Бакуден Ақтауға қонған ұшақты ұшу-қону жолағынан сүйреп әкетуге тура келді

Қаракөз Амантай 30 дек. 2024 13:30 1408

Қазақстан Республикасының Көлік министрлігінің баспасөз қызметі Бакуден Ақтауға келген ұшақта ақау пайда болғанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Ақтау әуежайында аэродромдық және жерүсті қызметтері ұшу-қону жолағынан әуе кемесін сүйреп әкету жұмыстарын жүргізді. Ұшақ штаттық режимде қонған. Алайда қонғаннан кейін әуе кемесінің мұрындық тірегішінде (Баку – Ақтау бағыты) ақау пайда болған", – деп хабарлады министрлік дүйсенбі күні KazTAG редакциясына.

Айта кету керек, ұшақта жолаушылар болмаған.

"Әуежай ашық, штаттық режимде жұмыс істеп тұр", – деп қосты ведомство.

Еске салайық, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.

Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар рейсі қатты тұманға байланысты Грозныйға қона алмаған, алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға бағытталған.

Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. 29 адам аман қалды.

Қайғылы оқиғадан кейін Әзербайжанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Түсте бүкіл ел бойынша мемлекеттік тулар түсіріліп, көліктер тоқтады. Әзербайжандықтар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Рекомендовать
Последние новости