Azerbaijan Airlines Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төлейді. Өтемақы жергілікті бюджеттен қарастырылып отырған сомамен салыстырғанда екі есе көп, деп жазады Dalanews.kz.
"Әзірбайжан авиажелісі" ААҚ Бақылау кеңесінің шешімі бойынша 2024 жылғы 25 желтоқсанда J2-8243 - Баку-Грозный бағытына қатынаған Embraer 190 ұшағының Қазақстан Республикасының территориясында апатқа ұшырауы салдарынан зардап шеккен әрбір адамға 20 000 манат (6 млн теңге), сондай-ақ, әрбір қаза тапқан адамның отбасыларына 40 000 манат (12 млн теңге) өтемақы төленетін болады", делінген авиакомпанияның Telegram арнасында жарияланған хабарламасында.
Сонымен қатар, барлық жолаушы Әзірбайжан Республикасының заңнамасына және халықаралық озық тәжірибеге сәйкес сақтандыру төлемдерін алатыны да нақтыланады.
Айта кетсек, 25 желтоқсанда түске қарай Ақтау маңында "Баку-Грозный" бағытына қатынаған Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатқа ұшырады. Ұшақ апатынан 29 адам аман қалды, 38 адам қаза тапты. Қазақстан көлік министрлігінің келтірген алдын ала деректері бойынша бортта Әзірбайжанның 37 азаматы, Қазақстанның алты азаматы, Қырғызстанның үш азаматы және Ресейдің 16 азаматы болған. Барлығы 67 адам, оның ішінде бесеуі экипаж мүшелері. Қазақстан көлік министрлігі авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия Ресей мен Әзірбайжанның құқық қорғау органдары әуе апатын тергеуге жіберілетінін айтты.
Сондай-ақ кеше, 26 желтоқсанда Ақтауда өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов әуе апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына қандай көмек көрсетілетінін жеткізді. Министрдің айтуынша, республикалық бюджеттен кепілдендірілген төлем барлық отбасыға беріледі.Нақтырақ айтқанда, асыраушысынан айырылғандарға 138 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы 257 мың теңге төленеді. Ал бір реттік төлем мөлшері 5 миллион теңге болады.