Атырауда NCOC қызметкері Бибігүл Шпанованың өліміне қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында күдіктіге қатысты алаяқтық, зорлау және жүкті әйелді басқа қылмыстарды жасыру мақсатында аса қатыгездікпен өлтіру, сондай-ақ, ұрлық жасау және көлікті заңсыз иемдену бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сот мәліметінше, 2022 жылы жәбірленуші Атырау қаласында пәтер сатып алып, сантехник маманымен танысқан. Ол жөндеу жұмыстарын талқылап, сенімге кіріп, жәбірленушінің тұрақ орнын сатып алу жоспары барын білген. Ол жәбірленушіні ұйым қызметкерлері арқылы тұрақ орнын жеңілдікпен сатып алуға көмектесетініне сендіріп, одан 400 мың теңге алдын-ала төлем алған. Кейін жәбірленуші күдіктіге келісім туралы бірнеше рет есіне салған.
Бір жылдан кейін ол тағы да сантехник маманына қоңырау шалып, тұрақ орны туралы есіне салып, мәселе шешілмеген жағдайда шағым түсіретінін ескерткен. Өзінің жүкті екенін, одан әрі күту мүмкін емес екенін де айтқан. Осыдан кейін сантехник маманы арызды рәсімдеу сылтауымен оған мас күйде келген.
"Алаяқтықты жасыру үшін ол маска тағып, пышақпен қаруланып, жәбірленушіні зорлап, аса қатыгездікпен өлтірген. Кейін ол пәтерді тінтіп, сейфті ашып, қомақты ақша мен зергерлік бұйымдарды ұрлап, көлік пен ұялы телефонды иемденген. Жалпы материалдық шығын 13 млн теңгеден асқан", - деп жазылған хабарламада.
Сотталушының кінәсі дәлелдермен расталған. Сотталушы барлық айып бойынша кінәлі деп танылды.
"Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасына сотталды. Жәбірленушінің пайдасына материалдық және моральдық залал өндірілді", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, биыл 29 сәуірде Атырауда өз үйінен 45 жастағы Бибігүл Шпанова өлі табылған еді.