Қазақстан Ресейдің ықпалынан ешқашан құтылмайды - депутат Сарым

Dalanews 16 нояб. 2023 09:00 1140

Қазақстан Ресейдің құрсауынан ешқашан құтылмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Нартай Аралбайға берген сұхбатында айтты деп жазады Dalanews.kz.

Қазақстан мен Ресейдің экономикасы бір-бірімен байланысты әрі бірлесе жұмыс істейтін кәсіпорын көп. Бұған қоса Қазақстанда 3 миллионнан астам орыс тұрса, Ресей аумағында 1 миллионға жуық қазақ бар. Сол себепті депутат екі ел арасындағы байланысты үзу мүмкін емес деген пікірде.

– Ресей – біздің жауымыз емес, алпауыт көршіміз. Жеті жарым мың километр ортақ шекара бар, айналымы 20 миллиардтан астам қаржыны құрайтын экономикалық байланыс бар. Сол себепті біз ешқашан құтыла алмаймыз. Мен Путиннің Қазақстанға ресми сапарынан еліміздің экономикалық ұпайының артқанын күтемін. Мүмкіндігінше жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылса, біздің өнімдер Ресей де көбірек сатылып, одан түскен салық бюджетке түссе, одан тек ұтамыз, – деді Сарым.

Саясаткер Ресей мен Украина арасындағы соғыста соңына дейін бейтарап болу керек дегенді келтірді. Мұндай жағдай елде болған күнде де Қазақстан әскерінің дайындығына күмәнмен қарайтынын айтты.

– Біздің мақсат –  Ресейге емес, Украинаға емес, өз ішімізге үңілу. Болып жатқан үрдісті мемлекет мүддесі тұрғысынан дұрыс талдап, сабақ алу. Бүгінде «ура-патриотизмнің», амбицияның уақыты өтті. Марқайып, айналаны ұрандатып, шаңдату бос тірлік. Тоқаевтың орнына кім келсе де, бір аптадан кейін осы саясатты ұстануға мәжбүр болады. Бұл біздің ойлап тапқанымыз емес. Сондықтан көрпеге қарап көсілеміз, яғни Қазақстанның ішкі және сыртқы жағдайын ескеру керек. Қазақстан бұл мәселеде сындарлы саясат ұстанып отыр, тек бірінші кезекте қорғанысты күшейтуі шарт, – деді Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы.


Бұл жерде тағы бір мәселенің шеті ақтарылды. Бүгінгі биліктің әрекетін Киевте, Парижде отырып талқылайтындар жайы шет қалмады.

Сарым «Қазақстан Ресейге соғыста көмектесіп жатыр» деген жалған ақпарат таратып отқан қазақ азаматтарына қарны ашатынын айтты. Себебі ондай жағдай орын алса, біз санкцияға баяғыда ілігер едік.


Ресейдегі президент сайлауы да тыс қалған жоқ. Бұл ретте Сарым Путин жеңеді деген сарында пікір айтты. Ал «Путинді қолдау соғысты қолдау ма?» деген сауалға саясаткер соғыстың Путиннің әрекетінен емес, қоғамдық пікірден туындағанын алға тартты.

Сұхбатта «әлемдік державалардың басшылары Қазақстанға неге келгіштеп кетті?» деген сұрақ тыс қалмады. Депутаттың айтуынша, орыс аюы мен қытай айдаһарының арасында жойылып кетпеудің тағы бір жолы – АҚШ-пен де күшті байланыс орнату арқылы шығар жол табу. Әзірге бұдан өзге оңтайлы жол жоқ. «Мен ғана білем, менікі ғана дұрыс» деген саясаттан бас тартып, қалай да мәмілеге келу жағын ойластырған дұрыс» деген ойда депутат.

Күн тәртібінде Түркі мемлекеттері ұйымының болашағы жайлы мәселе тұрғаны да белгілі. Қазақ пен өзбек, өзбек пен қырғыз, қырғыз бен тәжік ешқашан келісе алмайды деген әңгіме бос екенін дәлелдеді саммит. Ал аймақ саясаткерлері татуласа алатын болса, шешілмейтін түйін жоқ. «Көршілерімізді қорқып отырған «Тұран» – артық, қажетсіз әңгіме. Бос ұрандармен дүрлігудің қажеті жоқ. Болашақта не болатынын құдай біледі. Қазір бұған негіз жоқ»  дейді депутат. Қорыта айтқанда, Түркі мемлекеттерінің одағын сауда, геосаясат мәселесінде флагман ұйым етіп, дұрыс пайдаға асырған жөн.

– Осы уақытқа дейін біз 1994 жылғы Будапешт меморандумын қалқан етіп келсек, Украинадағы жағдай ол құжаттың күші жоқ екенін көрсетіп отыр. Сондықтан бес-он жыл дипломатиялық белсенділік қажет. Ядролық қаруы бар державалармен жеке дара келісім шарт жасасып, қауіпсіздігімізге кепіл болатын мемлекеттердің санын қайта жасақтау ләзім. Сөзсіз, Түркия мұның бастауы болуы тиіс,  – дейді ол.

Сонымен қатар Сарым Жаңа Қазақстан мен ескі Қазақстанның таласын тарқатты. Оның айтуынша, мұнай дәуірінде ақша табуды қалайтындар ескі Қазақстанда қалды, ал жаңа экономиканы жіті түсінетіндер «жаңақазақстандыққа» жатады.

Сөз соңында спикер «Бүгінгі күннің батыры кім?» деген сауалға «Сөзсіз, Тоқаев!» деген жауап қатты.

https://dalanews.kz/del-qazir/95299-qazaqstandagy-zayyrly-zhuyeni-qulatu

Рекомендовать
Последние новости