жылдары қалыптасып, бүгінде әлемге үлгі болып отыр. Онда ерекше қажеттілігі бар оқушыларды ерте жастан анықтап, арнайы мамандар мен мектеп қауымдастығы тығыз байланыста жұмыс істейді. Әр мектепте толыққанды психологиялық-педагогикалық қызмет бар.

Ал Жапонияда оқушылармен жұмыс істейтін арнайы дайындықтан өткен ассистенттер жүйесі жақсы жолға қойылған.

Қазақстан осы елдердің тәжірибесінен үлгі ала отырып, институционалды үйлестіруді арттыруы, ата-аналармен тығыз жұмыс жүргізуі және көпсалалы қолдау жүйесін кеңейтуі қажет.

Инклюзия – болашаққа салынған көпір

Инклюзивті қоғам – бұл тек ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мүддесін қорғау емес, бүкіл қоғамның адамгершілік деңгейін көтеретін қағидат. Ерекше бала – қоғамнан оқшаулануға емес, өз қабілетін дамытуға лайық тұлға.

Инклюзия саясатын дамыта отырып, Қазақстан тек білім беру саласында ғана емес, жалпы қоғамда әділеттілік пен теңдікке бастар жолды қалыптастырады.

«Баланы қоғамға бейімдеу емес, қоғамды балаға бейімдеу» – инклюзия философиясының өзегі осы.


Рекомендовать
Последние новости