Қарағанды облысында Takorp қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің басшылығына қатысты заңсыз іс- әрекет бойынша тергеу жүргізілді деп хабарлайды Dalanews.kz.АФМ- ге сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, екі күдікті азаматтардың қаражатын инвестициялық жоба ретінде тарту схемасын ұйымдастырған.
«Олар 100 пайыз табысқа кепілдік бере отырып, 30-дан 50 мың долларға дейін инвестиция салуды ұсынған. Пирамида алты бонус деңгейінен (VIP-1-VIP-6) тұратын матрицалық жүйе негізінде құрылған интернет- платформа арқылы жұмыс істеген. Төлемдер USDT криптовалютасында жүргізіліп, салым көлеміне және реферальдық сілтемелер арқылы тартылған қатысушылар санына байланысты есептеліп отырған»,- делінген хабарламада.
Сонымен қатар заңды қызмет бейнесін қалыптастыру және оң имидж жасау мақсатында ұйымдастырушылар балалар үйлерінде қайырымдылық шараларын өткізген.
«Нәтижесінде Takorp пирамидасына 117 қатысушы тартылған. Соттың санкциясымен құны 32 мың доллар болатын криптовалютаға тыйым салынды»,- делінген ақпаратта.
Сонымен қатар күдіктілерге бұлтартпау шарасы ретінде елден шықпау және тиісті мінез- құлық туралы қолхат түріндегі шектеу қолданылған. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
