Атырауда бет-аузын тұмшалап, Ту ұстап суретке түскендер қызу талқыға түсіп жатыр. Оларға қандай жаза төніп тұрғаны белгілі болды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Полиция мәлімдемесі
Атырау Полиция департаменті мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған суретке қатысты мемлекеттік рәміздерді қорлау туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Суреттегі төрт күдікті анықталып, полицияға жеткізілді. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды", - деді полиция бұған дейін.
Жергілікті парақшалардың мәліметіне сүйенсек, суреттегі төрт адамның екеуі - кәмелет жасына толмағандар.
Желіде дау тудырған сурет не туралы?
Суреттегілер Сауд Арабиясы туының элементтері бар Қазақстан Туын ұстап тұрғаны көрінеді. Ал сурет Атырау қаласындағы Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайында түсірілген болуы мүмкін.
Құқық қорғау органдары болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу барысында ұсталғандарға көптеген сұрақ қойылуы мүмкін: бұл Туды қайдан алды, оны қандай мақсатта пайдаланды және неге әлеуметтік желілерде жариялады, т.с.с.?
Қандай жаза төніп тұр?
Қазақстан заңнамасына сәйкес мемлекеттік рәміздерді қорлау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша мұндай әрекет үшін үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол сомаға түзеу жұмыстары, 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.