Астанада «Тоқта, вандал» күндізгі рейд шаралары жалғасын тапты

Dalanews 16 нояб. 2023 06:22 1345

Бүгінде Астана қаласында «Тоқта, вандал» акциясы аясында белсенділер күндізгі рейдтер өткізуде. Белсенділер қала тұрғындарына түсіндіру жұмысын жүргізіп, көше нысандарға былапыт сөз жазудан тазартып жатыр, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күндізгі рейд елорданың барлық бес ауданында өткізіледі. Оларға еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар қатысады. Белсенділердің арасында спортшы һәм әлеуметтік кәсіпкер Айтым Жақыпов бар.

– Бүгін бізде әкімдікпен және полиция департаментімен бірлесіп «Тоқта, вандал» кезекті акциясы өтті. Біз қаламыздағы көше мен саябақтарда боялған, қаламдармен есімдер жазылған көптеген орындықтар бар екенін көрдік. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды ең алдымен спортқа қызықтыру, содан кейін қоғамның мүлкін көздің қарашығындай аялап ұтсауға үндеуді көздейміз. Осылайша қоғамдық сананы оятып, ел азаматтары арасында патриоттық сезімді арттыруды көздеп отырмыз, – деді Айтым Жақыпов акция туралы.

Науқанға қатысушылар рейдтер кезінде көшелерді қоқыстардан және жазулардан тазартады, қала тұрғындарына қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығы туралы профилактикалық түсіндіру жүргізіледі және оларды спортқа қызықтырады.


– «Тоқта, вандал» акциясы жыл басынан бері әкімдіктің қолдауымен өткізіліп келеді. Оған «Астана жастары» ЖРО еріктілері, белсенді азаматтар, қала тұрғындары, қоғам белсенділері қатысып жатыр. Рейдтер елорданың барлық бес ауданында өтуде, – деп атап өтті NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Альфараби Аймақ.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері құқық қорғау органдары вандализм әрекеті үшін 100-ден астам адамды анықтап, жауапқа тартты. Қала бойынша күнделікті патрульдеуді екі мыңнан астам полиция қызметкері жүзеге асырады.

 

Рекомендовать
Последние новости