Мұнай бағасы соңғы бірнеше айдағы ең жоғары деңгейді игерді. Ресейдің мұнай секторына бағытталған жаңа америкалық санкциялардан кейін осылай болды. Бүгін, 13 қаңтарда Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 1,35 доллларға қымбаттап, бағасы 81,11 доллар болды. Ал West Texas Intermediate маркалы америкалық мұнай 1,40 долларға қымбаттап, бір баррелі 77,97 доллар болды, деп жазады Dalanews.kz.
Айта кетсек, АҚШ өткен жұмада, 10 қаңтарда Ресейдің энергетикалық секторына қарсы жаңа санкциялар енгізді. Мамандар бұл Ресейге жасалған ауыр соққы екенін айтып, болжам жасауда. Мұхиттың арғы жағындағылар бұл шешімі арқылы Байден кетіп бара жатып, Трампқа "тосынсый жасап кетті" деп шуласуда. Өйткені аталған санкциядан кейін, сарапшылар "АҚШ-тың өзінде жанар-жағармай қымбаттауы мүмкін" деген болжам жасасты. Ал қымбатшылықпен күрес кез келген биліктен әлеуеттің жасайтын ең бірінші талабы екені белгілі.
Қалай дегенмен де АҚШ Ұлттық экономикалық кеңесінің директоры Далип Сингх жаңа санкциялар Ресейге "айына миллиардтаған доллар" шығын әкеледі деп бағалайды. Өйткені санкциялар тізіміне Ресейдің төрт ірі мұнай өндірушілерінің екеуі ("Газпром нефть" және "Сургутнефтегаз"), ондаған мұнай сервистік кәсіпорындар, бүкіл әлем бойынша Ресей мұнайымен сауда жасайтын трейдерлер кіреді. Америкалық биліктің соңғы әрекеттері" Ресей мұнайының саудасына байланысты санкциялық тәуекелдерді едәуір арттырады " деп санайды АҚШ-тың қаржы министрлігі.
Сондай-ақ, АҚШ-тың санкцияларына "Газпром нефть" және "Сургутнефтегаздың" еншілес компаниялары да жатқызылды. Олардың қатарында "Газпромнефть Тәжікстан", Gazprom Neft International SA", "Газпромнефть-Қазақстан", "Газпромнефть Азия"(Қырғызстан)", "Мұнай мырза" (Қырғызстан), Сургутнефтегазбанк те бар.
Яғни, бұл санкцияға Қазақстанның әр өңірінде 78 бекеті бар "Газпромнефть-Қазақстан" жанар-жағармай құю желілері де еніп отыр. Оның салдары жайында келесі мақалада жазатын болатынбыз.
Ал Кремль жаңа санкцияларға байланысты мәлімдеме жасап та үлгерді: "Джо Байден әкімшілігі жаңа сайланған президент Дональд Трампқа Ресеймен арадағы қарым-қатынас бойынша "ең ауыр мұра" қалдыруға тырысқан секілді. Әлбетте, Ресей тарапы шектеулерді алып тастауды талап ететін болады".
Ал Ресей мұнайын сатып алушы Венгрия бағаның өсіміне байланысты одақтастармен келіссөздер жүргізетінін мәлімдеді, деп жазады Reuters-ке сілтеме жасап,EurAsia Daily.
"Бұл санкциялар пакеті Орталық Еуропаға тағы да үлкен қиындықтар туғызуда", — деді Сыртқы істер министрі Питер Сийярто.
Ол шикі мұнайдың азаюы жанар-жағармай, дизель және басқа да тазартылған отынға сұраныстың артуына, сәйкесінше өңірдегі бағаның қатты өсуіне әкеліп соғатынын болжайды, деп нақтылайды РБК.
Бұған дейін, яғни 2025 жылы 8 қаңтарда "Мұнай контрабандасы: Иранның көлеңкелі флоты санкциядағы басқа елдерге де көмектесіп келген" деген мақала жазған болатынбыз. Осы тақырыпта шетелдік БАҚ-та егжей-тегжейлі жарияланған зерттеуге қарап, сарапшылар кезекті санкция Ресейдің басты табыс көзі - мұнай секторына бағатталуы мүмкін екенін топшылаған.