"Отбасы сторис үшін емес". Ажырасудың артында әлеуметтік желінің қысымы тұр

Көркем Алдабергенова 28 июл. 2025 14:30

Қазақстан әлемде жан басына шаққандағы ажырасу саны бойынша алдыңғы орындардың бірінде тұр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Интернет-маркетолог Ерлан Мұқашев бұған басты себеп – әлеуметтік желілер екенін айтады. Оның пікірінше, Instagram-дағы жылтырақ өмірге қарап, адамдар өз тіршілігін төмен бағалап, көңілі қалуда.

– Қазақстан неге әлемде ажырасу бойынша екінші орында тұр? Қаржы қиыншылығы ма, әлде опасыздық па деп ойлайсың ба? Жоқ, басты себеп – әлеуметтік желілер. Рилстардан біреудің көлік сыйлап жатқанын, Парижде таңғы ас ішіп отырғанын, гүл жапырақтарында шомылып жүргенін көресің. Ал өз өмірің – күнделікті күйбең тіршілік: баланың мазасыздығы, күйіп кеткен кешкі ас. Салыстырасың. Салыстырған сайын, өз өміріңнің қадірін түсіре бастайсың.

Сол кезде реніш, өкпе, көңіл толмаушылық пайда болады. Бірақ жанында жүрген адам – блогер емес, ол шын мәнінде сені үшін тырысып жүрген жан. Ол лайк үшін емес, сен үшін өмір сүріп жүр. Ал әлеуметтік желі – ол шындық емес, жай ғана әдемі кадрлар. Бұл – шоу. Сондықтан отбасыңды біреудің сторисімен өлшеме. Лентаны жауып, қасыңда жүрген адамға назар аудар, – деп кеңес береді сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың ажырасу көрсеткіштеріне қатты алаңдайтынын айтып, ажырасқан азаматтарға табыс салығын көтеру ұсынысын айтуы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Бұл ұсынысты саясаттанушы Ғазиз Әбішев өзінің сараптамалық жазбасында сынға алып, оны біздің қоғамдағы «махаббатқа мәжбүрлеу мәдениетінің» тағы бір көрінісі ретінде сипаттаған болатын. 

Сарапшы мұндай тәсілдің тек салық саясаты арқылы емес, қалыңдық ұрлау, бұрынғы әйелді аңду, тілге қысым жасау, радикалды діни үгіт, тіпті ультралибералдық идеологиядағы шектен шығу формасында да көрініс табатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құбылыстардың барлығында да адамдардан өз еркімен жақсы көруі талап етіледі. Нәтижесінде махаббатты күштеп нығайтамыз-мыс. “Ұнаса да, ұнамаса да, төзе бер, сұлуым” деген ұстаным сол ғасырлар қойнауынан жеткен мәдени штамп.

Сонымен қатар,Әбішев Ардақ Назаров ажырасқан адамдарды жазалау арқылы отбасын сақтап қалуды емес, қазақ қоғамындағы отбасы институтының дамуын тежейтін қадам ұсынып отыр деп есептейді. Мұндай мәжбүрлеу – отбасыны сақтау емес, керісінше, оның табиғи дамуын тежеу.


Рекомендовать
Последние новости