Ақтөбе облысында 9 жасар қызды құтқарамын деп мерт болған Бердіғалиевтің жары көмек сұрайды

Көркем Алдабергенова 26 июн. 2025 15:30

Көрші қызды құтқармақ болған кезде қаза тапқан Нұрбол Бердіғалиевтің жары жолдасының қандай адам және бапкер болғанын, оны шәкірттері мен жақындарының не үшін қадірлегенін айтып берді. Көп балалы ана әрі жесір келіншек қазіргі қиындықтары мен баспана мәселесі, балаларының болашағына алаңдаушылығы туралы да бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz Sportburo.kz порталына сілтеме жасап. 

– Өзіңіз және отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз. Нұрбол екеуіңіз қалай таныстыңыздар?
– Менің есімім - Бақытбай Ақбаян Ықыласқызы. 1993 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарлы ауылында дүниеге келдім. Нұрболмен 2013 жылы танысып, бірден отбасын құрдық. Оның ер азаматқа тән қасиеттері, сабырлылығы мен қамқорлығы бірден ұнады. Оның қазасынан кейін алты баламен қалдым: екі ұлым (2014 және 2015 жылы туған) және төрт қызым (2018, 2019, 2022 жылы туған), кенже қызымызға небәрі бес ай ғана болды.

– Жолдасыңыз қандай адам еді? Үйде, отбасында қандай еді? Оның қандай қасиеттерін ерекше бағалайсыз?
– Нұрбол өте тәртіпті, еңбекқор адам болатын. Таңнан ерте кетіп, кешке бір-ақ келетін. Бар уақытын жұмысына арнайтын. Түсте ғана үйге келіп, аздап демалып алып, қайта жаттығуға кететін. Сондай-ақ ол өте қамқор әке болды. Балаларын шын жақсы көріп, оларға барын беруге тырысатын – мейірімін, уақытын, жақсы тәрбиесін.

– Демек, жаттықтырушы болу - оның жай жұмысы емес, өмірінің мәні болғаны ғой?
– Иә, Нұрбол жұмысын жан-тәнімен сүйетін. Шәкірттері жарыстарда жеңіске жетсе, бірден демеуші іздеп, оларды ынталандыруға тырысатын. Ол үшін жаттықтырушы ғана емес, нағыз тәлімгер болатын. Кейде мен оған «бәрін шәкірттеріңе арнап кеттің» деп әзілдеп те ренжитінмін. Ол болса: «Олардың жеңісі – менің де нәтижем» дейтін. Өзінің мұқтажын ұмытып кетсе де, балалары мен шәкірттері үшін бәрін беруге дайын тұратын.

– Сіз оны өте жылы, шынайы еске алып отырсыз. Ал оның достары мен әріптестері не деп айтып жүретін еді?
– Ол спорт – менің өмірім, онсыз маған бәрі мәнсіз дейтін. Өзге бір іспен айналысуды тіпті елестете алмайтын. Достары, әріптестері, көршілері бір ауыздан: «Нұрбол - жаттықтырушы болу үшін туған, нағыз мұғалім еді», – деп айтып отыратын.

– Нұрбол өмірінің нағыз гүлденген кезінде өмірден өтті. Сіздердің қандай арман, жоспарларыңыз бар еді?
– Армандарымыз ортақ еді, жоспарымыз көп болды. Ол өз қолымен үйімізге асүй салып берді. Менің фастфуд пісіріп сату ісімді бастауым үшін. Бұл кәсібімді уақытша тоқтатуға мәжбүрмін, себебі қазір бес айлық баламен отырмын. Ол әрдайым: «Бұл - сенің ісің, жақсы алып кетесің» деп қолдайтын. Балалармен қанша шаршасам да, оның жанында болуға тырысатынмын. Біз бір-бірімізге тіреу едік.

– Қазіргі таңда отбасыңызды асырау үшін қандай қаржылық көзіңіз бар?
– Қазір мемлекеттен ай сайын 94 000 теңге жәрдемақы аламын. Осы қаражатпен балаларды асырап отырмын. Бұдан басқа табыс көзі жоқ.

– Сіз үйді мемлекеттік бағдарлама арқылы ипотекамен алғаныңызды айтып қалдыңыз. Ол әлі толық төленбеген екен. Осыған байланысты қоғамға қандай өтінішіңіз бар?
– Шыны керек, қазір өте қиын. Үйді 2019 жылдың қыркүйегінде мемлекеттік бағдарлама аясында сатып алдық. Ол кезде бағасы шамамен 2,5 миллион теңге еді. Барлық төлемдерді күйеуім өзі жасап келді, мен бұл жағына мүлде бас қатырмайтынмын. Қазір алты баламен жалғыз қалдым, не болатынын білмеймін. Үй әлі мемлекет меншігінде. Сол себепті оны отбасымыздың атына аударуға көмектесулеріңізді сұраймын. Бұл мәселе тезірек шешілсе екен деймін.

Еске сала кетейік, 17 маусымда Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарлы ауылында қайғылы оқиға болды. Мектеп оқушысы тереңдігі 10 метр болатын қараусыз қалған құдыққа құлап кеткен. Көмекке келген көршісі, еркін күрес жаттықтырушысы Нұрбол Бердіғалиев қызды құтқаруға ұмтылған, өкінішке қарай, ол да, 9 жастағы қыз бала да оқиға орнында көз жұмды.

Нұрбол Бердіғалиев 2017 жылы Жарлы ауылына қоныс аударып, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы қызметін атқарған. Осы уақыт ішінде ол ондаған республикалық және облыстық жарыс жеңімпаздарын тәрбиелеп үлгерген. Шамамен 20-ға жуық шәкірті спорт шеберлігіне кандидат атанған.


Рекомендовать
Последние новости