Ақтаудағы туризм колледжінің студенттері нан және кондитер өнімдерін шығара бастады

Dalanews 29 янв. 2023 07:19 902

27 қаңтарда өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Маңғыстау колледждеріндегі білім сапасы, сондай-ақ кадрларды даярлау мәселелері бойынша кеңес өтті, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Маңғыстау облысында 26 колледж бар. Онда 21 мыңнан астам студент білім алады. Оның 14 188-і (67,5%) мемлекеттік тапсырыс есебінен оқиды.

Қазіргі таңда колледждерде жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған бағдарламалар орындалып жатыр. Мәселен, «Жас маман» жобасы аясында 35 арнайы пән оқытушысы мен 58 өндірістік оқыту шебері арнайы курстан өтті. Яғни, олар оқу шеберханасында заманауи құрылғымен жұмыс істеу бойынша тәжірибе жинақтады. Облыс колледждерінде 17 құзыреттілік орталық, 22 шеберхана, 11 зертхана ашылды.

Сондай-ақ 2022 жылы демонстрациялық емтихан өтті. Осылайша, оқу үдерісіне WorldSkills бағалау жүйесі 40 пайызға енгізілді. Биыл бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

2023 жылдан бастап Маңғыстау туризм колледжі ұн өнімдерін дайындауды қолға алды. Мұнда «Аспаз, кондитер» мамандығының студенттері тоқаш, торт, құймақ сынды ұн өнімдерін әзірлейді.

Сонымен қатар колледж туризм саласындағы мамандарды да дайындайды. Жыл сайын жастар Rixos Aktau-да тәжірибеден өтеді.

– Маңғыстау туризм колледжі 2025 жылы халықаралық салалық аккредитациядан өтіп, әлемде сұранысқа ие мамандар даярлауды жоспарлап отыр. Орта арнаулы білім беру саласындағы тағы бір жаңалық - мектеп оқушыларын үш мамандық бойынша оқыту. 2023-2024 жылдары 10-11-сыныптарда оқитын 60 оқушы Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі мен Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжінің базасында автослесарь, газбен дәнекерлеуші, тігінші мамандықтарын меңгереді. Нәтижесінде, олар орта білім туралы аттестатпен бірге колледж аттестатына ие болады. Қазіргі таңда қажетті нормативтік-құқықтық құжаттар рәсімделіп, кәсіптік бағдар беру жұмыстары басталып кетті, – дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбану Қызылғұлова.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев колледждердегі оқу кабинеттерінің материалдық-техникалық базамен жабдықталуы жоғары деңгейде болу керек екенін атап өтті.

– Білім саласындағы жұмысты тең дәрежеде ұйымдастыру керек. Байқауларда жүлделі орын алмаған оқушылар мен ұстаздар шет қалмасын. Барлық студент сапалы білім алуы керек. Сондай-ақ оқу орындарын материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге қомақты қаржы бөлініп отыр. Бұл өз кезегінде оқушылардың жақсы білім мен тәрбие алуына септігін тигізеді. Бірақ, өкінішке қарай, алынған техниканың пайдаланылмай жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан материалдық базаны тиімді пайдаланудан қорықпаңыз. Бұл студенттердің білім алуына, тәжірибе жинақтауына және осы білімді есте сақтауына мүмкіндік береді. Осыны ескеруіңізді сұраймын», – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Рекомендовать
Последние новости