Әр смартфоннан 4000 теңге: миллиардтар бюджетке емес, жеке компанияға кетіп жатыр

Көркем Алдабергенова 28 мая 2025 20:46

Павел Александров есімді эколог елге әкелінетін әр смартфон үшін жеке компанияға шамамен 4000 теңгеден төлем жасалатынын анықтады деп жазады Dalanews.kz Ақжайық порталына сілтеп.

Аталған төлемнің мемлекеттік бюджетке емес, жеке меншік кәсіпорынның қоржынына құйылатыны жұрттың наразылығын тудырып отыр.

2025 жылдың көктемінен бастап, Қазақстанда смартфондардың IMEI-кодтарын тіркеу жүйесі енгізілді. Осыған байланысты цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі елдегі смартфондарды «ақ», «сұр» және «қара» тізімге бөлген еді.

Абоненттік құрылғыларды бақылау мен идентификациялаудың арнайы ақпараттық жүйесі ашылып, онда әрбір азамат айына екі смартфон мен екі планшетті тегін тіркей алады. Ал заңды тұлғаларға бұлай істеу тегін емес – әрбір құрылғы үшін шамамен 4000 теңгеден төлеуге міндеттелген.

Қазақстанға жылына орта есеппен 4 млн-ға жуық смартфон ресми түрде әкелінеді. Демек, бұл тәртіпке сәйкес, жыл сайын импорттаушылардың қалтасынан шамамен 16 млрд теңге жеке меншік компанияға аударылады деген сөз. Сайып келгенде, мұның ауыртпалығын қарапайым халық көтеретіні анық. Ал осыншама мол қаражат бюджетке емес, 2023 жылы ғана құрылған жеке кәсіпорынға жіберілетіні – қоғамда күмәнді сауалдар туғызып отыр.

Аталған ірі көлемдегі қаражатты алушы – ТОО «ATS Mediafon KZ». Компания 2023 жылдың сәуірінде «ATS Advanced Telecom Solutions» атауымен құрылған. Негізгі қызметі – бағдарламалық кодтарды әзірлеу және тестілеу деп көрсетілген. Kompra.kz деректеріне қарағанда, компанияның директоры әрі құрылтайшысы – Владислав Сафаров есімді азамат. Ол сондай-ақ көтерме саудамен айналысатын «AVS ALLIANCE» және бағдарламалық-аппараттық кешендерді орнатумен шұғылданатын «KAZAKHSTAN HERITAGE» серіктестіктерін де басқарады екен.

Мемлекеттік органдардың бұл жағдайды байқамауы тіпті таңғалдырады. Себебі «ATS Mediafon KZ» осы уақытқа дейін ешқандай қызмет атқармаған, бюджетке бір теңге де салық төлемеген.

Соған қарамастан, миллиардтаған қаражатты иемденудің жолы ашылған. Қазірдің өзінде компания Headhunter порталында жалақысы жоғары үш бос орын жариялап үлгерген.

«Ақ Жайық» басылымы осыған орай құзырлы органдардан, әсіресе цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен мына сұрақтарға жауап беруін талап еткен екен:

  • Әрбір смартфонды тіркеу құны – шамамен 4000 теңге деген есеп қайдан алынған?
  • Неліктен аталған қаражат тек осы мақсат үшін жаңадан құрылған, жеке меншік фирманың шотына аударылуда?
  • Министрлік мұндай «делдал» компаниялардың құрылуына не себепті жол беріп отыр және оған көз жұма қарайтын себебі неде?

Рекомендовать
Последние новости