Ахметов Семей қаласын дамыту бағытындағы жұмыстарды қорытындылады

Dalanews 08 февр. 2022 01:56 1003

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Семей қаласының жұртшылығымен кездесті. Нәтижесінде  2019 жылы ҚР Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының іске асырылу бойынша 2021 жылдың қорытындысын шығарды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Естеріңізге сала кетейік, аталған құжат Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды, экономиканың нақты секторын дамыту, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың табысын өсіру мәселелерін жүйелі шешуге бағытталған.

Кешенді жоспар аясындағы жұмыстар 2020 жылы басталып, 2025 жылға дейін жалғасады. Жалпы сомасы 260 млрд теңгеге 56 жобаны іске асыру жоспарланған.  Оның 98,5 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, ал қалған бөлігін жергілікті, жеке инвестициялар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестіктен бөлінді.

Өңір басшысы Қарағайлы жаңа тұрғын ауданын белсенді дамытуға көп көңіл бөлінгенін атап өтті. Мәселен, екі жыл ішінде мұнда бес жалға берілетін және 15 несиелік үй пайдалануға берілді. 3,5 млрд теңгеге веложолдары мен жарықтандыруы бар кварталішілік өту жолдары салынды. Биыл шағын ауданда 1200 орындық заманауи мектептің құрылысы басталады.

Кешенді жоспар аясында Семейде коммерциялық құрылыс салушылар 20 көпқабатты тұрғын үйді тұрғызды. «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы бойынша жеке құрылыс салушылар 78 бір қабатты үй салды. Айта кету керек, екі жыл ішінде 256 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Іс жүзінде 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни, жоспарланған жоспардан 1,6 есе артық. Тұрғын үй секторының белсенді құрылысы 2 200-ден астам отбасының тұрғын үй мәселелерін шешуге мүмкіндік берді.


Инфрақұрылымдық сектор жоспар бойынша 4,2 млрд теңге болса, 12 жобаны жүзеге асыруға 5,5 млрд теңге игерілді. Соның арқасында Степной және Суық бұлақ ауылдарының тұрғындары орталық сумен қамтамасыз етілді.

Ал Ұшақтар кентінде орамішілік су құбыры желілері салынды. Су ресурстарының ластануын болдырмау үшін Ертіс өзені арқылы өтетін коммуникациялық дюкер жөнделді. Айта кету керек, бұл жөндеу мәселесі 15 жыл ішінде шешілмеген еді.

Сонымен қатар, Даниал Ахметов Семей – халықаралық және республикалық маңызы бар жолдар өтетін өңірдің маңызды көліктік-логистикалық және сауда торабы екенін атап өтті. Сондықтан жолдарды абаттандыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Бұған дейін Семейде  «Нұрлы жол»  инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бойынша «Омбы – Майқапшағай» автомобиль жолдарының учаскелерін қайта жаңарту аяқталды. Бұл транзиттік жүктерді тасымалдау көлемінің айтарлықтай өсуіне ықпал еткен.

Жүк-көлік жолаушылар әлеуетін дамыту үшін екі ірі жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, ұзындығы 51 шақырым Семей қаласының айналма жолының құрылысы және Ертіс өзені арқылы өтетін автожол көпірін қайта жаңарту. Өткен жылы айналма жол құрылысы бойынша жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу аяқталды.

Автожол көпірін реконструкциялау жобасына сараптама алынды. Алдағы уақытта жобаларды қаржыландыру салалық министрлікпен пысықталатын болады.

Осылайша қала жолдарының жағдайын жақсарту үшін көп жұмыс атқарылды. Екі жыл ішінде жол желісін ағымдағы және орташа жөндеуге 3 млрд теңге жоспарланған болатын. Алайда, аталған бағытқа 7,2 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде бұл 90 шақырым жолдар мен көшелерді қанағаттанарлық жағдайға келтіруге мүмкіндік берді.


Өткен жылы Жангелдин көшесі бойымен «Омбы – Майқапшағай» трассасына дейінгі автожолды қайта жаңарту аяқталды, «Семей – Қайнар» автожолының 108 шақырымы орташа жөндеу аяқталды. Сондай-ақ, 106 көше мен жергілікті маңызы бар жолдар жөнделді.

Қала тұрғындары үшін жайлы орта құру мәселелеріне ерекше назар аударылды. 2020 жылдан бастап 24 нысан абаттандырылды. Олардың арасында «Абай жолы» жаяу жүргіншілер аймағы, мешіт айналасындағы аумақ, Абай атындағы алаңды қайта құру, «Мәңгілік Ел» көшесін абаттандыру сияқты ірі нысандар бар.

Даниал Ахметов атап өткендей, қазір қалалық билік депутаттармен бірлесіп, Семей қаласын дамытудың кешенді жоспарымен танысып, халықпен кездесулер өткізуі тиіс.

Даниал Ахметов Семей қаласының жұртшылығымен кездесу барысында  қаланың орталық көшесіне шығатын көпқабатты үйлердің қалай абаттандырылатыны туралы айтып берді.

Оның айтуынша, биыл Семейде Шәкәрім даңғылындағы 19 көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылады. Себебі, олар орталық көше мен теміржол вокзалын байланыстырады.

– Бұл Семей қаласының қақпасы. Сондықтан аталған үйлерді абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Олардың қасбеттері жаңа келбетке ие болмақ. Алайда, қала тарихи құндылығы бар ерекше ғимараттарға бай екендігін ұмытпауымыз керек. Мұндай нысандарды қалпына келтірудің арнайы бағдарламасы бар. Сондықтан біз Семейдің тарихи келбетін сақтау үшін ескі үйлерді қалпына келтірумен айналысатын мамандарды жұмылдыратын боламыз, – деп хабарлады Даниал Ахметов.

Рекомендовать
Последние новости