Ас беру мен құдайы тамақта жемқорлыққа қарсы уағыздар айту ұсынылды

Dalanews 11 апр. 2019 15:29 980

Астарда, құдайы тамақтарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы уағыздар айту ұсынылды. 

Қызылорда облысында құдайыларда, астарда сыбайлас жемқорлықтың зияндылығы туралы уағыздар айту туралы бастама көтерілді.

Бұл туралы аймақтағы түрлі діни ұйымдардың өкілдері қатысқан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы руханият пен адамгершілік» атты дөңгелек үстелде айтылды.


ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті облыстық ішкі саясат басқармасы және Дін мәселелерін зерттеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырған шараның мақсаты - діни бірлестіктердің әлеуетін пайдалана отырып сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске азаматтарды, оның ішінде жамағатты, діни қауым мүшелерін (прихожане) тарту.

Департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев:

"Бүкіл әлемде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жетекші құрал бола алатын діннің қоғамдық процесстерге ықпалы жыл сайын артып келеді. Дін қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мәдениетті қалыптастыруда үлкен әлеуетке ие. Сондықтан Департамент тарапынан халық көп жиналатын орындарда, құдайыларда, астарда мен өзге де діни іс-шараларда жемқорлыққа қарсы уағыздар айту ұсынылды"


- дейді.

Жиында сөйлеген Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Б.Камалов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілі Б.Абуов және Православтық шіркеу жетекшісі В.Иваншинин кісінің ақысын жеу, аманатқа қиянат жасау, пара беру мен пара алу, тіпті пара беруге үгіттеу де күнә екендігін айтты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілі Болатбек Абуов өз сөзінде: "Түпкілікті мақсатымыз бен міндетіміз - халықты имандылыққа, адалдыққа, адамгершілікке шақыру болғандықтан, халық арасында рухани адамгершілік пен адалдық құндылықтарын кеңінен насихаттауда бірлесіп жұмыс жасауды бірауыздан қолдаймыз", - деді.

Елімізде соңғы жылдары дінге бет бұрғандардың қатары артқан. Оның ішінде дін талаптарын ұстанатын жастар саны өскен. WIN/Gallup халықаралық ұйымының мәліметі бойынша елімізде өзін діни адаммын деп есептейтін азаматтардың үлесі 64 пайызды құрайды

Рекомендовать
Последние новости